Accessibility links

Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге қосылуы елдегі еңбек құқығының қорғалуын жақсарта ма?


Дүйсенбі күні Алматы қаласындағы «Құлагер» ықшамауданда «Ақ Жол» құрылыс компаниясы жүргізіп жатқан тұрғын үй құрылысында еңбек етіп жатқан бір топ жұмысшы кәсіпорын өздеріне айлық жалақыны бірнеше ай бойы төлемей келе жатқанына наразылық танытып, бірнеше адам өздеріне тиесілі ақшаның төленуін талап етіп, құрылыс маңында аштық жариялайтындарын мәлімдеді.

Қарашаның 21-күні кешкісін оларды полиция қызметкерлері Жетісу аудандық ішкі істер басқармасына күшпен жеткізіп, түнгі сағат 23-терге дейін ұстап, олардан түсініктемелер жаздырып алған соң барып қоя берген. Бұл туралы «Ақ Жол» құрылыс компаниясында келісім-шарт бойынша жұмыс істеп, алайда соңғы 3 ай бойы өзіне тиесілі айлық жалақы алмағаны үшін наразылық шеруіне қатысқандардың бірі –Марат Әбділдаев айтты. Алматыға жұмыс пен табыс іздеп Тараздан келген Марат өзімен бірге жұмыс істеген 24 адамның 4 күн бойы өздеріне тиесілі ақшаны күткенін, ақыры болмаған соң әлгіндей наразылықпен кәсіпорын әкімшілігіне өз талаптарын қойғанын айтты.

«Біздің адамдардың арасында екі жұмысшы аштық акциясын бастамақшы болды. Бірақ, кенет пайда болған полиция қызметкерлері бұған жол бермей, жұмысшыларды күшпен Жетісу аудандық ішкі істер басқармасына апарып, сонда жауап алған соң, түн ортасына таман қоя берді», - дейді Марат Әбділдаев.

Сейсенбі күні бұл мәселеге байланысты Жетісу аудандық ішкі істер басқармасының тиісті адамдарынан «Азаттық» тілшісіне жауап беретін адам табылмады, кезекші офицер түнде болған кісілердің күндіз демалып жатқанын, ал өзінің бұл жөнінде хабары жоқ екенін айтып, шығарып салды.

Ал «Ақ Жол» құрылыс компаниясының заңгері Роман Краевский жұмысшылар мен компания арасында жасалған келісім-шарт бойынша жұмысшыларға екі-үш реттен көп көлемде ақша алдын-ала берілген дейді.

«Олар оның бір бөлігін айлық ретінде ұстаса, қалған бөлігіне құрылыс жұмысын жүргізуге қажет сауыт-саймандар және жұмыс киімдерін сатып алулары тиісті болатын. Егерде ақша олардың қолына тимесе онда оны жолдан ұрлап пайда тауып жүрген біреулердің болғаны, соны анықтау біздің міндетіміз болмақ, ал жұмысшылар өкілдерін осы мәселені шешуге қатысты арнайы құрылған комиссия құрамына кіргіземіз», - деді компания заңгері.

Заңгер Серікқали Жақыповтың айтуынша, егерде компания келісім шартта көрсетілгендей жұмысшыларға беруге тиісті айлық жалақыларын төлемесе, онда жұмысшылар компанияны сотқа бере алады.

«Егер сот дұрыс шешім шығармаса, онда соттың жоғарғы сатысына немесе прокуратураға шағымдана алады. Ал егер жұмысшылар мен компания арасында келісімде аштық жариялау, митинг, шерулерін өткізу туралы нақты айтылмаса, онда жұмысшылардың бұлай өздігінен жұмысты тастап, наразылық танытулары заңсыз болмақ. Қазақстан заңы бойынша олар ондай іс-әрекетке бармас бұрын осы мақсаттары туралы жергілікті әкімшілікке екі апта бұрын хабарлап, арнайы рұқсат алулары тиіс. Ал ондай заң талабын орындамаған болса, онда жұмысшылардың бұл наразылықтары заңсыз деп есептеледі. Заңда солай көрсетілген», - дейді заңгер С.Жақыпов.

Қарашаның 21-күні Қазақстан президенті Н.Назарбаев «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пактіні бекіту туралы» заңға қол қойды. Бұл халықаралық пактіге біріккен елдерге еңбек ету құқығы, еңбек етуге қолайлы әрі әділетті жағдай жасау, экономикалық және әлеуметтік мүддені қорғау үшін кәсіподақ ұйымдарын құру, әлеуметтік сақтандырумен қоса әлеуметтік қамсыздандыру құқығы секілді міндеттемелер жүктеледі. Халықаралық пактіге қосылған мемлекеттер жыл сайын елдегі адам құқығының қорғалу жағдайы туралы ақпарат беріп отыруға міндетті болып табылады.
XS
SM
MD
LG