Accessibility links

Биыл Қазақстанда ипотекалық несиелердің өсім мөлшері 12 пайызға дейін азаймақ


«Қазақстанның ипотекалық компаниясы» 2006 жылы ипотека несиелерінің жылдық өсім мөлшерін 12 пайызға дейін азайтатындығын хабарлады. Бірақ, сыншылардың айтуынша, банктер көбінесе жарнамадағы уәделерін орындамайды. Қазір Астана, Алматы және Атырау қалаларында ипотекалық тұрғын-үй несиелеріне деген ең үлкен сұраныс байқалады.

«Қазақстанның ипотекалық компаниясы» республикадағы бірнеше банкпен және құрылыс компанияларымен бірігіп жұмыс істейді. Компанияның хабарлауынша, 2007 жылы несие пайыздарының жылдық өсім мөлшерін 11-ге дейін, ал 2008 жылы - 10 пайызға дейін азайту жоспарланған. Осыдан бірнеше жыл бұрын, бұл несие түрі алғаш қолданысқа кіргенде оның жылдық өсім мөлшері 24 пайыздан кем болмайтын. Және алғашқы жарна пәтер құнының жартысынан кем болмауы талап етілетін. Ал, несиені қайтару мерзімі 5 жылдан аспайтын. Ал, ол кезбен салыстырғанда қазіргі талаптар, әрине, жақсы, бірақ «Қазақстанның ипетокалық компаниясы» төрағасының орынбасары Мәлік Сәулебайдың айтуынша, несиені төмен пайызбен алғыңыз келсе кепілдік беруіңіз шарт:

- Қазақстанның ипотекалық несиелендіру кепілдік қорының кепілдігі болса, онда, несиені 10 пайыздық алғашқы жарнамен беруге болады.

Ал, «Қазақстанның ипотекалық компаниясының» негізгі серіктесі Астанадағы «Тұран Әлем банкісінің ипотекалық компаниясы» өкілдігінің бастығы Шыңғыс Тұрлыбековтың айтуынша, ең төмеңгі шама 9,5 пайыз. Бірақ, бұл жағдайда сатып алушы пәтер құнының жартысын төлеуі шарт. Ал, ең жоғарғы деңгей - 11,5 пайыз. Онда да алғашқы жарна 15 пайыздан артық болуы талап етіледі. Бұл ережелер көкек айына дейін жұмыс істейді. Бірақ, жаңадан төмендеу болатындығы жайлы мен естіген жоқпын, дейді ол.

Астанада қазір құрылыс қарқыны басқа қалаларға қарағанда өте тез дамып келеді. Қарапайым тұрғындар ескі үйлерді алғысы келмейді, ал, элиталық пәтерлерді сатып алуға шамасы жетпейді, сондықтан, қарапайым 1-2 бөлмелі пәтерге деген сұраныс өскен, дейді сарапшылар. Ал, бас прокурордың баспасөз қызметкері Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша қазақстандық банктердің жұмысын әліде жақсарту керек:

- Мысалы, мына ипотекалық несие алу үшін, сол кәсіпорынмен азаматтар арасында келісім шарт жасалады. Ал, банктің жасаған келісім шартында 3 жылға дейін, қалтаңызда ақшаңыз болсада сіз несиеңізді жоя алмайсыз. Демек, сіз 3 жылға дейін банкке белгілі бір пайызды төлеп отырасыз. Бұл азаматтардың кәдімгі еркіндігін, құқын жояды деп табылды.

Қазақстандық ипотеканы шет елдермен салыстырып көрелік. Астанада құрылыс жүргізіп жатқан Қытай құрылыс компаниясының өкілі Нұргүлдің айтуынша, Қытайда ипотека несиелері жеңілдетілген талаптармен беріледі.

- 1 жылдан 5 жылға дейін - 4,77 пайыз. Ал, 6 жылдан 30 жылға дейін - 5,04 пайыз.

Әрине, банктер сатып алушыларға көптеген талаптар қояды. Мысалы, болашақ пәтер тұрғыны жас болуы шарт, әйтпесе ол зейнетке шығып несиені өтей алмай қалады, дейді қаржыгерлер. Екіншіден, несие пайызы төмен болу үшін, алғашқы жарна үлкен болуы талап етіледі. Үшіншіден, банк құжаттарды дайындау үшін ақша сұрайды. Осылайша, жарнамада жазылатын төменгі пайызбен көпшілік несие ала алмайды. Банктің талабына көніп көптеген жылдар бойы сіз банкке жоғары пайыз төлеуге мәжбүр боласыз, дейді Астанадан ипотекамен жаңа пәтер алған Жұлдыз Жылқыайдарова:

- Банктің талаптары көп. Алғашқы жарна керек, ол бір. Үйді сақтандыру керек, алғашқы жарна ретінде төлеген ақшаны және өзіңізді сақтандыру керек. Ол пәленше мың доллар болады. Ал, несие алудың тиімді жағы - менің Астанада үйім бар. Жаңа үйді алғашқы жарнасыз алдым. Енді үйге кірген соң жөндеу жасап, жалға беремін. Банкке төлейтін ақшаны жаңа үйді жалға берген ақшадан төлеймін және оның сыртында табыс қалады.

Ал, Астанадағы ең арзан пәтерлердің әр шаршы метрі қолданыста болған «Жигули» машинасының құнымен бірдей болған. Және сарапшылардың бағалауынша жаңа Астанадағы пәтер құны енді төмендемейді, керісінше, өсе бермек. Өйткені, қалаға келіп жатқандар көп. Ал, олар көбінесе пәтер жалдап тұрады. Осылайша, Астанада пәтер сатып алып, оны жалға беріп, ақша табатындар да көбейген.
XS
SM
MD
LG