Accessibility links

Алматыда оппозициялық «Жұма-Таймс» газетіне қарсы сот басталды


Бейсенбі күні Алматыда Әуезов аудандық прокуратура шағымына сәйкес «Жұма-Таймс» газетінің меншік иесін жою мәселесін қараған ауданаралық экономикалық сот, газет өкілдерінің «бұл іс экономикалық сотта емес, аудандық әкімшілік сотта қаралуы тиіс» деген өтінішін елемегенімен, заңға сәйкес сот ісін уақытша тоқтатып, қорғанушы жақтың қалалық сотқа шағымдануына мұрша берді. Енді қалалық сот басылым қорғаушысының сауалына жауапты 10 күн ішінде беруі тиіс.

Қазақстандағы қазақ тілді оппозициялық бағыттағы санаулы басылымдардың бірі «Жұма-Таймс» газеті өткен президенттік сайлау науқаны кезінде, «Қазақгейт» ісіне байланысты шетелдік басылымдардан көшіріп басқан бірнеше мақала жариялағаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеп, газеттің ондаған мың тиражы тәркіленген еді. Сайлау өтіп, қортындысы жарияланып, саяси науқан саябырсығанымен, басылымның басынан бұлт кетпей отыр. Алматыдағы Әуезов аудандық прокуратурасы енді бұл газеттің меншік иесі «Жұмаш-Көкбөрі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жою туралы талаппен Алматы қаласының ауданаралық экономикалық сотына жүгінді. Ал газет қорғаушысы бұл істі экономикалық сот емес, әкімшілік сот қарауы тиіс деген уәжбен қарсы шағым берді. Сол себепті қаңтардың 5-күні Алматы қаласының ауданаралық экономикалық соты істі қарап, заң талабына сәйкес, сот ісін уақытша тоқтатып, қорғанушы жақтың қалалық сотқа шағымдануына мұрсат берді.

«Мен мұндай талас экономикалық сотта қаралуы тиіс деп есептеймін, ал шағымданушы жақ онымен келіспейтіндігін айтып отыр. Мұның анық-қанығын жоғарғы деңгейдегі сот шешеді. Мен сот барысында шағымданушы жақтын мәлімдемесін қанағаттандырмау туралы анықтама шығардым, енді шағымданушы жақ менің бұл шешіміме он күн ішінде қалалық сотқа шағымдауына болады. Сондықтан бұл сот ісін тоқтата тұру туралы да шешім шығарып отырмын», - деді Алматы ауданаралық экономикалық сот биі Рауф Бекенов.

«Жұма-Таймс» басылымының иелері егер мұндай сот ісі аудандық әкімшілік сотта қаралса, айыппұлмен құтылуға болар еді, ал ауданаралық экономикалық сот газетті мүлдем жабуы мүмкін деп отыр. Ал газеттің меншік иесі «Жұмаш-Көкбөрі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Жұмаш Кенебай бұның астарында саяси мәселе жатыр деп санайды.

«Прокуратураның жазып отырған шағымында өздері «Жұма-Таймстың» төрт санында шыққан материалдар «Қазақгейтке» байланысты деп атап көрсетіп отыр, яғни бұл арада экономикалық ештеңе жоқ», - дейді Ж.Кенебай мырза

Бірқатар журналистер қазіргі кезде билік өзіне жақпаған басылымды жапқысы келсе экономикалық-шаруашылық сылтаулармен бүркемелейді дейді.

«Газеттің өзін жапса, бұл саяси іс болады, ал газеттің меншік иесін жабатын болса, онда бұл экономикалық іс болады. Оның ішінде прокуратураның шағымында бар: бір-екі рет салықты дұрыс төлемеген, салықты бүйткен-салықты сүйткен деген сияқты, содан кейін айып салынған деген сияқты, таза мынау экономикалық сотқа қатысы бар бір-екі пунктар кіргізіп, талаптарының ішінде жазған, айналдырып экономикалық сотқа әкеп отырғаны сол. Сонда меншік иесі жойылатын болса, газет өзінен-өзі жойылады. Оның үстіне соттың редакцияға беріп отырған тағы да бір шешімінде «Прокуратура мен мына меншік иесінің арасындағы талқы біткенге дейін газетті басқа бір меншік иесіне беруге болмайды» деген шешім шығарды. Мұның барлығы сол меншік иесін жою арқылы газетті жабудың амалы», - дейді, кезінде Қазақстан сотының шешімімен жабылып қалған оппозициялық «СолDAT» газетінің редакторы болған Ермұрат Бапи.

Қазақстанда оппозициялық бағыттағы басылымдардың сот шешімімен жабылып қалуы жылда қайталанатын құбылысқа айналған. Сондай басылымдардың бірі, орыс тілінде шығатын «Республика» газеті де былтыр көктемде осындай меншік иесін жою арқылы жабылған болатын.

Сонымен, «Жұма-Таймстың» иелері мұндай сот ісін аудандық әкімшілік сот ісі қарауы керек деп қалалық сотқа шағымданғалы жатыр. Бірақ, «Жұма-Таймстың» қорғаушысы заңгер Сергей Уткин бұл әрекеттен түк те шықпайтынын, қалалық сот бұл істі бәрібір осы ауданаралық экономикалық сотқа жіберетінін, солайша оппозициялық газеттің жабылуы әбден мүмкін екенін айтып отыр.
XS
SM
MD
LG