Accessibility links

Ирақтың жасырын түрмесінде сүнні мұсылмандарының азапталғаны жөніндегі мәселені зерттеуге бұйрық берілді


Ирақтың жасырын түрмесінде сүнні мұсылмандарының азапталғаны жөніндегі хабарды зерттеуге бұйрық берілді. Ирақ өкімет басшысы Ибрагим әл-Жаафари осындай бұйрық бере отырып, 170-тен аса тұтқындардың азапталған белгілерінің бар екендігін де айтты. Оларды АҚШ әскерилері арнайы рейд кезінде Бағдатта тапқан.

Жексенбінің түнінде АҚШ әскерилері Бағдатта, İшкі істер министрлігі ғимараттарының біріндегі тар қапастан 170-тей тұтқынды тапқан. Олардың көпшілігі - сүнні мұсылмандары, дейді хабарлар. Бұл іс бойынша тергеу істері басталып кетті. Осы хабарға орай İшкі істер министрінің орынбасары Хусейн Камал қайран қалған сезімін білдірген екен. Сарапшылар мен саясатшылардың пікірінше, бұл жағдай Ирақ өкіметін ұятқа қалдырған іс болды. Ирақ Парламентіндегі тәуелсіз Күрд өкілі Махмуд Осман Азаттық радиосына былай деген болатын:

«Бұл - шынында таң қаларлық жағдай. Тіпті İшкі істер министрі Иервастың мәселеден хабарсыз болуы, министрліктің әлсіздігін көрсетеді. Азапталып жатқан 170 адам жайлы ол қалайша білмеген? Мұндайға жол беруге болмайды. Олардың қандай себеп айтатындығын білмеймін. Бұл - өкімет үшін үлкен проблема», - деді Осман мырза.

Ол министр Ауни Иервастың қызметінен кетуіне шақырды. Иервас мырза - Ирақтағы шиит мұсылмандарының Ирақ Ислам партиясы Жоғарғы кеңесіндегі ірі тұлғалардың бірі. Бадр бригадасы деген осы кеңестің әскери қанаты боп табылады. Бұл бригада сүнні мұсылмандарын еш сотсыз тұтқындап, азаптайды, деп бірнеше рет айыпталған болатын. Бұл жолы да алғашқы күдік аталған бригадаға түсіп отыр. Осман мырзаның айтуынша да, алғашқы күманға іліккен - осы Бадр бригадасы. Елдегі лаңкестік әрекеттермен күресте Бадр бригадасы İшкі істер министрлігіне және басқа да ұйымдарға көмектесіп келеді екен.

Лондондағы Экономикалық зерттеулер ұйымының Ирақ және басқа да өтпелі кезең елдеріне байланысты сарапшысы Яхия Сайдтың айтуынша, бұл оқиға сүннілер мен шиилер арасындағы бұрыннан бар жарықшақты одан әрі кеңейтетін сыңайлы. Исламдық партия деп аталатын елдегі ірі сүнні партиясы тұтқындардың азапталу оқиғасының халықаралық дәрежеде зерттелуін талап етуде. Партия өкілі Алаа Макки болса, тұтқындар жағдайына байланысты бұл оқиға үшін АҚШ-тың бастауындағы коалиция күштерін кіналап отыр.

«Олардың мақұлдауынсыз аталған жағдай орын алмас еді», - дейді Макки мырза.

Бұл оқиғаға байланысты өздерінің мазасызданып отырғандығын Құрама Штаттары айтуда. Мемлекеттік департаменттің айтуынша, Құрама Штаттары азаптау тәсілдерін қолданбайды және басқа елдер тарапынан оның қолданылуымен келіспейді. Ал, сүнні мұсылмандарының көрнекті саясаткері Хусейн Шукур Фаллужи болса елдегі сүнні арабтарды нысанаға алған күш қолдануларға тиісінше зерттеулер жүргізбеді, деп ел өкіметін айыптап отыр.
XS
SM
MD
LG