Accessibility links

Алматы полициясы жасөспірім Оксана Никитинаның өліміне оның жақын ағасы Максимді күдікті санап отыр


Алматы полициясы жасөспірім қыздың өліміне оның нағашысы – 17 жастағы жасөспірімнің қатысы бар деген күдікпен, оны қамауға алды. 14 жастағы Оксана Никитина биылғы қазан айының 31-і күні кешкісін өз үйінен досын аялдамаға шығарып салуға шыққаннан соң, қайтып өз үйіне келмей ұшты-күйлі жоғалған еді. Қыздың ата-анасы баласының жоғалғаны туралы полицияға арыз түсіріп, сол бойынша полицияның қызметкерлері мен Оксананың ата-анасы және туыс-туғандары жақын маңдағы аумақтарды тексеріп, тастанды су құбырлары шұңқырлары және басқадай ғимараттарды сүзіп шығады. Алайда жоғалған қыз табылмай, тек арада 50 күн өткенде полиция Оксананың мәйтін оның өз үйіне жақын жерден табылғанын ата-анасына хабарлайды.

Оксананың анасы Елена Никитинаның айтуынша, Оксана жоғалған осы 50 күн ішінде өзі күйеуімен бірге сол маңайды талай рет сүзіп шыққан.

«Полицияның 150-дей қызметкері де сол маңайды күндіз-түні қараумен болған. Сөйтіп жүргенде Оксананың мәйіті кенеттен оның өз үйінің жанынан табылуы түсініксіз жайт», - дейді Елена.

Оның айтуынша қызының сүйегін арулап жерлеген күннің ертеңінде-ақ, яғни желтоқсанның 23-і күні полиция Еленаның туған бауыры 17 жастағы Максимді ұстап, қамауға алған.

«Полиция оны Оксананың жоғалып кетуіне және оның өліміне қатысы бар күдікті адам ретінде көріп отыр», - дейді Елена.

Е.Никитинаның сенімді өкілі Андрей Якуниннің айтуынша, полиция Максиммен сөйлесуге оның туған-туыстары, тіпті адвокатына дейін жолатпай отыр. Максим Алтынниковты полиция бұдан бұрын бір рет Оксананың жоғалуына қатысы бар деген күдікпен 3 тәулік ұстап, кейін қоя беріпті. Енді міне оны полиция қайтадан абақтыға салып қойды дейді ол.

«Максим полиция десе қорқатын бала. Сондықтан да оны тергеушілер қалай тергеп, нені мойындатқалы отырғаны түсініксіз. Ол Оксананың өлімін өз мойнына алуға келісімін берген тәрізді, егер солай болса бұл Максимның үлкен қысым астында амалсыз жағдайда сондай шешімге барғаны деп түсінемін», - деді Елена.

Максим өз ата-анасымен кездескен бір сәтте «егер мен бұл кінәні өз мойныма алмасам олар мені өлтіреді» деп айтыпты. Осы іске байланысты желтоқсанның 27-күні «Азаттық» радиосының сауалына берген жауабында Алматы қалалық ішкі істер бас басқармасының баспасөз өкілі Арман Жусанбай:

«Оксананың белгісіз өліміне қатысты тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр, сол себепті Максим Алтынников қайтадан қамауға алынды. Оның кінәлі немесе бейкүнә екенін тергеу жұмыстары анықтауы тиісті, оған сәл шыдам, уақыт керек», - деді.

14 жаста өмірі қыршынан қиылған Оскана Никитинаның анасы Елена Никитина Қазақстанда биылғы өткен президент сайлауында оппозиция атынан бірегей үміткер ретінде сайлауға түскен Жармахан Тұяқбайдың сайлауалды штабының белсендісі болып жұмыс істеді. Қараша айының басында Елена қызы жоғалып кетерден бұрын өзіне белгісіз адамдар келіп, өздерін президенттің күзет қызметінен деп таныстырып, бұны оппозиция жайлы ақпарат беріп тұруға көндірмек болғанын, ал Никитина оларға қызмет істеуден бас тартқаннан кейін әлгі адамдар одан қызы Оксана жайлы ерекше ықыласпен сұрастыра бастағанын айтқан еді.
XS
SM
MD
LG