Accessibility links

“Exit Poll” жүргізген қоғамдық ұйымдар Қазақстанда президент сайлауы күні өздері жүргізген сауалнама қорытындыларын жариялады


“Exit Poll” жүргізген қоғамдық ұйымдар мен зерттеу институттарының өкілдері бұл сайлауда қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаев жоғары басымдылықпен халық дауысына ие болғандығын айтты.

Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ, республиканың барлық облыс орталығы мен 41 елді мекеніндегі 313 сайлау учаскесіне дауыс беруге арнайы келген 300000-ға жуық адамға сұрау салған Қазақстан әлеуметтанушылары мен саясаттанушылары қауымдастығының мәліметі бойынша, республикадағы дауыс берушілердің - 86,9 пайызы Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өз дауысын берсе, Жармахан Тұяқбайға - 8,41 пайыз, Әлиханға Бәйменовқа - 2,51 пайыз, Ерасыл Әбілқасымовқа - 1,04 пайыз, М.Елеусізовке - 0,78 пайыз адам сенім көрсеткен. Бұл туралы аталған қауымдастық төрайымы Бақытжамал Бектұрғанова мәлім етті.

Қазақстанның 8 облысы және Алматы, Астана қалаларында 400 сайлау бөлімшесінде 16000 адамға сұрау салған Қазақстандық болжау және ақпараттық әлеуметтік-экономикалық институтының мәліметі бойынша, сайлаушылардың 77,65 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа, 13,42 пайызы оппозицияның үміткері Жармахан Тұяқбайға дауыстарын берген. Аталмыш институттың директоры Сәбит Жүсіповтің айтуынша, әлеуметтік зерттеулер 10 күн сайын бір реттен өткізіліп отырған. Сондықтан да бұл қорытындылардың осылай болуы заңды деп айтуға болады. Осындай қарашаның 30-ындағы мәлімет бойынша Н.Назарбаевқа - 68,2 пайыз, Ж.Тұяқбайға - 8,9 пайыз, Ә.Бәйменовке - 3,1 пайыз, Е.Әбілқасымовқа - 2,2 пайыз, ал М,Елеусізовке - 0,9 пайыз дауыс берілмек болған.

“Оппозиция кандидатының сайлаушылар сеніміне кіре алмауының басты себебі – оның сайлау алды бағдарламасында уәдені асыра сілтеп жіберуінен”, - дейді саясаттанушы Сәбит Жүсіпов.

Оның айтуынша, қайта құру кезіндегі қиыншылықтарды басынан кешірген халық кандидаттың берген уәделерінің тез арада орындала қоятындығына сенбейді.

«Егер оппозиция өз бағдарламасындағы уәделерін іске асыру тетіктерін мүмкіншілігне қарай көрсеткен болса, онда оған халық сенімі артар еді”, - дейді Сәбит Жүсіпов.

Ал «Kazrating» агенттігі жүргізген “Exit Poll” қорытындысы бойынша, Н.Назарбаев 78.3 пайыз, Ж.Тұяқбай 13,42 пайыз дауыс жинаған. Мұның себебін аталмыш агеттіктің жұмысын ұйымдастырушылардың бірі Мақаш Тәтімов былай түсіндірді:

«Енді Нұрсұлтан Назарбаев елге белгілі тұлға ғой. Енді, белгісіз адамға кім дауыс береді?! Біз сайлау алдында Назарбаев 75 пайыз, ал Тұяқбайға 10-12 пайыз дауыс беріледі деп болжам жасаған болатынбыз. Бірақ, қазіргі көрсеткіш әлдеқайда жоғары болып тұр. Біз облыс орталықтарында 12000 адамға сұрау салдық».

Сондай-ақ, дауыс беру өткен күні сайлаушыларды сайлау учаскесінен шыға берістегі сауалнамаға тартқан Еуразиялық рейтинг агенттігі мен республикалық 31-інші арна, сондай-ақ Халықаралық республикалық институттің, Мәскеулік саяси технологиялар орталығы жүргізген сауалнама барысында дауыс берушілердің басым көпшілігінің қызметтегі ел президентін қолдайтындықтары мәлім болған.
XS
SM
MD
LG