Accessibility links

"Гейтс" қоры вакциналарды кедей елдерге тезірек жеткізуді мақсат көреді


Дүние жүзінде жас нәресте балалардың денсаулығын сақтау, вакцина егу жұмыстары әлі де болса үлкен проблема. Мәселенің бір шеті – вакциналар баяғыдан шығып жатса да олардың құны әлі қымбат. Жұқпалы ауру салдарынан Орталық Азияда нәресте балалар көп шетінейді. Мұндай мәселе әлемнің көптеген жерінде шешілмеген.

Өкпе қабыну дертіне төтеп бере алатын "Пневнар" вакцинасы осыдан бес жыл бұрын ойлап шығарылған болатын. Пневмококтарды залалсыздандыратын "Пневнар" вакцинасы тым қымбат, оның үш дозасы 150-180 доллар аралығында тұрады. Мұндай баға тек Америка Құрама Штаттары мен Батыс Еуропада тиімді. "Майкрософт" компаниясының құрылтайшысы Билл Гейтс және оның жұбайы Мелинда "Гейтс" қорын ашып, вакцинация шарасын әлем бойынша арзандатуға күш салып келеді. Вашингтонда орналасқан "Ғаламдық даму орталығы" ұйымының өкілі Рюзс Левайн Билл мен Мелинда бай елдерде пайда болған вакциналарды кедей елдерге тезірек жеткізуді мақсат тұтады дейді. "Гейтс" қоры бұл шаруаға жыл басында 750 миллион доллар бөлді. "Гейтс" қоры әлемдегі ең бай қайырымдылық ұйымдардың бірі деп танылған.

Билл Гейтстың өзі мақсат-мұраты жөнінде былай дейді:

- Вакцинамен егілуге тиіс 30 миллион бала жыл сайын назардан тыс қалады. Вакцина алғанда олардың өмірі аман қалар еді. Бұл көзге түспейтін проблема, бұл қазір болып жатқан жағдай, біз мұны байқамай отырмыз. Бұл көбінесе Азия мен Африкада орын алып отыр. Сіз қол ұшыңызды бере алмай отырған үш миллион бала бар. Тағы үш миллион баланы аман алып қалуға жеткілікті жаңа вакциналар шығарылып жатыр. Мұны ойласаңыз жаныңыз түршігеді.

Бұрынғы Совет Одағында қолданылған вакцинация стандарты қазір орташа қалыптағы үлгі деп қабылданып отыр екен. Вакцинация деңгейі бойынша алда Америка Құрама Штаттары мен Батыс Еуропа тұрса, төменгі сатыда Африканың Сахара аймағы. Ал бұрынғы совет елдері вакцинацияны қанағат тұтатын деңгейде іске асырып отыр. "Гейтс" қорынан жақында 25 миллион доллар алған америкалық бейүкіметтік ұйымның маманы Марк Кейн бұл жайында былай дейді:

- Даму үстіндегі елдерге қарағанда вакцина егу жұмысы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында жақсы жолға қойылған. Мұның негізгі себебі - бұл елдерде вакцина егу жұмысының көлемі кең болған. Бұл Совет Одағынан қалған дәстүр. Бұл елдердің көпшілігінде балалардың 90, тіпті 95 пайызы вакцинамен егіледі. Африканың Сахара аймағына қарасақ балалардың 40,50, 60 пайызы вакцина алады.

Вакциналар, әсіресе "Пневнар" сияқты вакциналар кедей елдер үшін неге тым қымбат? Вакцинаның бағасын арзандатуға бола ма? Сиетл қаласында орналасқан бейүкіметтік ұйымның маманы Марк Кейн мәселе дәрі-дәрмек компаниялардың тек қызыл пайда қуғанында емес дейді. Вакцина өндірісінің технологиясы өте күрделі, өнім көлемін үш-бес жыл алдын-ала жоспарласа жөн.

Мәселен, АҚШ пен Еуропада құс тұмауына байланысты тұмау вакциналары биыл мүлдем тапшы болатынын кім білген? Фармацевтикалық компаниялар базар сұранысынан қателессек шығынға ұшыраймыз деп қорқады. Жаңа вакцинаның кедей елдерге жеткеніне әдетте 10-15 жыл керек. "Гейтс" қоры сияқты қайырымдылық ұйымдар бұл алшақтықты тым болмағанда екі есе қысқартуды мақсат тұтады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG