Accessibility links

Әлемдік базарда мұнай бағасы арзандады


Желтоқсанның 19 күні әлемдік базардағы мұнай бағасы біршама арзандады. Осы жайтқа орай қазақстандық экономист мамандар мен аталған сала қызметкерлері бағаның бұлайша біртіндеп түсе бастауы түптің-түбінде Қазақстан экономикасы үшін қауіпті құбылыс екенін айтады.

Дүйсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша, Лондон мен Нью-Йорк мұнай биржаларындағы мұнай фьючерстерінің алдағы айлардағы жеткізілімінің бағасы төмендегендігі тіркелді. Айталық, Brent мұнайы баррелінің бағасы – 1,02 долларға арзандап, 56,11 долларды құраған. Мамандардың айтуынша, бұған дейін ұдайы шарықтап тұрған мұнай бағасының бұл төмендеуі оның едәуір арзандағандығын көрсетеді.

Қазақстандағы бірқатар экономика саласының сарапшылары әлемдік мұнай бағасының соңғы уақыттарға дейін өсіп келуін қалыпты үрдіс санағанымен енді арзандауы Америка Құрама Штаттары жүргізіп отырған саясаттың қалыпты арнаға тоғыса бастағанымен де байланысты екенін айтады. Алматыдағы Экономика ғылыми зерттеу институтының қызметкері Асхат Наметшаның айтуынша, Ирактағы соғыс аяқталса, мұнай бағасы әлі де арзандай түспек екен.

Дегенмен Инженерлік академияның вице-президенті, академик-ғалым Нәдір Нәдіровтың айтуынша, енді әлемдік мұнай бағамымен қатар, оған Қазақстан экономикасы да бағыныштылық сипатта дамиды. Себебі, Қазақстанның ішкі мұнай нарығын ретсіздік жайлаған дейді ғалым. Алайда Энергетика және минералдық ресурстар министрінің орынбасары Ләззат Қиынов әлемдік мұнай бағасына бағыныштылықпен қатар, елдегі ішкі мұнай өндірісі де өз шешімін тауып келеді дейді.

Дейтұрғанменде Алматы қаласында көлік жүргізушісі болып жұмыс істейтін Мұқамеджан Батыршаұлы әлемдік мұнай бағасы арзандауының әсері Қазақстанға біліне қоймайды деп санайды. Ол өзі көлік жүргізушісі болып жұмыс істегелі бері бензиннің бағасы қымбаттамаса арзандаған емес деген уәж айтады.
XS
SM
MD
LG