Accessibility links

Былтырғы цунами апатынан соң Индонезиядағы жікшіл топ пен үкімет арасында келісім орнай бастады


Азияда тым ұзаққа созылған қарулы қақтығыстың бірі аяқталған сыңайлы. Индонезияның Ачех аймағының жікшілдік бағыттағы көтерілісшілері өздерінің 30 жыл бойы жүргізіп келген қарулы күрестерін тоқтатқандықтарын мәлімдеді. Мұның өзі осы жылдың басында бейбіт келіссөздер жүргізу жөніндегі берілген уәденің жүзеге асқандығына дәлел болып отыр.

Бірнеше жылдан бері көтерілісшілермен арадағы келіссөздер бірде ілгерілеп, бірде тығырыққа тіреліп келген болатын. Дей тұрғанмен, өткен жылы болған цунами апатынан кейін көтерілісшілер бейбіт келіссөздерге қарай ойысқан еді. Ол апат салдарынан аталған аймақта 160 мың азаматтың қаза болғаны белгілі. Жаңа бейбіт келісім-шарт бойынша ел үкіметі Ачех аймағынан әскерді шығарып, оған айрықша автономиялық хұқық беруге келісті. Ол үшін көтерілісшілер қаруларын тастауы тиіс. Индонезия елбасы Сусилоу Бамбаң Юдхойононың айтуынша, көтерілісшілердің қаруларын тастайтындығы жөніндегі мәлімдемесі Цунами апатының салдарынан кейін тым болмаса бір жақсылықтың бастау алғандығына дәлел болып отыр. Бұл жөнінде елбасы сейсенбі күні баспасөз мәслихатында айтты.

“Аймақта қайта қалпына келтіру үдерісінің табысты болуы үшін тұрақтылықтың аса шешуші мәселе екендігі белгілі. Ендеше, Ачехке байланысты бейбіт келісім ғұмыры ұзаққа созылар деп үміттенемін”, - деді Юдхойоно мырза.

Көтерілісшілер өкілдерімен кездесу барысында елбасы Юдхойоно мырза Ачехтен 24 мыңдай өкімет күштерін осы жылдың соңына дейін шығарып әкетуге уәде берді.

GAM деген атпен белгілі болған немесе Тәуелсіз Ачех қозғалысының қолбасшысы Софиан Даудтың айтуынша, оның қозғалысы қазір өз қызметінің саяси кезеңіне өтіп отыр. Сондықтан, бұдан былай қару арқылы күресудің қажеті болмайды. Осы қозғалыстың тағы бір басшысы Ируанди Юсуф ресми мәлімдеме жасады.

“Ачех Ұлттық қарулы күштерінің құрамы қаруларын тапсырып, таратылғанын GAM жауынгерлері атынан жариялау құрметіне мен ие болып отырмын. Хелсинкиде, 2005-ші жылдың 15-ші тамызында өкімет пен Азат Ачех қоғалысы арасында қол жеткізілген өзара түсіністік жөніндегі меморандумға орай біз қазір барлық қаруымызды тапсырып біттік”, - деді Юсуф мырза.

Қол жеткізілген бейбіт келісім шарттары бойынша көтерілісшілер өз қаруларын тапсырғаннан кейінгі келесі қадам - сол бұрынғы көтерілісшілерді азаматтық қоғам өміріне қайта тарту болмақшы. Олардың келер жылы болатын жергілікті сайлауларға қатысуы көзделуде. Ачех тәуелсіздігін талап еткен көтеріліс үдерісі 1976-шы жылы басталған болатын. Содан бергі аралықта, көтеріліс салдарынан кем дегенде 15 мыңдай адам қаза болған екен.
XS
SM
MD
LG