Accessibility links

Иранда тұрып жатқан өзбек босқындары тұйыққа тірелді


Иранда 1990 жылдардан бері ондаған өзбек босқыны тұрып жатыр. Бұлар Өзбекстанда діни белсенділік танытқандарға қысым күшейгенде қашқандар, не болмаса өзбек үкіметі террористік деп таныған "Өзбекстан ислам қозғалысына" қатысқандар, олардың бала-шағасы. Бұл өзбек босқындардың тұрмыстары өте нашар екені анықталып отыр. Босқындарға Иранда тиісті жағдай жасалмаған, еліне қайтса олар қудалауға тап болады, ал БҰҰ босқындар жөніндегі басқармасы олардың мәселесін әлі шешпей келеді.

Иран астанасы Тегеранның маңындағы Варамин қаласындағы босқындар қосында 37 өзбек босқыны тұрып жатыр. Олардың сегізі ер азамат, жетеуі әйел азамат. Босқындар қосында алды 12 жаста, арты бір жарым жаста 21 бала бар. Өзбек босқындары мұнда тамыз айынан бері тұрып жатыр. Босқындардың арасындағы жасы ең үлкен, 44-жасар Бахром "Азаттық" радиосына берген сұхбатында тұрмыс жағдайымыз өте нашар дейді. "Тұрып жатқан үйіміздің не есігі, не терезесі жоқ, тамақ нашар, күніне бір уақыт күріш пісіріп береді, күн суығалы бері балаларымыз ауру, еш бір дәрігер келген жоқ", - дейді Бахром.

Бұл босқындардың сыртында шағындау екі өзбек босқындарының тобы Иранның Захидан және Машхад қалаларында тұрып жатыр. Бұлардың көпшілігі Өзбекстаннан 1990 жылдары қашқан, кейбіреулері "Өзбекстан ислам қозғалысына" қатысқан. Өзбекстан да, Америка Құрама Штаттары да бұл ұйымды террорлық деп таниды. "Өзбекстан ислам қозғалысының" жауынгерлері Ауғанстанда Талибан әскерімен сыбайлас болған делінеді. "Өзбекстан ислам қозғалысының" сарбаздары 1999 және 2000 жылдары Өзбекстан мен Қырғызстанға қарсы жорықтарға қатысқан. АҚШ әскері 2001 жылы 11 қыркүйек шабуылдарынан соң "Әл Қаиданың" Ауғанстандағы базаларын бомбылай бастағанда Бахром сияқты өзбек босқындары алдымен Пәкістанға, сосын Иранға қашқан. Бахром және оның тағдырластары "Өзбекстан ислам қозғалысының" әскери қимылдарына қатысқан жоқпыз дейді. Дегенмен олар Өзбекстанға оралса сотқа тартылады.

Ирандағы өзбек босқындар тұрмысымыз өте нашар деп шағым айтып отыр. Бахром Захидан қаласында тұрып жатқан 40 босқынның тұрмысынан бір мысал келтіреді. Мұнда екіқабат босқын әйел ауырып қалып, баласы өлі туған екен. "Бұл әйел бұдан кейін қатты қиналса да БҰҰ ұйымы тарапынан, "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымы тарапынан көмек көрсетілмеді. Дәрігерлер 300 доллар сұрады, жақын маңда тұратын ирандықтарға қара жұмысқа жалданып, қажет ақшаны бәріміз жинап бердік", - дейді Бахром.

Бұл босқындардың мәселесі БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғары комиссариатына таныс. Женевада орналасқан агенттіктің өкілі Астрид ван Джендерен Шторт босқындардың жағдайы мәз емес екенін білеміз, алайда Иран үкіметі босқындар ауылдарына барып, тұрмыстарын көруге рұқсат бермей отыр, екіқабат әйелді көруге дәрігер жолдаған едік, оны да кіргізбей қойды дейді. Астрид ван Джендерен Шторт бұл азаматтарға босқын мәртебесін беру мәселесі қиын болса да қаралып жатыр дейді:

- Бұлардың ісі біраз қиындау болып тұр. Олар көптеген елдерде болған екен. Бұл көптеген мемлекеттермен байланыс құрып, олардың түпкілікті жағдайларын екі рет тексеруіміз керек. Менім әзірше білетінім – олар Пәкістанда болған, сосын Иранға бет алған. Пәкістаннан олардың неге кеткенін білмеймін. Бірақ бұл өте маңызды мәселе, зерттеуші топтардағы әріптестіріміз мұны анықтап жатыр.

"Азаттық" радиосына өзбек босқындарының атынан сұхбат берген Бахром болса босқындардың заң мәртебесін беру өтініштеріміз сергелдеңге салынып отыр деп алаңдайды. Оларға БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғары комиссариаты Пәкістанның екі қаласындағы өкілдері қарамақайшы мәлімет айтқан. БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғары комиссариатының Женевадағы бас кеңсесі өзбек босқындарының мәселелері қалай шешілетінін дәл айта алмай отыр. Дегенмен олар бұл мәселеге баса назар аударымыз дейді.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG