Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.17.2006 жыл


17 қаңтар күні жарық көрген басылымдарда Қазақстан парламентінің он жылдығына орай және жаңадан жасақталатын үкімет мүшелеріне қатысты материалдар жарияланыпты.

Сейсенбі күнгі санында «Егемен Қазақстан» газеті «Президент және парламент: жауапкершілік, өзара сыйластық, ынтымақтастық» атты ҚР парламентінің он жылдығына арналған сараптамалық мақалада Қазақстан президентінің елдегі парламентаризм идеясын жарқын алға апарушы және оның генераторы болды деп жазады. Мақала авторы президенттің Қазақстан Республикасы парламентіндегі Өкілдігінің басшысы, заң ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Әбдірайымов Қазақстан парламенті осы уақыт ішінде қалыптасу жолдарынан өтіп, енді егемен елдегі өз міндетін қалтқысыз атқаратын билік тармағына айналғандығын айтады.

Сондай-ақ бұл тақырыпты өзінің 17 қаңтар күні жарық көрген санында «Казахстанская правда» газеті де кеңірек қаузапты. Онда осы өткен он жыл ішінде Қазақстан парламентінің іргетасын қалап, саясаткер ретінде өсіп шыққан бірқатар депутаттардың елдегі биліктің бұл тармағының қалыптасуына үлкен еңбек сіңіргені айтылған. Дегенменде парламенттің алдағы уақытта да атқарар қыруар жұмыстары алда екені тілге тиек болыпты.

Ал бұл тақырыпқа сейсенбі күні жарық көрген «Экспресс К» газеті шетелдік қонақтардың көзімен қарауға тырысыпты. Қазақстанға іссапармен келген АҚШ-ның бірқатар конгресмендері сенат спикері Нұртай Әбіқаевпен кездесе отырып, Қазақстандағы ұлтаралық татулыққа таңданыс білдіріп, мұндай жетістіктердің мықты заң шығарушы органның қызметіне де байланысты екенін айтқан.

Алайда 17 қаңтар күні жарық көрген санында «Жас алаш» газеті бұл мәселені басқа қырынан қарастырған. Онда ел парламенті мәжілісі депутаттарының соңғы уақыттағы заң шығарушы орган жұмысының әлсіздігіне қатысты күдік-күманды пікірлерге орай шыққан даудың шын мәнінде олардың бір-біріне жұдырық сілтесу арқылы тынуы мүмкін екені айтылыпты. Басылым «Жаға жыртысып жату жарасатын қылық емес» деген тұжырым жасай отырып, Қазақстан парламенті депутаттарының бірқатары шын мәнінде елдегі заң шығарушы органның жұмысына қанағаттанбайтындығы көрініс беріп қалғандығын алға тартады. Мәжіліс депутаттары Е.Әбілқасымов пен Н.Сабилянов және А. Таспиховтардың арасындағы өткен аптадағы дауға орай оның жай-жапсарына сараптама жүргізген аталған басылым: «Депутаттарға өзі сайлаған халықтың қолы жетпесе, бір-бірінің сөзін көтере алмайтын болса, онда бұл парламент мешеу күйінде қалмай ма? Депутаттар сыннан неге үркеді?» деген сынды бірқатар сауалдарды оқырмандары талқысына салыпты. Және де аталған депутаттардың елдегі парламент қызметіне қатысты пікірлерін де ортаға салған. Мәжіліс депутаты Амангелді Таспихов бұл ретте парламентті тарату керек деген пікірді өзі бұған дейін жаңсақ айтқанын алға тартыпты. Бұл турасындағы ойларын депутат былайша білдіреді: «Егер елімізде саяси реформалар жасалатын болса, онда жаңа заманға лайық парламентке деген қажеттілік туатыны белгілі. Мысалы, менің жеке басым үшін де бұл парламенттің тарамағаны тиімді болуы мүмкін. Астанаға көшіп келдік, балаларымыз да орналасып қалды дегендей. Бірақ мемлекеттік мүдде үшін, яғни конституциялық реформа жүріп жатса, мен мандаттан бас тартуға да бармын». Мәжіліс депутаты Амангелді Таспихов бұл ретте елдегі парламенттің қазіргі қызметіне өз басы көңілі толмайтындығын осылайша білдірген. Және де ол өткен шақырылымнан қазіргі депутаттардың деңгейі төмен екенін айтады. Парламент ешқандай министрді тәртіпке шақыруға қауқары жоқ дейді ол. Сондай-ақ осы санында «Жас алаш» газеті сәрсенбі күні жаңа премьердің есімі белгілі болып, бірқатар үкімет мүшелері қайта тағайындалатындығын айтады.

Бұл тақырыпқа кеңірек сараптама жүргізген «Алтын орда» басылымы өзінің соңғы санында елді қызықтырып отырған жаңа үкімет басшысының есімі екенін алға тартады. Ал министрлердің толықтай дерлік өзгеруі мүмкін екенін айтады.
XS
SM
MD
LG