Accessibility links

Президент инаугурациясында «Менің Қазақстаным» әні гимн ретінде алғаш айтылды


Қаңтардың 11-і - композитор Шәмші Қалдаяқовтың ұлы Қасым Қалдаяқовтың отбасы үшін аса қуанышты күн. Себебі, әкеміздің арманы ақыры орындалды дейді Қасым.

- Әкеміздің арманы орындалғаны үшін қуандық. Себебі, ол бұл әнді болашақ гимн болады деп жазып еді. Өкінішке орай, бір нәрсе ғана онша жақсы болмай тұр - Қалдаяқовтың өзі арамызда жоқ, - деді әйгілі композитордың ұлы.

Қасымның өзі Қазақстан президентінің инаугурациясына құрметті қонақ ретінде шақырылыпты. Ол салтанатқа жиналған көпшіліктің жаңа гимнді қалай қабылдағанын өз көзімен көргенін айтады.

- Жиналған жұрттың жартысы бақыттан жылады. Түсінесіз бе, егер ел-жұрт бұл әнді айтпаса, онда бұл мүмкін гимн болмас еді. Ал біздің еліміз «менің елім, менің жерім» деп айтып, міне, гимнге айналды. Сондықтан, бұл ең алдымен бүкіл елдің жеңісі! - дейді Қасым Қалдаяқов.

Бұл кезде «Менің Қазақстаным» әнінің сөзін жазған ақын Жұмекен Нәжімедденовтің қызы Қарлығаш - Алматыда. Ол әкесі жазған өлеңге өзгерістер енгізілгенін құптамайды.

- Сөзіне өзгерістер енгізгені маған ұнаған жоқ, шынымды айтайын. Папамның өзі жоқ қой?! Өзі болса, жарайды. Өзі жоқ адамға қалай?.. Ертең жаңа-жаңа сөйлеп жатқан балаларға жатталса, онда бұл ән осы мәтінмен айтылып кетер. Бірақ, мен бұрынғы өлең айтылғанда жылағым келеді, - дейді Қарлығаш.

Ақын Исраил Сапарбайдың айтуынша, шамамен 50 жыл бұрын ақын Жұмекен Нәжімедденов жазған, ел ішінде кеңінен таралған өлеңге бүгін өзгерістер енгізу көңілге кірбің түсіріп қана қоймайды, әннің жаңа мәтіні ортаңқол дүние болып шыққан:

- Мәтінінің өзгеруімен келіспеймін. Біріншіден, Жұмекен Нәжімедденов - марқұм болып кеткен ұлы ақындарымыздың бірі. Мұсылмандық болсын, өзіміздің қазақ дәстүрі болсын, о дүниелік болып кеткен адамның мұрасын өзгерту дұрыс емес. Өзім мына мәтінді көрдім, оқыдым. Бірақ көңілім толған жоқ, - дейді И.Сапарбай.

Десек те, Жұмекен Нәжімедденовтің жары Нәсіп Нәжімедденова өлеңге өзгерістер енгізілуі қазіргі заманға сай деген ойда:

- Сөзіне енгізген өзгерістері жақсы. Қазіргі заманымызға лайықты. Көңілімнен қатты шығып отыр.

Жаңа гимнді қуанышпен қабылдағандар арасында композитор әрі әнші Алтынбек Қоразбаев та бар. Оның айтуынша, қалай болғанда да «Менің Қазақстаным» әні халыққа жақын, сол себептен, гимн болуға толық лайықты:

- Дұрыс деп есептеймін. Себебі, бұрынғы гимн классикалық үлгіде еуропалыққа жақындау ауырлау ән болатын. Өлеңін де, әнін де халық жаттай алмады. Ал мына әннің авторы Шәмші ағай халыққа жақын адам ғой. Оның әні де елге жақын, халыққа тән. Жаттауға да, орындауға да оңай.

Ал «Азаттық» радиосының тілшісімен сөйлескен бұрынғы гимн авторларының бірі «Менің Қазақстаным» сөзсіз жақсы ән, бірақ ол гимндік жанрда жазылмаған деп есептейді.

- Гимн деген - тек өлең емес, саяси құжат, манифест, поэзияның ерекше жанры. Поэзиялық қана емес, музыкалық та жанр. Ол гимн шарттарына жауап беруі керек. Бұл сөзсіз жақсы ән. Бірақ, гимн жанрында жазылмаған, бұл – марш! – деді өз аты-жөнін атамауды сұраған бұл адам.

Осыған дейін қабылданған Қазақстанның мемлекеттік әнұран мәтіні, 1992-ші жылы Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева бірлесіп жазған, конкурсқа ұсынылған 750 жобаның ішіндегі ең үздігі деп танылған болатын. Ал ол гимнің әуенін 1944-ші жылы композиторлар Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди жазып, ұзақ уақыт әуелі Қазақ ССР-інің, а кейіннен тәуелсіз Қазақстанның гимні ретінде шырқалып келді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG