Accessibility links

Қазақстан оппозициясы өз наразылықтарын тек заң шеңберінде ғана білдіреді


Желтоқсанның 5-күні ресми ақпарат құралдары “Қазақстан тудей” агенттігі таратқан, шет елдегі қазақстандық оппозициялық бюроның республикадағы сайлаудың әділ өткендігін мойындайтындығы туралы мәлімдемесін хабарлаған еді. Ал, келесі күні оппозициялық бағыттағы кейбір интернет-сайттарда шетелдегі қазақстандық оппозицияның атынан жазылған, “Қазақстан тудей” агенттігі таратқан ақпаратты жоққа шығарған, керісінше, бұл сайлауды қатты сынға алған үндеу жарияланды. Соңғы таратылған үндеуде, қайтадан сайланған президентке импичмент жариялау туралы ұсыныс түрінде, нақты іс-қимылдарға көшудің қажеттілігі айтылыпты.

Сайлау әділетсіз өткен жағдайда Қазақстанда түрлі наразылық шерулерінің өткізілуі мүмкін екендігі туралы осы уақытқа шейін әрқилы болжамдар жасалынып келді. Тіпті, кейбір сарапшылар сайлау өте салысымен болмаса да Қазақстандағы оппозицияның алдағы уақытта үлкен дүрлігіс туғызатын қадамдарға баруы мүмкін екендігін айтып бақты. Сейсенбі күні “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде “Әділетті Қазақстан” қозғалысы төралқасының мүшесі Әміржан Қосанов қазақстандық оппозицияның алдағы уақытта бұл сайлауға байланысты өз наразылықтарын заң шеңберінде ғана жүзеге асыратындықтарын хабарлады.

Журналист Сергей Дуванов Қазақстандағы оппозицияның өткен сайлау нәтижесінің бұрмаланғандығына наразылық ретінде тәуекелге бел буып, қандай да бір қатқыл қадамдарға бара алатындығына сенімді емес.

“Мен бір-ақ нәрсені білемін. Ешкім де адамдарды алаңға алып шықпайды. Және ешқандай да наразылық шаралары болмайды. Оппозицияның барлық іс-қимылы - сарапшылар мен саясаттанушылар, батыстың мамандары жиналатын залдардағы, олардың қағаз жүзінде жасалатын мәлімдемелерімен ғана шектеледі”, - деді журналист С.Дуванов.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жеткеннен оппозицияға байланысты өз көзқарасын білдіріп, егер де оппозиция дұрыс ұсыныстар айтса, өзінің ол идеяларды пайдалануға тырысатынын мәлімдеген болатын. Президенттің осы мәлімдемесін кейбір сарапшылар биліктің алдын-ала ойластырылған қадамдарының бірі ретінде бағалап жатыр. Ал, саясаттанушы Досым Сәтпаев, алдағы уақытта оппозиция биліктің қармағына ілініп қалуы ықтимал деп есептейді.

“Дәл қазіргі уақытта оппозиция үшін қиын кезеңдер басталады. Өйткені, ендігі жағдайда оппозиция үшін наразылықтарын күшейте бергені жөн бе, әлде билікпен келіссөзге келуі керек пе дегенді анықтап алу мәселесі туындайды. Бұл өз кезегінде олардың кейбір басшыларының қандай көңіл-күйге түсетіндігіне орай, оппозицияны бірнеше бөлікке ыдыратып жіберуі ықтимал. Сол себептен де биліктің коалициялық үкімет құрылатындығы туралы мәлімдемесі, оппозицияны өз қармағына түсіру үшін жасалып жатқан қадамдардың бірі”, - деді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

“Әділетті Қазақстан” қозғалысының баспасөз хатшысы Айдос Сарым оппозицияның ендігі уақытта билікпен бір келісімге келетіндігіне күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, ендігі уақытта оппозиция мен биліктің арасындағы теке-тірес керісінше күшейе түседі және ол наразылықтар тек мәлімдеме жасаумен ғана шектеліп қалмайды. Сол себептен де Айдос Сарым дағдарыс шын мәнісінде биліктің өз ішінде болады деп есептейді. “Әділетті Қазақстан” қозғалысының баспасөз хатшысы Айдос Сарымның айтуынша, сайлаудың әділетсіз өткендігіне халықтың көзі жеткеннен кейін, керісінше оппозицияның беделі онан сайын арта түседі.
XS
SM
MD
LG