Accessibility links

Астанада пәтерді жалдау бағасы көтерілді


Астанада пәтерді жалдау бағасы көтерілді. Бұл туралы Астанадағы риэлторлық компанияларды зерттеген сарапшылар хабарлап отыр. Пәтердің ішін әрлеп, Еурожөндеуден өткізсе, оны жалдау құны 1500 долларға жетеді, дейді мамандар. Риэлторлардың айтуынша қазір Астанадағы пәтерлерді төртке бөлсе болады. Ең арзандары қаланың сыртында. Екінші орында ықшам аудандар. Орташа бағалар орталықта кездеседі. Ең қымбаты сол жағалаудағы пәтерлерде.

Астанада пәтер жалдап тұрамын деп аштан өлетін болдым, дейді қалаға көшіп келген Айдос Ертаев. Оның айтуынша, Қазақстанның басқа ұсақ қалаларындағы жағдай қиын, ал, Астанада өмір сүруге болады. Бірақ, пәтерді жалдау тым қымбат, дейді Айдос Ертаев:

- Мен өзі жақындағы аймақтардан келдім Астанаға жұмыс іздеуге. Әуелі келген жылдарымызда пәтер жалдап тұру 100-ақ доллар болатын. Қазір 10-20 есеге қымбаттап кетті деп айтуға болады. Өйткені, қазір қымбат емес орташа пәтерлердің өзін тіпті мың долларға жалдайды. Мен қазір өзім тұрып жатқан шағын бөлменің өзіне 500 доллар сұрайды. Осы жақындағана қымбаттатып үйдің иесі: «егер төлемесең шық, басқа клиенттерім бар», деп қоқан лоқы көрсетіп отыр. Сондықтан амалсыз берем. Айлығымның, тапқан табысымның бәрі соған кетеді.

Ал, пәтерлерді жалға беріп жүрген адамдар керісінше қуанып отыр. Өсіп келе жатқан қалада баспанасы жоқ студенттер, шетелдіктер, кәсіпкерлер, және жұмыс сапарымен келетіндер көбейген. Пәтерді жалға алу бағасы болса, ай сайын өсіп отырады, дейді Астанадан арзан кезінде бірнеше пәтер сатып алған кәсіпкер Ербол Жағыпаров:

- Менің 2-3 үйім бар Астанада. Бір пәтерім қаланың ішінде. Орталықтағы қымбатырақ. Қаланың шетіндегісін арзанға берем. Ең арзаны 500 доллар. Сайлаудан кейін бағаны көтердім. Өйткені, келушілер көп. Астанаға шенеуніктерге джакузи қойып берем. Қарапайым адамдарға қарапайым жөндеу жасаймын. Егер, ақшасын төлей алмаса мен басқа адамдарды кіргізем. Өйткені клиенттер көп.

Сарапшылардың бағалауынша Астанадағы пәтерлердің тең жартысы қазір жалға беріледі. Сондада қонақ үйлерде орындар болмайды. Өйткені, Астанаға келетін адамдардың көбісінің қаладан пәтер сатып алуға шамасы жетпейді. Ал сұраныс өскен сайын баға көтеріліп келеді дейді «Абай риэлти» кәсіпорнының маманы Ғалия Баймурзина:

- Бізде қымбат қазір бұрыңғыдай емес. Қаланың шетіндегі Юго-Востоктағы бөлмелерде кісі басына 5 мың теңгеден. Орталықтағы пәтерлер орташа бағасы 600-800 доллар. Ал, 3 бөлмелі элиталы пәтерлер 1200-ден бастап 2-3 мыңға дейін барады. Ал, егер көтеретін болса проблема жоқ, қалада жалға берілетін пәтер көп.

Қазір ресми мәлімет бойынша қалада 540 мың адам тұрады. Келіп кететіндерді есептегенде 600 мың адам. Жазға таман АҚШ елшілігі көшіп келеді деп хабарланған. Олардан кейін Астанаға басқада елшіліктер көшіп келеді деген ақпарат бар. Риэлторлардың айтуынша осы себептерге орай Астанадағы пәтер жалдау бағасы тағы өсіп сала береді. Қалталы азаматтар жалдайтын пәтердің ішінде сапалы заттар болуын талап етеді. Мысалы, кабельді телеарналарды көру мүмкіншілігі, қымбат жиһаз, электронды тұрмыстық техника тағы басқалар, дейді «Адал» риэлторлық кәсіпорнының маманы Сандуғаш Жүмәділқызы:

- Қаланың сыртындағы жәй времянкалар 200 доллар. Ал, қаланың шетіндегі пәтерлердің ең арзаны 300 доллар. Ал, орталықтағы үйлер 450-500 доллар. Сол жағалаудағы үйлер қымбат. 2-3 бөлмелер 800-ден басталады. Ішінде бәрі бар: кір жуатын машина тағы басқалар. Қымбаттағанда сол бағаға келісім шартқа отырып тұра бересіз.

Дегенмен ең қымбат пәтерлер жаңа әкімшілік ғимараттары бар жаңа Астана салынып жатқан сол жағалауда орналасқан. Ондағы пәтерлерді жалдау үшін ай сайын кем дегенде 1500 доллар, көп дегенде 2500 доллар қажет. Ондада бұл пәтерлерде жиһаз болмайды. Бірақ, дипломаттар оған қарамайды, дейді риэлторлар. Өйткені, оларға жиһазды темір жолмен тегін жеткізуге мүмкіншілік беріледі.
XS
SM
MD
LG