“Свобода слова” газетіне берген сұхбатында белгілі әнші Мақпал Жүнісова күйеуі Заманбек Нұрқаділовтың жұмбақ өлімінен кейін өзінің ұйықтай алмайтын жағдайға душар болғандығын әңгімелеп беріпті. Алайда осыған қарамастан Мақпал Жүнісова өзінің ауруханаға жатпай жүргендігінің себебін, ылғи да әкесін іздеп жылай беретін жалғыз қызы Мерейді жалғыз тастап кетуге қорқатындығымен түсіндіріпті. Газет тілшісіне берген сұхбатында Мақпал Жүнісова қазіргі уақытта тергеушілердің онымен куәгер емес, күдікті адам ретінде тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқандығын тілге тиек етіпті. Өз сөзінде Мақпал Жүнісова тергеу орындарының әділеттілігіне сенбейтіндігін білдіріп, өзінің туған-туысқандарын қорқытып-үркітіп жатқандығын атап өтіпті.
Журналист Гүлжан Ерғалиева белгілі оппозиционер Заманбек Нұрқаділовтың өліміне байланысты оның артында саяси мақсат жатуы ықтимал деген болжам жасапты. Осыған орай Гүлжан Ерғалиева тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжанов белгісіз жағдайда қаза тапқанда Заманбек Нұрқаділовтің оған көптеген құпия мәліметтерді бергендігін және оны тек уақыты келгенде ғана жариялауға болатындығын айтқанын тыңдағасы келмеген Асхаттың қайғылы жағдайға душар болғандығын еске түсіріпті. Асхат Шәріпжанов қайғылы қазаға ұшырағаннан кейін, оның өліміне байланысты Назарбаевтың режимін кінәлаған Нұрқаділовтың сотқа тартылғандығы туралы деректі мысалға келтірген журналист Гүлжан Ерғалиева, бұл екі жұмбақ өлімнің арасында үлкен байланыс бар деген қорытынды жасапты. Мақала авторының айтуынша, Заманбек Нұрқаділовтың өлімі Нұрсұлтан Назарбаев режимінің оппозицияға жасаған қатаң ескертуіне көбірек ұқсайды.
Ал, “Жас Алаш” басылымында жарық көрген мақаласында журналист Жұлдыз Әбділда Қазақстанда өткен Президент сайлауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 91 процент дауысқа ие болуының қоғамда үлкен наразылық туғызып жатқандығын баяндапты.
“Айқын” газетінде жарық көрген Берік Бейсенұлының талдау мақаласында Қазақстанда өткен президенттік сайлауда оппозицияның неге жеңіліске ұшырағандығына қатысты сараптама жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша, оппозицияның ең басты қателігі олар қызғылт-сарылар революциясының брендін пайдаланды. Ал, Әндіжан мен Бішкектегі оқиғалар және Украина билігіндегі саяси дағдарыс түрлі-түсті төңкерістердің халыққа қажеті шамалы болғандығын дәлелдеді.
“Түркістан” басылымында жарық көрген “Оппозиция неге жеңілді?” атты мақалада саясаттанушы Андрей Чеботаревтың оппозиция қатарындағылардың ыңғайына жығылмағандардың бәрін де жау көруі, олардың беделінің төмендеп кетуіне зор ықпалын тигізгендігі туралы пікірі беріліпті.
“www.mizinov.net” интернет-басылымында жарық көрген мақаласында шетелдегі қазақстандық оппозиция бюросының жетекшісі Лира Байсейтова оппозиция атынан сайлауға түскен Жармахан Тұяқбайдың жеңіліске ұшырауының себебін шетелмен жұмыс жасай алмағандығымен байланыстырыпты.