Accessibility links

Өзбекстан: “Әндіжан оқиғасы” бойынша сот пен оның өкімі халықаралық қауымдастықтың наразылығын туғызды


Өткен мамыр айындағы Әндіжан тұрғындарының ресми билікке қарсы бейбіт шеруін Өзбекстан үкіметінің аяусыз басып-жаншуына Батыс қауымдастығының наразылығы өзінің шыңырау шыңына жетті. Оның ішінде Еуропа одағы Өзбекстанға қару-жарақ сатуға эмбарго, яғни шектеу қойып, осы қантөгіске жауапты Өзбекстанның ең жоғарғы 12 басшысының Еуроодақ кеңістігіне аяқ басуына уақытша тыйым салды. Брюссельдің бұл шаралары ресми Ташкенттің осы сейсенбі күні “Әндіжан қантөгісіне” қатысты 15 күдіктіні 14 және 20 жыл мерзімдерге кесу туралы өкім шығаруымен қатар келді. Америка Құрама Штаттары да Өзбекстандағы осы сот процесін “әділетті емес” деп бағалап, оның өкіміне қарсы шықты.

Ташкенттегі сот процесі мен оның өкімі Өзбекстан мен Батыс қауымдастығы арасындағы онсыз да салқындап кеткен қарым-қатынасты тіпті мұздатып жіберді. Осы сейсенбі күні Өзбекстанның Жоғарғы соты “13-інші мамыр күні Әндіжан қаласындағы халық толқуын ұйымдастырды” деген айып бойынша 15 күдіктіні ұзақ мерзімдерге бас бостандықтарынан айыратын өкім шығарды. Соттың өкіміне сәйкес, күдіктілер Өзбекстанның конституциялық билігін күштеп құлатып, елде “Ислам халифатын” орнатпақ болған және осы іс-әрекеттің салдарынан 187 адам, оның ішінде негізінен армия жауынгерлері мен құқық сақшылары құрбан болған көрінеді.

Ресми Вашингтон мен Брюссель Әндіжанда болған оқиғаның өзбек үкіметі сипаттаған “желісіне” күмән келтіріп, Өзбекстанның қауіпсіздік күштері жүздеген қарусыз халыққа оқ жаудырып, жаппай қырды деп санайды. Сол себепті де АҚШ пен Еуроодақ “Әндіжан оқиғасына” тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізуді бірнеше рет талап етті. Бірақ өзбек лидері И.Кәрімов оған рұқсат бермей қойды. Ташкентте Жоғарғы сот өкім шығарған осы сейсенбі күні Еуроодақ Өзбекстанға қару-жарақ сатуға эмбарго немесе шектеу қойып, өзбек үкіметінің ең жоғарғы 12 басшысының Еуроодақ елдеріне келуіне уақытша – 1 жыл мерзімге тыйым салды. Ресми Брюссельдің мәлімдеуінше, осы “визалық шектеу” шарасы “Әндіжандағы халық толқуынның жай-жапсарын анықтамай, оны күштеп басуға тікелей жауапты билік өкілдеріне қарсы” және осы қанды оқиғаның себеп-салдарына тәуелсіз тергеу жүргізуге рұқсат бермеген ресми билікке қарсы қабылданып отыр”. Еуроодақтың сыртқы саясаты бойынша өкілі Кристина Галлак атап көрсеткендей, бұл жаза – Еуроодақтың Өзбекстандағы ахуалға қаншалықты мән беріп отырғанын айқын көрсетеді. Ал Вашингтонда Мемлекеттік департаменттің өкілі Адам Эрели Ташкенттегі соттың өкімін Ақ үйдің наразылықпен қабылдағанын хабарлады.

“Жақсы, біз бұл өкімдерді бұлтартпайтын дәлелдерге негізделмеген және сот процесін әділ емес деп есептейміз. Біз бұл уәждерімізді сонау бастан айтып келдік. Менің ендігі жерде айтарым: Әндіжандағы оқиғаға ешқандай тәуелсіз тергеудің болмағанын тағы да қайталаймын”, - деді Адам Эрели.

Осы күні Америка Құрама Штаттары да Өзбекстанға жаза қолдану мәселесін қарастыру үстінде. Женевада БҰҰ-ының адам құқықтары бойынша Жоғарғы Комиссары Луиза Арбур ханым да Ташкенттегі сот процесіне наразылық білдіріп, сотталған әлгі 15 күдіктіге әділ сотқа жүгіну мүмкіндігін беру керек деп мәлімдеді. Жоғарғы соттың өкімін Өзбекстанның өз ішінде де күдікпен қабылдаған тәрізді. Сот өкімі шыққан сейсенбі күні Ташкентте “Азаттыққа” берген сұхбатында аты-жөнін атамаған бір ер кісінің айтқан мына пікірі соған бірден-бір дәлел бола алады:

“Менің пікірімше, бұл сот процесі “сот” деген ұғымға тіпті ұқсамады. Мен оны теледидардан көріп бақыладым. Күн сайын бір көрініс – бір әңгіме, барлығының жатып кеп мойындап жатқаны... Жауапқа тартылғандар – жаттап алған сөздерін күн сайын қайталай беретін тұтықұсқа ұқсады...”

Өзбекстанда не болмасын, Батыс қоғамының барлығы оған Батыс елдерінің көзқарасы дұрыс болды деп санамайды. АҚШ-тың Джон Хопкинс университетіндегі Орта Азия және Кавказды зерттеу Институтының директоры Сванте Корнелл (Svante Cornell), мысалға, “...адамдардың Батысқа сапарға барып, Батыспен байланыста болуына бөгет жасау – жүзеге асыруға болатын ең нашар шара сияқты”, деп санайды.

С.Корнелдің пікірінше, Батыс елдері Орта Азия қоғамының саяси реформаларға түбегейлі қарсы күштеріне, атап айтқанда – ішкі істер минисліктері мен сот жүйесі сынды құрылымдарына ықпал ете алмайды.

“Ресми тұлғалардың Батыспен араласуына тосқауыл қою, керісінше, осы қоғамдардағы (яғни, Орта Азия елдеріндегі. С.А.) кертартпа, “өктемшіл” және реформаға қарсы шектеулі элементтерге қуат береді”, - деді С.КОРНЕЛЛ.

“Қауіпсіздік туралы” осы дүйсенбіде Мәскеуде қол қойылған өзбек-орыс келісімін мысалға келтіре отырып Сванте Корнел Батыс Өзбекстанға қару-жарақты Ресейден алуына “көмектесті” деп атап көрсетті.
XS
SM
MD
LG