Accessibility links

Өзбекстан үкіметі «Азаттық» радиосының Тәшкендегі бюросын жабылды деп шешім қабылдады


Ресми орындар бірден 4 журналисті аккредитациядан өткізуден бас тартты. Бұл жөнінде алғашқы ескерту мәлімдемесі Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы И.Зокировтан «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының басшылығына желтоқсанның 12-сі күні келіп түсті.

«Азаттық» радиосының Өзбек, Түрікмен, Тәжік және Қазақ бөлімшелері Өзбекстан аймағында жергілікті азаматтарды тілші ретінде қызметке алғанда сыртқы істер министрлігінің ресми рұхсатын алмаған. Бұл мемлекеттік заңға қайшы келеді. Сондықтан, министрліктің баспасөз қызметі «Азаттық» радиосының Тәшкендегі бюросына берілген аккредитацияның күшін жояды», делініпті ол ресми хатта.

Осыған дейін, әсіресе Әндіжан қырғынынан кейін, Өзбекстандағы тек қана «Азаттық», БиБиСи радиосы емес, өзге де бірқатар шетелдік ақпарат қызметтерінің тілшілері өз қызметтерін тоқтатып, Өзбекстаннан шығып кетуге мәжбүр болған еді. Олардың арасында Лондондағы Соғыс және Бейбітшілік институтының Өзбекстан бөлімшесінің директоры Ғалима Бұхарбаева, «Ассошиейтед пресс» агенттігінің тілшісі Бағила Бұхарбаевалар бар.

Ташкеннен жолданған әлгі ресми хатта өзбекстандық журналистер Ашуров Садриддин, Реджепова Оғулжан, Ахроров Мирасрор және Байжанова Гүлнардың аккредитациялары мерзімінен бұрын тоқтатылғаны айтылған. Өзбекстан үкіметінің мұндай шешіміне «Азаттық» радиосы тарапынан сыни пікірлер айтылды.

АҚШ-тағы радиохабарлар тарату бас басқармасының төрағасы Кеннет Томлинсон Ташкендік ресмилердің бұл шарасын сынап, «бұл жұртты алаңдатарлық жағдай, Өзбекстан үкіметі баспасөз еркіндігінің халықаралық нормаларына қайшы іс жасап отыр», деді. Сондай-ақ, төраға соңғы айларда шетелдік журналистердің Өзбекстан үкіметінен барынша зорлық-зомбылық көріп, қудалауға кезіккендігіне арнайы тоқталды. Ал «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының президенті міндетін атқарушы Джеф Тримблдың айтуынша, Өзбек ресмилерінің бұл өзімшіл әрекеті Өзбекстандағы онсыз да нашар сөз бостандығын одан әрі күрделендіре түспек.

«Бұл И.Кәрімов үкіметінің өзбек халқының адамдық құқына тағы да бір қатты соққысы болып тиіп отыр», дейді Тримбл. Бірақ, «Азаттық» радиосы Өзбекстандағы және сондай-ақ, Орта Азиялық аймақтағы оқиғалар жөнінде, алдағы кезде де, әділетті шындық, ақиқат негізінде одан әрі бейтарап хабарлар тарата бермек, деді Тримбл.
XS
SM
MD
LG