Accessibility links

ENEMO ұйымы Қазақстандағы президент сайлауын басқа бір халықаралық ұйымның аясында бақылайтын болды


Қазақстандағы президент сайлауын бақылауға келген ENEMO халықаралық сайлауды қадағалаушы ұйымдар желісінің 40 сарапшысы американдық Ұлттық демократиялық институты ұйымының аясында осы сайлауды бақылайтын болды. Себебі, Қазақстанның билік орындары бұл еуропалық ұйымға халықаралық бақылаушы ретінде осы сайлауды дербес қадағалауына рұқсат бермей қойды.

2001 жылы құрылған аталмыш ұйымның құрамында Шығыс Еуропа мен бұрынғы Кеңес одағы елдерінің үкіметтік емес ұйымдарының сарапшылары бар. Сайлауды қадағалаушы ұйымдардың Еуропалық желісінің (ENEMO) Қазақстанға келген бақылаушылар тобының жетекшісі Сергей Ткаченко өздерінің осыдан бір ай бұрын Қазақстанға келіп, сайлауға халықаралық бақылаушы ретінде қатысу үшін сыртқы істер министрлігіне тиісті құжаттарын тапсырғандықтарын айтады. Алайда, Орталық сайлау комиссиясы аталмыш ұйым Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңына сәйкес халықаралық ұйым ретінде танылмайды деп тауып, оларды халықаралық бақылаушылар ретінде тіркеуден бас тартқан.

“Түрлі-түсті төңкерістер орын алған Украина мен Қырғызстандағы және басқа да елдердегі сайлауларға халықаралық бақылаушы ретінде қатысқан біздер сыртқы істер министрлігіне сайлауды қадағалаушы ұйымдардың Еуропалық желісін халықаралық ұйым екендігін дәлелдейтін құжаттарымызды алға тартқанымызбен одан түк шықпады. Осыдан кейін бізге басқа халықаралық ұйым өкілдіктеріне қайырылуға тура келді”, - дейді Сергей Ткаченко.

Оның айтуынша, осыдан кейін ENEMO бақылаушылары Қазақстандағы сайлауды бақылауға американдық халықаралық ұйым - Ұлттық демократиялық институттың аясында жұмыс істеуге рұқсат алып, тіркеуден өтіпті.

Сергей Ткаченко аталмыш ұйым аккредитация алғанға дейін кейбір бақылаушылардың Қазақстанда болу мерзімінің аяқталғанына орай олардың кері қайтуына тура келгендігін айтады. Ал ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен жоғарыдағы мәселеге байланысты қарашаның 24-күні «Азаттық» радиосына былай деді:

«Заң бойынша халықаралық ұйымдар мен шетелдік бақылаушылардың құжаттары “халықаралық ұйым” деген статусқа сай болуы керек. Ал сәйкес келмесе, олар ренжімеуі керек. Заңды ұйымды тіркемеуге біздің де құқығымыз жоқ. Бұлар, тәрізі, халықаралық деп танылмаған ұйымдар. Сол себепті тіркелмей жатыр».

Әйткенмен де, ENEMO өкілдері енді Ұлттық демократиялық институттың аясында сайлауды бақылау ісіне қатысатын болды.

«Ұйымның ұзақ мерзімді 10 бақылаушысы Маңғыстау, Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола мен Алматы облыстарында іске кірісті, сайлау күнгі дауыс беру және дауыс санау барысында ұйымның қысқа мерзімді тағы 30 сарапшысы бақылау жасайды. Бар назарымызды дауыс беру барысына аударатын боламыз”, - дейді ENEMO ұйымынан Қазақстанға келген бақылаушылар тобының жетекшісі Сергей Ткаченко.

Кейбір сарапшылар Қазақстан билігінің еуропалық ұйымды дербес бақылаушы ретінде тіркемей қоюына бұл ұйымның осы уақытқа дейін өзге елдерде өткен сайлауларға берген бағасымен де байланысты деп түсіндіреді.

«ENEMO ұйымы 3-4 жылдан бері Еуропа елдеріндегі сайлауларды бақылап жүрген ұйым. Менің ойымша, оларды тіркемеудің негізгі себебі - бұл ұйым көп нәрсені ашық көрсетіп, баға бере алады. Осыдан біздің үкіметіміз қорыққан болуы керек. Әйтпесе, сайлауларға халықаралық бақылаушылар есебінде қатысып жүрген Сайлауды қадағалаушы ұйымдардың Еуропалық желісін (ENEMO) бүгінге дейін өзге ешбір елде тіркемей қалу деген болмаған. Бұл ұйым өкілдері Албаниядағы сайлауды бақылады. Қырғызстандағы сайлауды бақылауға мен өзім бастап бардым. Бірақ, еш жерде мынадай оқиға болмаған. Сондықтан әділ сайлау өткіземіз деп отырып, мұндай оқиғалардың орын алуы ұят. Мұндай жағдай Белоруссияда болуы керек еді, Қазақстанда болмауы керек еді”, - дейді, соңғы бірнеше жыл бойы ТМД елдеріндегі өткен сайлауларға бақылаушы ретінде қатысқан қазақстандық сарапшы Дос Көшім.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының қарашаның 24-күнгі деректері бойынша, осы уақытқа дейін елде алдағы президент сайлауын бақылауға 809 халықаралық бақылаушы тіркеуден өткен.
XS
SM
MD
LG