Accessibility links

Мемлекеттік органдар мен мұнай және мұнай өнімдерін өндірушілер арасында Әлеуметтік әріптестік туралы меморандум әзірленді


Мемлекеттік органдар мен мұнай және мұнай өнімдерін өндірушілер арасында Әлеуметтік әріптестік туралы меморандум әзірленді. Бұл туралы желтоқсанның 13-інде Астанада өткен Агроөнеркәсіп кешеніне арналған кеңесте Энергетика және минералдық ресурстар министрі Владимир Школьник хабарлады. Ал, кейбір шаруа қожалықтарының иелері жыл сайын диқандарға арзан бағаға жанар-жағар май беріледі деген уәделер толық орындалмайды, ол тек ірі қожалықтарға ғана жетеді деген пікірде.

Энергетика және минералдық ресурстар министрі Владимир Школьниктің айтуынша, меморандумда ішкі базарға өңдеуге 2006 жылы 12 миллион тонна мұнай әкелу қарастырылған. Ал, Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың сөзіне сүйенсек, жанар-жағар май бағасы көп жағдайда маусым кезінде бәрібір қымбат болады:

- Бізде мұнай айыратын 3 зауыт бар. Олар жылына 18 миллион тонна мұнай айыратын күші бар. Бірақ, ол мұнайды ала алмайды. Бір жағынан компаниялар бермейді және мемлекет бермейді. Өйткені, сыртқа сатқан тиімді. Ең көбі 9 миллион алады, тең жартысы.

Қазақстандағы ғылыми-инженерлік «Мұнай» орталығының бас директоры Надир Надировтың сөзіне сүйенсек жанар-жағар май бағасының көтерілуіндегі негізгі себеп осы:

- Атыраудағы зауыт жөндеуде. Қалған екі зауыт шет елдіктердің қолында. Олар мұнайды қашан өңдейміз деседе өздері біледі. Сосын бір қулық бар. Шымкентте ол жыл сайын падаланылады. Жыл сайын зауыттарды бір айға жөндеуге қояды, науқан алдында. Оның алдында өзімен байланысты кәсіпкерлерге жанар-жағармайды береді. Олар толтырып аладыда, сосын зауытты тоқтатып қымбат бағаға сатады.

Ал, Қазақстан алдағы жылдары Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке енуге ұмтылып отыр. Ұйым ережесі бойынша, Қазақстан оған мүше болса, маусым кездерінде дизельдік отындарды сыртқа шығаруға тыйым сала алмайтын болады. Оның сыртында. Келесі жылдың бюджетінде жанар-жағар май бағасына субсидия беру үшін 7 миллиард теңге ескерілген. Ал, Қазақстанның фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дариновтың айтуынша, Қазақстанға ұйымға кірмес бұрын ауыл шаруашылық саласына 10 жыл бойы қаржымен көмек көрсетейік деген талап қойып алу керек.

- Мысалы, шетелдерде бір гектардың 50-ден 250 долларына дейін мемлекет төлейді ал бізде ол тек қағаз жүзінде, онда да 10 долларға жетпейді, - дейді ол.

Ал, министр Школьниктің айтуынша, алдағы жылы Қазақстан жоспар бойынша 63 миллион тонна мұнай өңдеуді көздеп отыр. Владимир Школьниктің сөзіне қарағанда, меморандумда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге 2006 жылы жыл бойына дизельдік отындардың әр тоннасын 395-400 АҚШ долларынан асырмау қарастырылған.

- Егер, құжатқа қол қойылатын болса, онда зауыттан шыққан кезде дизельдік отындардың 1 литрінің бағасы 36 теңге болады, дейді министр. Бірақ, бұл жағдайда Қазақстан үкіметі мұнай өңдейтін компанияларға өнімді сыртқа шығаруға тиым салмаймыз деген уәде беруге мәжбүр болады, - дейді Школьник.

Ал, сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы 3 мұнай өңдеу зауыты толық қуатымен жұмыс істемейді. Салыстыратын болсақ, Павлодардың Мұнайхимия зауыты өткен жылы өз қуатының тек 38 пайызын пайдаланды. Осылайша, өңделген мұнай көлемі жағынан ішкі тұтынушыларды қанағаттандыра алмай келеді. Нәтижесінде, жанар-жағар май елге сырттан енгізіледі. Жалпы, Қазақстан мұнайды өзіне жеткілікті мөлшерде өндіреді.

Мұнай көлемі бойынша, Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішінде Ресейден кейін екінші орында. Бірақ, өңделетін мұнай көп емес, дейді сарапшылар. Осылайша, мұнайдың көп көлеміне қарамастан ішкі базарда оның тапшылығы байқалады. Статистика мәліметіне сүйенсек, Қазақстан мұнайшылары елде табылатын мұнайдың тек 16 пайызын алады. Қалған 84 пайызы шет елдік компаниялардың меншігі. Олар өз кезегінде салықты төлеп болғаннан кейін, өз өнімін қайда сатам деседе құқылы.
XS
SM
MD
LG