Accessibility links

2005-жылы Орта Азия елдерінде үкіметтік төңкеріс пен кісі қырғыны орын алды


Орта Азия елдері үшін өтіп бара жатқан 2005-жыл саяси деңгейдегі сапырылысты жыл десе де болады.

Ақиқатында, өткен 2005 - тауық жылында Қырғызстанда үкіметтік төңкеріс, Өзбекстанда көпсанды кісі қырғыны, ал Қазақстанда дауыс беру нәтижесі 90 пайыздық деңгейден асып түсіп, халықаралық қауымдастықтың өзін таң қалдырған президенттік сайлау болып өтті.

Кезінде, 1990-жылдардың басында Орта Азиялық авторитарлық режимдегі елдердің арасында демократия аралы деп аталған Қырғызстанның өзінде президент пен үкіметтік саясатқа қарсы оппозициялық партиялар күш қосып, баспасөз барынша еркін әрекетке кірісті. Ол кездегі президент Ақаевқа бұл ұнамады. Баспасөз еркіндігі шектеле бастады. Бұрынғы вице-президент, оппозиция жетекшісі генерал Феликс Құлов түрмеге түсті. Ал биылғы жылы ақпан айында Қырғызстанда өткен Парламенттік сайлауда Ақаевтың сыбайластары басым көпшілік дауысқа ие болды. Тіпті, өзге туыстарын айтпағанда ол сайлауда Ақаевтың екі бірдей баласы, тер төкпестен-ақ, парламенттің төрінен орын алды, деп адам құқықтары ұйымдары, сарапшалар барынша сынап жатты.

Міне бұл, ақпандағы парламенттік сайлаудан кейін, наурыздың 24-інде оңтүстіктен шығып, Бішкекке жеткен наразы қауымның ащы да, ашулы дауысы, жүрек дүрсілі еді. Сол күні-ақ, қырғыз оппозициялық топтары Үкімет үйіне басып кіргенде президент А.Ақаев Ресейге қарай отбасымен қашып үлгерген болатын. Феликс Құлов абақтыдан шықты, оппозиция жетекшілерінің бірі бұрынғы үкімет басы Қ.Бақиев билікке келді, Құловпен өзара келісімге, мәмілеге келгеннен соң, шілдеде көпшілік дауыспен президенттік таққа отырды. Бұл Орта Азия елдері тарихындағы ең еркін де таза сайлау деп қабылданды. Коррупцияның тамыры кесілмей тұрып, жұрттың барынша кедей тіршілігіне қарамай, Қырғызстан тағы да кезекті рет демократиясы дами бастаған ел қатарына қосылды.

Манас еліндегі бұл үлкен төңкерістен кейін, енді Орта Азиялық өзге елдерде де саяси сілкіністер орын алып, авторитарлық қатаң режим өзгерер деген үміт пайда болды. Ал мамырдың 13-інде Әндіжанда кедейшіліктен барынша титықтаған халық бас көтерді. Пезидент Кәрімов болса оларды, бір сәтте-ақ, өзбек армиясының күшімен басып-жаншып, қырып тастады. Артынша Ислам Кәрімов: «мен өз халқыма қалайша қарсы оқ атамын», деп ақталмақ болды.

Бірақ ол қырғынды енді әлемдік қауымдастықтың назарынан жасырып қалу мүмкін емес еді. Ол Әндіжан қырғынына тікелей куә болған өзбек әйелдерінің бірі өз жанайқайын былайша жеткізеді:

– Олар бізді малша қырды. Қасқырлар мен түлкілерді аңшылар қалай қыратынын білсеңіз, олар бізді солай атты, - дейді өзбек келіншек.

Әрине, алдымен Әндіжанда сол мамырдың 13-інде алаңда болғандар бар шындықты айта алады. Бірақ оларды үрім-бұтағымен қорқытып қойған, 500-дейі Қырғызстан арқылы Еуропа елдерінен баспана алды. 100 шақты өзбек азаматы сотталды, қалғаны сотталуда. Ол қырғын жөніндегі негізгі дерек-мәліметтерді адам құқықтары ұйымдарынан алса болады. Олардың есебі бойынша, Әндіжанда кемінде 700-800-дей адам қырылған. Бірақ Өзбекстан үкіметі бар айыпты сол бейбіт халықтың өзіне тағуға тырысуда, дейді сарапшалар. Әндіжан толқуларынан кейін Өзбекстанда сөз еркіндігі барынша шектелді.

Алдымен, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері елден қуылды. Жергілікті журналистердің әуел бастан-ақ тілдері байланған болатын. Ал, желтоқсанның 12-сінде Өзбекстан ресмилері «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының Ташкендегі бюросын тіркеуден бас тартып, сол елде осы радионың тілшісі болып келген бірқатар адамдарға Өзбек үкіметі беретін ресми құжаттың күші жойылатынын хабарлады. Бұл арада президент Кәрімов өз еліндегі әділ қоғам жөнінде сөз қозғады.

- Біздің болашақ мақсатымыз - әділілетті қоғам құру. Мен мың рет қайталап айтайын, біздің қоғамда аса бай да, аса кедей де болмауы керек, - деп жар салды Өзбекстан президенті.

Өтіп бара жатқан 2005-жылы Тәжікстан үкіметінің де қас дұшпаны оппозиция болды. Бірнеше белсенді түрмеге түсті. Президент Рахмоновтың қол баласы - өзінің билікшіл партиясы Парламенттік сайлауда жеңіске жетті. Бірақ, 1992-1997 жылғы азаматтық соғыстан жүрегі шайлыққан жұрт бас көтере алмады.

Ал Түрікменстанда сол баяғы жеке дара басшы президент С.Ниязовтың ежелгі билік саясаты жалғасып, коррупцияда айыптап тағы да кезекті рет бірқатар министрлер орын алмастыруға мәжбүр болды. Денсаулық, білім беру, ағарту, әлеуметтік даму саласы өз бетімен қалды. Діни еркіндікке тұсау салынды.

Ал енді Қазақстандағы және бүкіл Орта Азиядағы ең үлкен саяси оқиғалардың бірі - Қазақстандағы президент сайлауында қызмет басында отырған президент Назарбаевтың 91, кей деректерге қарағанда, 93 пайыз дауыспен елбасылыққа қайта сайлануы болды. Қазақстан да оппозицияның, бейүкіметтік ұйымдардың және тәуелсіз баспасөздің жұмысына тосқауыл қоюда өз көршілестерінен артта қалмағандығын халықаралық ұйымдар барынша күллі әлемге әйгілеп жатты.

Жалпы алғанда, Орта Азия елдерінің болашағы жөнінде саяси талдаушы Люис тілшімізге білдірген пікірінде:

- Орта Азия үшін өткен 2005-жыл қаншалықты оңай болмаса, бұл аймақтың болашағы жөнінде де бірер болжам айту соншалықты қиын соғады, - деді.
XS
SM
MD
LG