Accessibility links

"Қазақгейт" жайында америкалық баспасөзде тың мәлімет жария етілді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар "Қазақгейт" ісі жайында америкалық баспасөзде қарашаның 30-да тың мәлімет жария етілді. Іс бойынша америкалық кәсіпкер Джеймс Гиффен президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және бұрынғы бас министр Нұрлан Балғымбаевқа 84 миллион доллар пара берген деп айыпталып отыр. Сот көкек айының 24-де басталмақ. "Блюмберг" ақпарат компаниясы сот тергеуі жайында тың мәлімет ашты, оған қарағанда Джеймс Гиффен президент Назарбаевтың құпия қаржы тапсырмаларын Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік мүддесіне бола орындадым деп бұрып отыр.

Аса үлкен қаржы сомаларына қатысты қылмыс істері АҚШ заң жүйесінде жылдап қаралатыны белгілі. Джеймс Гифенның айыпталғанына үш жылдай болды, соттың әзірше тек алдын-ала мәжілісі өтті. Джеймс Гиффен "Шетелдерде коррупциялық қылмыс жасау" деген АҚШ заңы бойынша айыпталып отыр. АҚШ азаматтарына шетелдерде жүрсе де коррупциялық қылмыс жасауға тиым салынған. Гиффен 1990 жылдары "Мобил" сияқты америкалық мұнай компаниялары мен Қазақстан үкіметі арасында ресми делдал болған, ақшаның бір бөлігі оның "Меркатор" компаниясы арқылы жүріп отырған. АҚШ прокуратурасы Гиффен Қазақстанның екі басшысына пара төлеп, америкалық мұнай компанияларына ұтымды контракт алып берген дейді. Джеймс Гиффенның адвокаттары Назарбаевқа "пара" емес, "құнды заттар" берілді деген бір уәжін алға тартып отыр. Және дейді Гиффенның адвокаттары, бұл "құнды заттарды" Гиффен Назарбаевқа АҚШ үкімет мекемелерінің астыртын келісімімен берді, Гиффен АҚШ мемлекеттік мүддесіне қызмет етті деп отыр. Прокуратура Гифенның қимылдары АҚШ үкіметі тарапынан мақұлданбаған, Гиффен АҚШ барлау мекемесіне тек совет заманында қызмет еткен дейді.

"Блюмберг" ақпарат компаниясының хабарына қарағанда, Джеймс Гиффен сот төрешісіне 21 бет құжат тапсырды, онда ол АҚШ үкіметіне 30 жыл қызмет еттім деп баяндайды. Джеймс Гиффен АҚШ барлау мекемесінің ресми өкілдеріне мұнай саласында сыбайласқан жемқорлық деңгейі өте биік деп хабарлап отырғынмын дейді. 1996 жылы 27 шілдемен белгіленген бір құжатта Гифенның мәліметі АҚШ үкіметінде қанағат танытылып қабылданған делінеді. Дегенмен, бұл дәйектемеде құжатты дәл кім жазғаны көрсетілмеген және құжат АҚШ үкімет орындарының қызмет бабындағы пайдалануға бағытталған делінген. Гиффен жолдаған мәлімет бір сәтте АҚШ президентіне де баяндалған делінеді. Қай президент екені жазбаларда көрсетілмеген. Джеймс Гиффенның адвокаттары Гиффенды жақтайтын ресми құжаттар баршылық, АҚШ барлау мекемелеріне қатысты құжаттар толық ашылсын деп талап етіп отыр. Прокуратура бұған үзілді-кесілді қарсы, прокуратура өз тарапынан сотқа өтініш жасап, адвокаттардың өтінішін қабылдамауды сұрап отыр.

Адвокаттар ұсынған жаңа құжатта президент Назарбаевтың құпия есеп-шоттарды ашқызғанын Джеймс Гиффен АҚШ билік орындарына дер кезінде хабарлап отырған делінеді. Джеймс Гиффен 1995 жылы президент Назарбаевтың кеңесшісі болып тағайындалған делінеді. Президент Назарбаев былтыр мамыр айында Қазақстан теледидарында сөйлегенде Гиффен менім кеңесшім емес, бұрынғы бас министр Әкежан Қажыгелдинның сырттай кеңесшісі болған және Гиффен жасаған контрактілерді Қазақстан мұнайшылары жоғары бағалап отыр, Гиффенмен басқа байланысымыз жоқ деп деп мәлімдеген.

Адвокаттардың хаттарында Гиффен Назарбаевтың бірнеше құпия есеп-шоттарды ашқызғанын, бұл шаруаны Гиффенге тапсырғанын Гиффен АҚШ үкімет орындарына хабарлаған делінеді. Назарбаев "құпия есеп- шоттар жайында не мұнай компаниялары, не Қазақстан үкіметінің басқа мүшелері, не Қазақстан қоғамы білмесін, ақшаны өзім бақылаймын" деп бұйырды деп Гиффен дер кезінде Вашингтонға жеткізіп тұрған делінеді. Адвокаттардың бұл жерде көздеп отырғаны – Гиффен айыпталып отырған істерді өздігінен атқармаған-мыс, оның Қазақстандағы қимылдары жайында АҚШ үкімет орындарының өкілдері біліп отырған, үнсіз болса да қолдап отырған-мыс.

Қазақстан үкіметі құпия-есеп шоттардың болғанын мойындап, олар Қазақстан экономикасының мүддесі үшін қажет болды деп айтқан. Мәселе Қазақстан парламентінде оппозициялық депутаттар тарапынан алғаш көтерілгенде 2003 жылы мамырда сол кездегі бас министр Иманғали Тасмағамбетов депутаттарға келіп, есеп берген. Тасмағамбетов құпия шоттар ел қауіпсіздігі үшін, экономика тұрақтылығы үшін ашылған, мұнайдан түскен қыруар қаржы шетелдердегі банктерде қосымша қор ретінде сақталды, оның әр центі мұқият бақыланып отырды деген.

Прокуратураның дәйектемесінде, дейді "Блюмберг" ақпарат компаниясы, АҚШ үкімет орындары Гиффенмен арадағы қатынастарын 1980 жылдардың ортасында үзген делінеді. Иә, Гиффен 1970 жылдардың басында АҚШ барлау мекемесімен байланыста болған, Совет Одағында жүріп, мәлімет жеткізіп тұрған делінеді. Бірақ Гиффен Совет КГБ-сының офицерлерімен жақындасып кеткені ашылған, совет КГБ-сының ықпалына түсіп қалған болатын, сондықтан онымен қатынас үзілген делінеді. Прокуратура Гиффен пара төлеуге АҚШ үкіметінен рұқсат алмаған дейді және Гиффенның Қазақстандағы қимылдарын АҚШ үкімет орындары мақұлдамаған дейді. "Қазақгейт" мәселесін Қазақстан оппозициясы соңғы жылдары қатты көтеріп жүр. Қазақстан үкіметі "Қазақгейт" ісі –америкалық азаматтың үстінен өтіп жатқан сот,оған еш қатысымыз жоқ, "Қазақгейт" мәселесін оппозиция қоздырып жүр дейді. "Қазақгейтке" қатысым жоқ деп Ресейдің "Новые известия" газетінде өткен айда бұрынғы бас министр Нұрлан Балғымбаев та айтқан болатын. Мәселенің анық қанығына жетуге тиіс америкалық сот көкек айында басталмақ.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG