Accessibility links

Қырғызстанда қазақстандық оппозицияшыл жастар тұтқындалды


Желтоқсанның 13-күні Бішкекте өздерін шетелдегі оппозициялық бюроның қырғыз бөлімінің жетекшілеріміз деп таныстырып жүрген Әбжан Махамбет, Азамат Жетпісбаев және “Айбат” жастар қозғалысы жетекшілерінің бірі Жанбота Қарашолақовты Қырғызстанның заң орындары тұтқынға алғаны мәлім болды. Алайда, кейіннен олардың екеуі - Азамат Жетпісбаев пен Жанбота Қарашолақов бостандыққа жіберілген. Желтоқсанның 14-күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Жанбота Қарашолақов сәрсенбі күні Алматыға қайтып оралғанын, ал Махамбет Әбжанды қырғыз заң орындары Бішкектегі уақытша абақтыда қамауда ұстап отырғанын айтты.

Бішкектегі оқиғаның куәгерлерінің бірі Азамат Жетпісбаев желтоқсанның 14-күні телефон арқылы оның мән-жайын «Азаттық» радиосына баяндап берген болатын. Оның айтуынша, сейсенбі күні таңғы сағат бес кезінде, Бішкекте өздері жалдап тұрып жатқан пәтерге қырғыз полицейлері және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп, ашуға әрекет жасаған. Алайда, олар есікті жауып алғаннан кейін кетіп қалып, кейіннен сағат түскі үште қайтып оралып, пәтердегілердің бәрін қамауға алған. Осыған орай Азамат Жетпісбаев сәрсенбі күні Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросы қырғыз бөлімінің орын алған оқиғаға байланысты саяси мәлімдеме жасайтындығын хабарлады.

Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросы қырғыз бөлімінің атынан Интернет арқылы таратылған ақпаратта әзірге Бішкекте қамауға алынған азаматтардың бірі Махамбет Әбжанның әлі абақтыда отырғаны айтылыпты. Ал сәрсенбі күні Бішкектен Алматыға қайтып оралған “Айбат” жастар қозғалысы басшыларының бірі Жанбота Қарашолақов Бішкектің уақытша тергеу абақтысында жатқан Махамбет Әбжанды Қырғызстанның билік орындарының Қазақстанға тапсыруы мүмкін екендігінен хабардар етті. Міне, сондықтан да қазіргі уақытта Махамбет Әбжан Қырғызстан Президенті Құрманбек Бәкиевтің атына хат жазып, одан Қазақстан азаматтарына, оның ішінде оппозиция өкілдеріне саяси кепілдік беруді сұрапты.

Ал, Қазақстан Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкері Мұхтар Анарбеков сәрсенбі күні “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде бұл оқиғаға ҰҚК-нің ешқандай қатысы жоқ екендігін айтты.

«Дәл қазіргі уақытта бұл оқиға туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде ешқандай да мәлімет жоқ», - деді М.Анарбеков.

Қазақстан Республикасы Прокуратурасының баспасөз қызметінің өкілі Сәулебек Жәнкенұлы да “Азаттық” радиосына бұл оқиға туралы мардымды ақпарат бере алмады. Сондай-ақ, радио тілшісіне сәрсенбі күні Қырғызстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің баспасөз қызметінің өкілі Медет Иманақұлов, әзірше бұл оқиға туралы ешқандай ақпарат бере алмайтындығын айтты.
XS
SM
MD
LG