Accessibility links

Е.Адамовты Ресейге беру туралы шешім – шынында да Мәскеудің жеңісі ме?


Ресей “қанағаттанды”, Америка Құрама Штаттары “қапаланды”, ал Швейцария ұзаққа созылған қиын “міндетінен” құтылды. Швейцарияның федералдық сотының Евгений Адамовты оны “алаяқтық жасады” деп айыптаған АҚШ-қа емес, “қаржыны талан-таражға салды” және “қызмет бабын асыра пайдаланды” деп айыптаған өз елі - Ресейге беру туралы үкім шығаруын сарапшылар “Мәскеудің дипломатиялық жеңісі” және “Вашингтонның жерге қарап қалғаны” болды деп бағалады.

Желтоқсанның 29-ы күні қабылданған сот қаулысы – 2005-інші жылдың 5-інші мамырында Е.Адамовтың Берн қаласында қамауға алынған сәтінен бері 8 ай бойы жалғасқан заң мекемелерінің теке-тіресін, дипломатиялық “қабақ шытуды”, “қырғиқабақ көрсетуді” күрт тыйды. Ресейлік “Интерфакс” агенттігінің хабарлауынша, Ресейдің сыртқы істер министрлігінің өкілі Михаил Камынин: “Біз Швейцарияның Федералдық сотының үкіміне қанағаттандық”, деп мәлімдеді. “Газета.ру” басылымы Ресейдің атом энергетика Агенттігінің аты-жөнін атамаған өкілінің де “Біз бұл қаулыға ризамыз; бұл – халықаралық құқыққа сай шешім” деген осы сықылды пікірін келтірді. Сонымен қатар Агенттік өкілі: “Оны (Е.Адамовты) АҚШ-қа бергенде, оған қаншалықты қауіп төнетінін айту қиын. Е.Адамовтың өзі АҚШ үкіметінің қысымынан сескенді” дегенді қосты.

29-ыншы желтоқсан күні жариялаған мәлімдемесінде АҚШ-тың мемлекеттік департаменті: “Швейцарияның Жоғарғы Сотының Е.Адамовты Ресейге беру туралы шешім қабылдағанына Америка Құрама Штаттары қапаланды”, деп атап көрсетті.

Швейцария үкіметі Е.Адамовты ресми Вашингтонның сұрауы бойынша қамауға алды. АҚШ үкіметі оны Ресейдің ядролық қауіпсіздігін нығайтуға америкалық салық төлеушілердің есебінен бөлінген 9 млн. доллар мөлшеріндегі қаржылай көмекті жымқырып, ол қаражатты АҚШ пен Украинадағы және Ресейдегі өзінің жеке-меншікті жобаларына жұмсады деп айыптады. “Вашингтон пост” газетінің жазуына қарағанда, аталған қылмыстар Е.Адамовтың Ресейдегі ядролық ғылыми-зерттеу Институттарының бірін басқарып отырған 1990-ыншы жылдары болған. Дәл сол кезде Институтты АҚШ қаржыландырған көрінеді.

Егер Е.Адамов Американың қолына түсетін болса, онда Вашингтон оны қысымға алып, Мәскеудің ядролық құпияларын ашуға мәжбүрлеуі мүмкін деп сескенген Ресей де оған 1998-2001-інші жылдар аралығында атом энергетикасы бойынша министр болып тұрғанында 17 млн. доллар қаржыны жымқырды деген айып тағып, оны өз қолына беруді өтініп Швейцарияға хат жолдады. Өткен қазан айында Швейцарияның Әділет министрлігі Е.Адамовты АҚШ-қа беру туралы қаулы шығарды. Мәскеу бұл қаулыны әділетсіздік деп бағалап, аталмыш шешім екі елдің қарым-қатынасына кесірін тигізеді деп ескертті. 22-нші желтоқсан күні берілген шағым бойынша Швейцарияның Жоғарғы немесе Федералдық Соты араға бір апта салып Әділет министрлігінің әлгі қаулысын түбегейлі өзгертетін үкім қабылдады. Швейцария өкілдерінің атап көрсетуінше, бұл үкім не бұзуға, не қайта қарауға жатпайды. Рейтер агенттігі хабарлағандай, Е.Адамовтың швейцариялық адвокаты Штефан Вейренбергтің (Stefan Wehrenberg) айтуынша, Е.Адамов 15 күннің ішінде Ресейге тапсырылуға тиіс. “Лос-Анжелес” газетінің жазуына қарағанда, кеңсесі Мәскеуде орналасқан Саяси зерттеулер Орталығының (PIR Center for Policy Studies) директоры А.Орлов бұл оқиғаны: “Бұл – Ресей үшін маңызды дипломатиялық жеңіс болып табылады”, деп бағалады.

