Accessibility links

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми лауазымға тұру рәсіміне шетелдік қонақтарды қоса есептегенде 800 адам қатысты


Қаңтардың 11-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми лауазымға тұру рәсімінің салтанаты өтті. Оған шетелдік қонақтарды есептегенде 800 адам қатысты. Президент Назарбаев атқарылған жұмыстарға тоқталып, болашақ жоспарларын айтты.

Рәсімді ұйымдастырушылардың хабарлауынша, сәрсенбінің сәтті күні әдейі таңдалды. Және қазақ үшін қасиетті саналатын 7 саны ескерілген. Өйткені, салтанат басталмас бұрын, 7 рет зеңбіректен оқ атылды. Сосын, Қазақстан президенті Назарбаев қолын Конституцияға қойып ант берді:

- Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан республикасының конституциясымен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтарымен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан республикасының өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал ақтауға салтанатты түрде ант етемін.

Бұдан кейін президент мемлекеттік рәміз – Қазақстан Республикасының жалауын сүйіп, тағзым жасады. Ал санаулы күндер бұрын ғана қабылданған елдің жаңа гимні тұңғыш рет осы салтанатта ойналды. Және айта кететін жайт, президент Назарбаев мәтінді жазған авторлардың бірі ретінде аталды. Инаугурацияға Біріккен Ұлттар, Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық, Шанхай ынтымақтастық ұйымдарының өкілдері қатысты. Баспасөз орталығында журналистерге интернет желісіне тегін кіруге және әлемнің кез келген нүктесімен телефонмен тегін байланысуға мүмкіншілік жасалды. Ақпарат министрлігінің өкілі Ләззат Танысбайдың айтуынша, бұл рәсімге көптеген шетел қонақтары шақырылған:

- 70 мемлекеттен астам өкілдер қатысты, ал, журналистерге келсек, 300 адам қатысты, 20 мемлекеттен. Тұңғыш рет Қазақстанда үлкен баспасөз орталығы құрылды. Бұл жерде журналистерге қажетті құрал-жабдықпен жағдай жасалды.

Ақпарат министрлігінің өкілі Ләззат Танысбайдың айтуынша, көптеген қонақтар Қазақстан бюджетінің есебінен келген:

- Қаржы шығыны мекемелердің арасында бөлінді. Мысалы, мәдениет қызметкері болса, ол мәдениет министрлінінің үлесіне тиді, оның қаржысын көтеру. Біреулер мемлекет есебінен келді, мысалы, жазушылар. Кейбіреулер редакциялардың есебінен, кейбіреулері өз қаржысына келді.

Бір қызығы көптеген қонақтардың киімі бір-біріне ұқсас болды. Заңгер Марат Башимовтың түсіндіруінше, бұл - рәсімнің дипломатиялық этикаға сай өткендігінің айғағы:

- Мына инаугурация барлық жағынан да халықаралық шарттарға сәйкес келеді. Дипломатиялық этикет деген болады. Барлығы жақсы болды. Көп ешкім сөйлеген жоқ. Өзіңіз көрдіңіз, қызыл галстук пен көк костюм киіп отырды. Бұл да дипломатиялық этикет.

Ал, гимн ойналып болған соң президент Назарбаев атқарылған жұмыстарға тоқталып, болашақ жоспарларын айтты. Назарбаевтың айтуынша, Қазақстанда шынайы сөз бостандығы қамтамасыз етілген. Қазақстан халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланған тәуелсіз сот жүйесін құрды, деді президент. Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан тарихындағы тұңғыш ашық әрі әділ сайлау өткен. Мыңдаған жергілікті және шетел бақылаушыларының, халықаралық ұйымдардың арқасында Қазақстан жаһанның назарын аударды, деді ол:

- Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын, Қазақстан халқы демократиялық жолмен әділ, айқын әрі ашық жағдайда елбасы сайлауын өткізіп өз таңдауын жасады. Дүниежүзінің көптеген елдерімен халықаралық ұйымдарына келген бақылаушылардың көз алдында өткен бұл сайлау халқымыздың біртұтастығын айқын танытты.

Ал, Ресейдің «НТВ» телеарнасының тілшісі Владимир Кондратьевтің айтуынша, Қазақстан президентінің сайлауындағы 91 пайыз деген нәтиже Кеңес одағы кезіндегі немесе Түркменстандағы нәтижемен пара-пар. Тіпті оның қызы Дариға Назарбаева бұл нәтижені күтпегендігін айтқан, дейді ол:

Ал, «Жас қазақ» газетінің тілшісі Төлендінің айтуынша, бұл рәсім тарихта қалады:

- Негізі, шын мәнісінде өз тарихында таққа отыру, ақ киізге хан көтеру рәсімі қазақ тарихында көп болған. Мысалы, Абылайды 3 жүздің баласы бірігіп, хан көтерген. Ол кезде Абылайды сайламаған, халық таңдаған. Ал, қазір ханымыз, патшамыз Назарбаевты халық сайлады 91 пайызбен. Енді әділ өтті, өтпеді деген әңгіме әлі айтылады. Әрине, кемшіліктер кетті. 20 жылдан астам билеп келе жатқан президент қайтсе де әкімшілік ресурсты қолданбайды емес, қолданады. Ол қай президент болмасын қолданады.

Ал, Назарбаевтің айтуынша, осы уақытқа дейін, аса күрделі 3 міндет шешілген.

«Біз өз мемлекеттігімізді құрдық. Әлемдегі ең серпінді деуге лайық экономика сомдадық және Еуразияның дәл жүрек тұсынан жаңа Астана орнаттық», деді ол.

Ресейдің «НТВ» телеарнасының тілшісі Владимир Кондратьевтің айтуынша, Назарбаев мықты, сенімді және алдағы әрекеттері белгілі жетекші. Сондықтан, ол 1989 жылдан бері Коммунистік партияның бірінші хатшысы кезінен билікте келе жатқан динозаврлардың бірі, деді ол.

Ал, «Жас қазақ» газетінің тілшісі Төлендінің айтуынша, Қазақстанда әлі атқарылмаған іс жетерлік:

- Мысалы, АҚШ-та адам құқығы қатты қорғалады, кез-келген қайыршының, аула сыпырушының құқығы. Ал, бізде адам құқықтарына келгенде көп нәрсе кейін қалып отыр. Бірақ, соған ұмтылып жатқанымыздың өзі қуанышты оқиға.

Жоспарға тоқталғанда Назарбаев алдағы 10 жылда Қазақстанды әлемнің бәсекеге ең қабілетті 50 мемлекетінің қатарына қосам деген мақсатын білдірді. Сондай-ақ, болашақ жоспарда Бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына кіру және Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуді қарастырамыз, деді ол. Ал, сыртқы саясатқа тоқталғанда, Қазақстан Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен стратегиялық серіктестік тұғырынан таймайтын болады, деді президент.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG