Accessibility links

Оппозициядан кандидат Ж.Тұяқбайдың үгітшілері жоғалып, табылды


Қазақстан президенттігінен үміткер, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың сайлау штабының өкілдері соңғы кездердегі жұмыстарына заң қызметкерлерінің кедергілері жиілеп отырғандығы мен бұған байланысты шағымға құзырлы органдардың уәжі өздерін қанағаттандырмайтындығын айтады.

Президенттіктен үміткер Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі әрі Алматы қалалық сайлау штабының басшысы Асылбек Қожахметов белгісіз біреулер бес үгітші-насихатшыларын қаладан кетуге мәжбүрлеп, қайтып келмеуді талап еткен әрекеттің анықталғанын айтады. 27 қарашаға қараған түнде үгіт-насихатшылардың жалға алып тұрып жатқан пәтеріне алдап кірген бес адам үгітшілерге мәжбүрлі түрде «штаб қызметкерлері келісілген еңбек ақыларымызды бермей қойды» деген арыз жазғызып алып, Жамбыл облысы Қордай бекетіне дейін апарып, ары қарай Тараз қаласындағы үйлеріне кетулерін талап еткен.

«Дегенмен үш үгіт-насихатшымыз қайтып келіп, жұмыстарына кірісіп жатыр. Олардың жоғалып кетуі мен туысқандарына, өздеріне көрсетілген қысым бойынша заңгерлеріміз құзырлы органдарға арыз тапсырды», - дейді Асылбек Қожахметов.

Ол өздерінің сайлау штабтарына қарсы бұл әрекетті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұйымдастырған деп санайды. Ал президенттіктен үміткер Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі, сайлау компаниясының басшысы Болат Әбілев 19 қарашадағы қалалық штабты бейнетаспаға жасырын түсіріп тұрған жерінен әшкере болған полиция қызметкері И.Кислицинаның ісіне қатысты қалалық ішкі істер департаментінің бастығы М.Оразалиевтің: «Бейнетаспаға түсіру жөнінде ешқандай тапсырма болған жоқ. Бейнетаспаға түсіру Кислицинаның өзінің бастамасы» деп, 27 қарашадағы берген жауабы екіұшты екенін айтады.

Осы жайтқа орай қалалық ішкі істер департаментіне хабарласқан «Азаттық» радиосына осы мекеменің баспасөз қызметкері Арман Жусанбай бұл жайтқа орай ешқандай түсініктеме бере алмайтындықтарын жеткізді.

Дегенмен Асылбек Қожахметов жоғарыда аталған жайтқа орай өзіне жолдаған заңға қайшы жауабы үшін қалалық ішкі істер департаментінің бастығы қызметінен кетуі керек дейді. Сондай-ақ, Асылбек Қожахметов Алматы қалалық маслихатының митингі, жиындарды және қоғамдық-саяси мақсаттағы өзге де көпшілік шараларды тек Сарыарқа кинотеатры артындағы алаңқайда өткізу қажет деген байламымен келіспей сотқа беріп, шешімін күтіп отырғанын айтады.
XS
SM
MD
LG