Өткен мамыр айында Е.Адамов ұсталған кезде Ресейдің саясаткерлері Вашингтонның іс-қимылында “саяси астар бар” деп наразы болды. Дәл осы жылы “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатында Е.Адамов егер өзін АҚШ-қа беретін болса, Ресейдің ұлттық қауіпсіздігіне едәуір қатер төнуі мүмкін екенін ескертті. “Егер мен Американың түрмесінде бір-ақ түнді өткізген күннің өзінде де мемлекеттік құпиялар үшін проблема туады”, деп мәлімдеген Е.Адамов өзін Ресейге табыс етуін сұрады. Е.Адамовты АҚШ-қа беру туралы қаулы шығарылғанда, Мемлекеттік думаның әсіре-ұлтшыл Либералдық-демократия партиясынан сайланған депутаты Алексей Митрофанов оған жауап ретінде Мәскеу “біздің территориямызда америкалықты ұстайық” деген мәселені қарастырсын” дегенді ұсынды. Желтоқсанның басында көрнекті антисоветтік диссидент Владимир Буковский “Вашингтон Е.Адамовты “ЮКОС” мұнай компаниясының түрмеге жабылған бұрынғы иесі М.Ходорковский мен оның сыбайласы Платон Лебедевке айырбастау мүмкіндігін қарастырсын” дегенді ұсынғанда, “Қырғиқабақ соғыс” дәуірінің лебі қайта соққандай болды. Е.Адамовты еліне қайтару туралы шешімнің қабылданып қоюына қарамастан, кейбір ресейлік өкіл бұрынғы атом энергетикасы министрі қандай да бір мемлекеттік құпияны біледі дегенге онша сенбейді. Қазан айында ИТАР-ТАСС агенттігі Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Ивановтың “Е.Адамов ұлттық қауіпсіздіккке ешқандай қатер төндірмейді” деген сөзін келтірді. Е.Адамовтың ізінше Ресейдің атом энергетикасы бойынша Агенттігінің директоры болып, қараша айында осы қызметінен босатылары алдында “Эхо Москвы” радиосына берген сұхбатында Александр Румянцев: “Атом энергетикасының министрі болу – мемлекеттік құпияны білу болып табылады” деп атап көрсетті.

Өз кезегінде АҚШ Е.Адамовтың не білетін, не білмейтін құпияларына “қызыққанын” жоққа шығарып, бұл оқиғаны тек қылмыстық іс ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Желтоқсанның 29-ы күні АҚШ-тың мемлекеттік департаменті: “АҚШ тарапынан Е.Адамовқа ядролық энергия өндірісінің қауіпсіздігін нығайту үшін Ресей үкіметіне америкалық салық төлеушілердің есебінен бөлінген қаржы-қаражатты өзінің жеке басы мен мүддесіне жұмсады деген айып тағылды” деп көрсетілген мәлімдеме жасады.

“Рейтер” агенттігінің хабарлауынша, Е.Адамовты Ресейге табыс ету туралы шешім қабылдаған Швейцария соты оның қандай елдің азаматы болып табылатынын, оған тағылған 2 қылмыстық істің де Ресейде атқарылғанын және оны өз қолына беру туралы сұраулардың уақытын басшылыққа алды. Ресей үкіметі өзінің сұрауын Швейцарияға мамыр айында жолдаған болса, АҚШ-тың сұрауы Бернге маусым айының соңында келіп түскен.

30-ыншы желтоқсан күні Е.Адамов Ресей сотында ақталып шыққан соң, Ресей жағы мақұлдаған жағдайда және мемлекеттік құпияларды ашу туралы өзіне қысым жасалмайтынына кепілдік болған күнде АҚШ сотынан да ақталып шыққысы келетінін атап көрсетті. РИА “Новости” агенттігіне ол: “Ресейге оралысымен мен, өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін, еркін адам ретінде Америка сотына бару құқымды пайдаланамын”, деп мәлімдеді.

Осы сөзіне ол “Ресей мен АҚШ үкіметтері өзара келісімге келіп, менің АҚШ-та болған кезімде америкалық құпия қызметтерінің менімен байланысуына тыйым салу жөнінде ымыраға келе алатынына мен кәміл сенемін” деген ойын қосты. “Мен, деп мәлімдеді Е.Адамов сол жолы, АҚШ үкіметінің өзіме таққан жалған айыптарынан толық ақталу үшін Америка сотының алдына бару үшін аянбаймын”.

АҚШ-тан бөлінген қаржыны өзінің жеке есеп-шотына салғанын Е.Адамов жоққа шығармайды; бірақ ондай қадамға қаржыны инфляциядан, Ресейдің тұрақсыз банк жүйесінен және терең тамыр жайған жемқорлықтан қорғау үшін барғанын айтады.

“Вашингтон пост” басылымының жазуынша, оған АҚШ тарапынан тағылған айыптарды Ресей прокуратурасы да тергеуге міндеттеніп отыр.

Е.Адамовтың “ісі” – не АҚШ-тың, не Ресейдің көңілін қардырғысы келмей сасқан Швейцарияны қиын жағдайға қалдырды. Бұл іс, сондай-ақ, Швейцария мен Ресейдің өзара қарым-қатынасы салқындап тұрған кезде пайда болды. Қазан айында Швейцария соты Цюрих қаласының шетінде Петер Нильсен деген әуе диспетчерін өлтірді деген айып бойынша Ресей азаматы Виталий Калоевты 8 жыл мерзімге түрмеге жабу туралы үкім шығарған болатын. Ресейлік 50 мектеп оқушысы отырып келе жатқан жолаушы ұшағы DHL поштасын тасушы жүк ұшағымен әуеде соқытығысып қирағанда Петер Нильсен өзінің диспетчерлік қызметін атқарып отырған.

В.Калоевтың әйелі мен ұлы және қызы осы қайғылы апатта қаза тапты. Ресми Мәскеу оған шығарылған сот үкімін тым қатаң деп бағалап, өзінің жазасын Ресейде өтесін деп В.Калоевты елге қайтармақ болды. Оған қоса қараша айында Швейцарияның кеденшілері Пушкин атындағы көркем-өнер мұражайына жататын 54 картинаны тәркіледі. Кеденшілер әлгі шығармаларды Ресей өзіне 800 млн. доллардай берешегін бермей отыр деп арызданған швейцариялық “Noga” сауда фирмасының сұрауы бойынша тәркіледі.

Ал енді Е.Адамовтың ісі, Швейцариялық swissinfo.org веб-сайтында 29-ыншы желтоқсанда шыққан мақалада айтылғандай, Швейцарияны не АҚШ сынды алып мемлекетті, не болмаса – ара-қатынасы онсыз да ушығып тұрған Ресейді ұятқа қалдырайын ба? дегендей қолайсыз жағдайға душар етті. Бейсенбі күнгі шешім швейцариялық сот билігінің бетіне шапалақ болды және ол АҚШ-қа ұнамайды. Алайда бұл Швейцарияны аса күрделі саяси жағдайдан аман шығарады, өйткені шешімді үкімет емес, іс бойынша ақырғы сөзді айтатын сот қабылдады”, деп жазды жұма күні swissinfo.org.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG