Accessibility links

Еуропарламент өкілдері Қазақстанда өткен сайлауға өз бағаларын берді


Сейсенбі күні Алматыдағы халықаралық медиа-орталықта өткен баспасөз-маслихатында Еуропарламент өкілдері Қазақстандағы президент сайлауына қатысты өз бағаларын берді.

Еуропарламент өкілдері тобының жетекшісі, Еуропаның Халық партиясы мен Еуропа демократтары фракциясы төрағасының орынбасары Струан Стивенсонның айтуынша осы жолғы сайлауда оңды өзгерістердің барлығы байқалды сондықтан да Қазақстанда өткен сайлауға оң баға беруге болады. Ол сондай-ақ желтоқсанның 4-і күнгі сайлаудың тыныш, бейбіт жағдайда өткендігін, көпшілік сайлау учаскелеріне арналған үй-жайлардың дұрыс, сайлау өткізуге қолайлы екендігін жәнеде сайлау учаскелеріндегі қызметкерлер дайындығының да жақсы екендігін атады. С.Стивенсонның айтуынша, сайлау учаскелерінде сайлауды халықаралық бақылаушылар мен бірдей қазақстандық бақылаушылар да соның ішінде оппозицияның бақылаушылары да қадағалап бақылады.

Сондай-ақ кейбір сайлау учаскелерінің сыртында exit-poll тәсілі бойынша сауалнама жұмыстары жүргізілген. Еуропарламент өкілі С.Стивенсонның айтуынша, осындай игілікті, жақсы істердің болуына қарамастан сайлау барысында бірқатар кемшіліктер де орын алған. Қазақстан аумағындағы сайлау учаскелерінде бақылау жасаған Еуропарламент бақылаушылары кейбір сайлау учаскелеріндегі сайлау тізімдері анық әрі толық еместігін, кейбір сайлаушылардың тізімге мүлдем кірмей қалғанын немесе бір сайлаушының өзінің отбасы мүшелері үшін де дауыс бере салуының куәсі болғандарын айтқан. Сондай-ақ кейбір сайлау учаскелерінің қызметкерлері сайлаушыларды электрондық дауыс беруге итермелеп, солай істеуге кеңес берген оқиғалар да кездесіпті.

«Ал осы электрондық дауыс беру үшін сайлаушы сайлау учаскесінен өзіне ғана тиесілі алдын ала алған штрих-кодын көрсету арқылы, ал ол жоқ жағдайда сайлаушы әлеуметтік жеке кодын көрсету арқылы электрондық дауыс беру картасын алуы - бұл сайлаушының сайлау құқығын бұзуға жол беретін нәрсе», - дейді С.Стивенсон.

Оның айтуынша сайлаушының дауыс берген құпиялығының ашылатындығын ескергендіктен бе көп адамдар әсіресе студенттер электрондық дауыс беруден гөрі қағаз бюллетень арқылы дауыс беруді жөн санаған фактілер тіркелген.

Еуропарламент депутаты Элизабет Иеггле ханымның айтуынша, Еуропарламент алдағы уақытта Қазақстанның экономикалық дамуын ғана қадағалап отырмайды, Қазақстандағы демократияның дамуы қалай жүргізіліп жатқандығына ерекше мән беретін болады. Ал Еуропарламент депутаты Януш Войцеховский болса, «осы жолғы сайлауды өткізу арқылы Қазақстан демократияға қарай бір адым алға басты» дейді.

Еуропарламент өкілдерінің жетекшісі С.Стивенсон өткен парламент сайлауына қарағанда осы жолғы президент сайлауының дұрысырақ өткендігіне қарамастан Қазақстан алдағы уақытта осы салада аса көп жұмыстар істеуі қажет деген пікір білдірді.
XS
SM
MD
LG