Accessibility links

Жаңа жылда Қазақстанда сатып алушыларды саудагерлер жылдам несиелермен қызықтырады


2005 жылы Қазақстанда бөлшек сауда айналымы 1 триллион 60 миллиард теңгеден астығ яғни бұрынғы көрсеткіштен 12 пайызға артық. Бұл туралы қаңтардың 9-күні Қазақстанның өндіріс және сауда министрлігі хабарлады. Сауда көрсеткіштерінің өсуінде несиелердің ролі ерекше дейді мамандар. Бірақ, бұл тұтынушы үшін қаншалықты тиімді екені белгісіз.

Астана тұрғыны Индира Төлегенова несие алған сайын ақша санауға кіріседі. Қазір ол дүкендерде жылдам берілетін несие арқылы бірнеше зат сатып алды. Оның пәтеріндегі тұрмыстық техниканың барлығы осы жолмен алынған екен. Тұтынушы Индира Төлегенованың айтуынша, мұндай несиелердің тиімді жағы бар:

- 3 несие алдым, 3 банктен мың доллардан. Біреуін өтеп болдым, енді екеуі қалды. Есесіне, тоңазытқыш, компьютер, сазды орталық алдық. Ел қатарлы тұрайық деп. Екінші жағы, ақшадан қиналып қалған кезде, сол заттарды ломбардқа өткізіп, қолға ақша алуға болады. Басқасын білмеймін, өзім соған үйренгем.

Ал, Астана, Алматы, Қарағанды сияқты ірі қалаларда тұтынушылар сауда орындарында көбірек жүріп, ұсақ зат болса да сатып алу үшін, ірі дүкендердің ішінде балаларға арналған ойын залдары салынды. Оның үстіне, енді несие алу үшін банкке барудың қажеті жоқ, дейді Индира. Астананың сауда орындарында банкирлер өздері отырады. Сіз тек ниет қылсаңыз болғаны. Және тұтынушыларға тауарды азғантай ақшаға алып, кейін біртіндеп өтеу амалы ұсынылды. Бірақ, тұтынушы Индира Төлегенованың айтуынша, бұл несиенің тиімсіз жағы да бар:

- Мысалы, менің кәсіпкер 3-4 құрбым бар. Олар маған кеңес береді: қолма қол ақшаға сатып ал деп. Өздері солай 2-3 жыл күтіп, қолма қол ақшаға алады. Күйеуімнің еңбекақысы аз болған соң, қолма қол ақшаға ала алмаймыз. Әрине, ол дұрыс емес, қарызға кіресің, күнделікті ойлап, стресс аласың. Ал, банктер құжаттарды рәсімдегенде 10-15 минутта жасап береді.

Ал, саудамен айналысатын кәсіпкерлер тұрғындарға жеңілдіктер ескереді. Мысалы, Астанада жиһаз сатып алатындарға бағаның 5-10 пайызы төмендетіледі. Мақсат - өткен жылғы тауарларды тезірек сатып, жаңа үлгілерді ұсыну. Ал, Астананың статистика басқармасының маманы Марина Мисюраның айтуынша, бөлшек сауда айналымы өткен жылы 77 миллиард теңгеден асқан. Бұл бұрынғы көрсеткіштен 15 пайызға артық. Тұрғындардың табысы өсіп, қаржысы көбейген соң, тауар айналымы өскен, дейді ол.

Осындай жоғары көрсеткіштер тек Астанада ғана емес, Қазақстанның басқа қалаларында да байқалады, дейді қаржыгерлер. Өндіріс және сауда министрлігінің маманы Ибраһим Тойшыбековтың айтуынша, соңғы жылда сауда айналымы бүкіл Қазақстан бойынша ұлғайған:

- Елдің әлеуметтік жағдайы көтеріліп келе жатыр. Бұрын тамақ алса, қазір жиһаз, электроника, машина алып жатыр. Содан сауда көтеріліп келеді.

Өндіріс және сауда министрлігінің маманы Ибраһим Тойшыбековтың айтуынша, көтерме саудаға Қазақстанның сауда серіктерінің көбейгендігі жақсы әсер еткен. Соңғы 5 жылда Қазақстан 80 елмен сауда жасаса, қазір 145 мемлекет Қазақстанмен сауда жасауға ынталы. Ал, бөлшек саудада басқа себептер бар, дейді Ибрагим Тойшыбеков:

- Бөлшек сауда айналымы 1 триллион 60 миллиард теңге құрады. Былтырғыдан 12 пайызға өскен. Оның ішінде мемлекеттік сауданың үлесі 1 пайызға да жетпейді. Қалғаны жеке меншік мекемелер.

Экономистердің есебіне қарағанда, әдетте қаңтар айында сауда көрсеткіштері төмен болады, сондықтан сатушылар белсенділігін арттыруға мәжбүр. Бірақ, Кеңес Одағынан қалған ескі жаңа жыл - 13 қаңтар, Валентин мерекесімен 23 ақпандағы бұрынғы отан қорғаушылар күні қарсаңында сауда жоғарылайды, деген болжам бар.
XS
SM
MD
LG