Accessibility links

«Наурыз банк» басқармасының төрағасы болған Оразалы Ержановқа халықаралық іздеу жарияланды


Қазақстанның заң орындары «Наурыз банк» басқармасының төрағасы болған Оразалы Ержановқа халықаралық іздеу салды. Бұл туралы желтоқсанның 23 күні Астанада Қазақстанның қаржы полициясы төрағасының орынбасары Ерлік Кененбаев хабарлады. Оның айтуынша, Ержанов ұйымдасқан қылмысты топ құрды, қызмет бабын пайдаланды және жалған кәсіпкерлікпен айналысты деп айыпталып отыр. Ал, оппозиция өкілдері болса, бұл істе саяси астар бар дейді.

Қазақстанның қаржы полициясы төрағасының орынбасары Ерлік Кененбаевтың айтуынша, «Наурыз банк» басқармасының төрағасы болған Оразалы Ержанов 4 жарым миллиард теңге шығын келтірген. Қаржы полиция басшылығының пікірінше, банк несиелерін жаңа несиелер арқылы жауып отырған және айлакерлікпен айналысқан. Ал, 200 томнан тұратын қылмысты іс аяқталған, дейді Қаржы полициясы төрағасының орынбасары Ерлік Кененбаев:

- «Наурыз банк» бойынша тергеу әрекеттері аяқталып, қазір айыпкерлер қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.

Қаржы полициясы төрағасының орынбасары Ерлік Кененбаевтың айтуынша, «Наурыз банк» басшысына бірнеше айып тағылған:

- «Наурыз банк» төрағасы Оразалы Ержановқа айып тағылды. Оған үлкен мөлшерде ақша ұрлап, және өз жұмысын пайдаланып, топ құрып, 4,5 миллиард теңге ұрлағаны анықталып, әшкереленіп, дәлелденіп отыр.

Полицияның айтуынша, Ержановтың орынбасары Нурим Дүйсебалиев қазір қамауда. Егер, айыптылардың кінәлары дәлелденсе, банк қызметкерлері 10-нан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Ал, кезінде осы мәселемен танысқан бұрыңғы парламент депутаты Серікбай Әлібаев бұл қылмысты істе саяси астар бар дейді:

- Жоғарыда отырған кісілердің қатынасы бар. Біз білеміз, билік басқа адамды табуға тырысады. Егерде өз кінасы болса, Ержанов бұл мәселені көтермеуші еді. Ол кінәлі емес екендігі осында, өйткені, бұл мәселені бірінші сол көтерген.

Естеріңізге сала кетсек, 2001 жылы «Қазагропромбанк» «Наурыз банк» болып қайта тіркелген. Сол кезден бері Оразалы Ержанов банк басқармасының төрағасы болды. Бұған дейін ол «Ұлттық банк» басшысының орынбасары және Қаржы министрінің орынбасары қызметтерін атқарып, билікке жақын «Отан» партиясының мүшесі болған. Ал, уақыт өте келе Ержанов президент Назарбаевтың атына сол кезде президент әкімшілігінің жетекшісі болған Иманғали Тасмағанбетов қысым көрсетіп жатыр деп хат жазды, деген ақпар пайда болды. Бұл туралы қазір Алматы әкімі болып отырған Иманғали Тасмағанбетовтан сұрағанды жөн көрдік, бірақ, Қарлығаш есімді хатшы қыз «Азаттық» радиосына былайша жауап берді:

- Иманғали Нұрғалиұлы орнында жоқ, сіз келесі аптада хабарласыңыз.

Ал, «Азаттық» радиосының қазіргі Алматы әкімі Иманғали Тасмағанбетовпен Оразалы Ержановтың қарым-қатынасы зерттелді ме деген сұраққа Қаржы полициясы төрағасының орынбасары Ерлік Кененбаев былайша жауап берді:

- Тергеу мәселесінде ешқандай қарым-қатынас анықталған жоқ.

Ал, бұрынғы парламент депутаты Серікбай Әлібаевтің айтуынша, қаржы полициясы біржақтылық танытып отыр:

- Қаржы полициясының зерттемей, адамдардың қатынасын көрмей, басында Тасмағанбетовтың қатысы бар дегенбіз, соны зерттемей, бір адамды кінәлауы дұрыс емес деп есептеймін. Ержановтада құжаттар бар шығар, олда жай қалмайды.

Ал, парламентте оқылған хатта, И.Тасмағанбетов премьер болып тұрған тұсында «Қазақстан темір жолы» компаниясының президенті Ерлан Атамқұловпен бірге, банкке келіп, оның жарналық капиталына қатысуға ниет білдіріп, 25 миллион доллардың 10 миллион долларын салғаны жөнінде айтылған. Құнды қағаздарды алуға келіскен. Бірақ, бертін келе қосымша қаржы таппағандықтан келісімнен шығып, құнды қағаздардан бас тартып, қаржыны қайтаруды талап еткен. Ал, бұрыңғы парламент депутаты Серікбай Әлібаевтың айтуынша, бұл іс туралы мәлімет толық қанды емес:

- Банкті бақылауға алғандарына бір жылдан асып кетті. Неге осы кезге дейін ол жарияланған жоқ, ал, енді қаржы полициясы соны асығыс жариялап отырғандығы саясатқа айналдырып отырғанға ұқсайды.

Ал, парламентте оқылған хатта айтылғандай, Ержанов ақшаны іске салғандықтан оны дереу қайтара алмайтындығын түсіндірген. Бірақ, Тасмағанбетов ақшаны талап етіп прокуратурамен 5 рет тексеру жүргізу арқылы қысым көрсетуге тырысқан, деген де мәліметтер айтылды. Бұл туралы сол кездегі мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов депутаттық сауалында жария еткен болатын. Содан кейін басқа бір депутат Оразалы Ержановтың бұл хатқа қатысы жоқ деген мәлімет таратты. Ал кейіннен Қазақстаннан тыс жерде жүріп баспасөзге берген сұхбатында Оразалы Ержанов ондай хатты өзінің жазғанын растаған еді.
XS
SM
MD
LG