Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.29.2005 жыл


Бейсенбі күнгі басылымдарда 2005 жылды қорытындылаған мақалалар жарық көріпті. Сонымен қатар белгілі оппозиционер Ғалымжан Жақияновтың Жаңа жылды түрмеде қарсы алуы мүмкін екендігі айтылыпты.

“Эпоха” басылымында жарық көрген Қуанышбек Төлеевтің мақаласында не себептен 2005 жылдың тәуелсіз Қазақстан мемлекеті үшін шешуші кезеңге айналмағандығы және мемлекеттің демократиялық елдердің қатарына кіре алмағандығына байланысты сараптама жасалыныпты. Газет тілшісінің сараптамасына сүйенсек, дәл қазіргі Қазақстандағы ахуал Кеңестік кезеңдегі Брежнев дәуірінің уақытын көбірек еске түсіреді. Сондай-ақ “Эпоха” басылымында оппозиция басшыларының бірі Ғалымжан Жақияновтың алдағы келе жатқан Жаңа жылды түрмеде қарсы алуы мүмкін екендігі айтылыпты. Мақалада 24 қарашада бостандыққа шығарылуы тиіс Ғалымжан Жақияновтың тағдырына прокуратураның араласқандығы баяндалыпты. Прокурордың айтуынша, Ғалымжан Жақиянов жазасын өтеу барысында түрлі заң бұзушылықтар жасаған. Мақала авторының айтуынша, Жақияновтың ісін мұқият тексерген прокурор оған байланысты айыптаулардың қаншалықты заңды екендігіне назар аударғысы келмеген.

“Свобода слова” басылымының кезекті санында Ғалымжан Жақияновтың тағдырына байланысты мақалалар топтамасы ұйымдастырылыпты. Өз мақаласында журналист Гүлжан Ерғалиева белгілі оппозиционер Ғалымжан Жақияновты түрмеде ұзағырақ ұстаудың билік үшін ғана тиімді екендігін айтып өтіпті. Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис болса аталмыш басылым арқылы белгілі оппозиционер Ғалымжан Жақияновты босатуға байланысты прокурордың қарсылығының қисынсыз екендігі туралы өз ойын білдіріпті.

“Жас Алаш” басылымының бейсенбілік санында жарық көрген Шадияр Естемірұлының “Тауық жылының тағлымы мен тәлкегі” атты мақаласында саяси тұтқын Ғалымжан Жақияновты босату бүгінгі күннің ең басты сұрақтарының бірі болып тұрғандығы айтылыпты. Мақалада саяси тұтқын Ғалымжан Жақияновты босату туралы мәселенің ендігі уақытта 10 қаңтарға қалдырылғандығы сөз болыпты. Сонымен қатар “Жас Алаш” газетінде аптаның басында Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов бір тор мәдениет және өнер қайраткерлеріне Қазақстан Президентінің жарлығымен наградалар тапсырғанда, жазушы Сапабек Әсіптің “Ерен еңбегі үшін” медалін алудан бас тартқандығы сөз болыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында жазушы Сапабек Әсіпұлы оның себебін жерді сатуға білдірген қарсылығы екендігі ретінде түсіндіріпті. Өз сөзінде жазушы Сапабек Әсіпұлы жерді сатуды заңдастырып алудың салдарынан қазақтардың жерсіз қалғандығын, тас-талқаны шыққан ауылдар мен шағын қалалардың бір жарым миллиондай қазағының босқын болып кеткендігіне тоқталыпты. “Мұны мен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақты құнарлы жерден қағыс қалдырғанының қырсыздығы деп білемін. “Сонықтан “Ерен еңбегі үшін” медельін алудан бас тартамын” депті жазушы Сапабек Әсіпұлы “Жас Алаш” газетіне берген сұхбатында.

Ал, “Время” газетіне берген сұхбатында жазушы Сапабек Әсіпұлы мемлекеттік марапаттан бас тартуының себебін, ауыр аймақтарда тұратын халықтардың тұрмысы туралы көтерген проблемасы шешілмегендігімен түсіндіріпті.

“Түркістан” газетінің бейсенбілік санында “Менің Қазақстаным” әнінің келесі жылдан бастап Әнұранға айналуы мүмкін екендігі хабарланыпты.
XS
SM
MD
LG