Accessibility links

Дариға Назарбаева: «Қазақстан ОБСЕ ұйымына жарна төлейді. Бізді үйретудің, кішкентай бала ұқсатып бұрышқа қоюға тырысудың қажеті жоқ. Біз тәуелсіз мемлекетпіз және бұған барлығы үйренуі керек»


Желтоқсанның 6-күні Астанада сайлау қортындысына байланысты арнайы брифинг өткізген билікке жақын 6 саяси партияның өкілдері президенттік сайлауға қатысқан барлық үміткерлерді диалогқа және ел болашағына бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Ал, сайлау додасына оппозиция атынан түскен үміткерлер бұл ұсыныспен келіспей, сайлау әділетсіз өтті деген пікірлерін білдірді.

«Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова оппозицияға мынадай ұсыныс жасады:

- Ол кісілер елбасының қолын алып, құттықтаған жағдайда, біз бүкіл халық болып қуанар едік, бірге жұмыс істер едік.

Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, парламент мүшесі, республикалық «Асар» саяси партиясының төрайымы Дариға Назарбаева билік пен оппозиция арасында диалог болу керек деген пікірмен өзінің келіспейтіндігін білдірді.

«Осы сайлау оппозицияның ел атынан сөйлеуге құқы жоқ екенін көрсетті. Оппозиция тек диалог қатысушысы бола алады. Бүгінде олар күш позициясынан сөйлей алмайды», - деді ол.

Осы прездиенттік додоға түскен үміткерлердің бірі Әлихан Бәйменовтің атына арнап Дариға Назарбаева: «парламентке қош келсін, оның орны солай күтіп тұр» деді. Ал, «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов бұл ұсынысқа былайша жауап берді:

- Парламентке болсын, басқа сайлау болсын - әділ бәсекемен өту керек, Қош келу керек деген сөзді билікке қатысы бар адам осымен айту керек. Парламентте партияның орны бар, сақталған. Оны қалай пайдаланатынын мен шешпеймін, партия шешеді. Ал, сайлаудың әділ өтпегенін көріп отырсыз.

Осы сайлау додасына біріккен оппозиция атынан түскен Жармахан Тұяқбай штабының өкілі Айдос Сарым бұл ұсынысқа былайша жауап берді:

- Дариғамен бір үстелдің басына отыру ешқандай міндет, қуаныш, ғанибет емес. Екіншіден, үстел басында отыру үшін, жақтар бір-біріне сыйластықпен қарау керек. Ал, мынадай сайлау өткізіп, ал жігіттер мәмілеге келейік, күліп-ойнап жүрейік деу, қиын. Мәмілеге келудің жолы біреу – ол саяси реформалар. Онда ел үшін біз Назарбаева түгіл, кешіріңіз, сайтанмен отыруға дайынбыз.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы миссиясының басшысы Одри Гловердің айтуынша, президенттіктен үміткерлерге бірдей жағдай жасалмады.

«Және президенттің сайлау еркін және әділ өтеді, деген уәдесіне қарамастан осындай жағдай болды. Бұл заңдарға өзгеріс енгізумен сайлауға деген қатынасты өзгертуге қажет саяси жігердің жоқтығын көрсетеді», - деді Одри Гловер.

Ал, «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева «Азаттық» радиосының осыған қатысты сұрағына былайша жауап берді:

- Айтылған сынның бәрі бойынша олар қағаздарын көрсетуі керек. Қандай студенттерді күшін салып анау-мынау үміткерге дауыс берді деп итерді, деген студенттер бізге келіп өздері айтсын. Прокуратура іс жүргізу керек. Біздің бақылаушылар айтқандай, бізде ондай сын жиналған жоқ. Ондай жағдайларды біз білмейміз.

Дариға Назарбаеваның айтуынша:

«Қазақстан да Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жарна төлейді. Бізді үйретудің, кішкентай бала ұқсатып бұрышқа қоюға тырысудың қажеті жоқ. Біз тәуелсіз мемлекетпіз және бұған барлығы үйренуі керек».

Және «Асар» партиясының төрайымы Д.Назарбаева алдағы президенттік сайлауға қатысасыз ба деген журналистердің сұрағына, «белсенді, дарынды адамдардың барлығына президенттік орын жетпейді, ал, оның орнын басатын адам туралы президент өзі айту керек. Алайда, ресейлік тәжірибе бар. Онда Путин аяқ астынан пайда болған» деп жауап берді.
XS
SM
MD
LG