Accessibility links

Қазақстанда құрылымдық жағынан «Әл-Қаида» халықаралық лаңкестік ұйымының құрамына кіріп, шетелден басқарылған деп айыпталған топ мүшелері сотталды


Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай «Орталық Азияның Жамаат моджахеттері» деп аталатын лаңкестік топ мүшелері ұзақ жылдарға бас бостандықтарынан айырылды. Айта кететін жайт, Қазақстан заңдары бойынша азаматтар діни көзқарасы үшін заңмен қудаланбайды. Кейбір саясаткерлер болса, дінге берілген адамдарды жазалау арқылы Қазақстанда режимді күшейту мақсаты көзделуі ықтимал деп есептейді.

Топ құрамында жанпидашы ретінде дайындалған Оңтүстік Қазақстан облысында тұрған әйел бар. Бұл әйел тұрмысы төмен, сыртқы әсерге берілгіш, ажырасқан, қолында кішкентай балалары бар әйелдердің ішінен іріктелген, дейді комитет басшылығы. Сондықтан, тергеушілер оларды лаңкесшілердің құрбандары ретінде қарастырған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметкері Ислам Бекішевтің айтуынша, осы әйелден басқа топ мүшелері ұзақ жылдарға бас бостандықтарынан айырылған:

- Жамбыл облысының соты «Орталық Азияның Жамаат моджахеттері» деп аталатын лаңкестік топтың 16 мүшесін соттады. Тергеу кезінде олардың халықаралық лаңкестік ұйымдармен қатынастары болғандығы анықталды. Оның ішінде топ жетекшісі Жақшыбек Биймырзаев 25 жылға кесілсе, қалғандарының мерзімдері азырақ. Ал бір әйел бас бостандығынан айырылған жоқ, оған басқа шаралар қолданылды.

Қазақстандық саясаткерлердің бірі Дос Көшімнің пікірінше, дінге берілген адамдарды жазалау арқылы басқа мақсат көзделуі мүмкін:

- Мысалы, 80-ге жуық «Хизб-ут-Тахрир» адамдарының кінәсына күдігім бар. Жаңағы түрмеде отырған адамдар шынында да біздің конституциялық негізге нұқсан келтіріп отыр ма, не болмаса қару таратып жатыр ма? Әлі де болса күдіктімін. Бұның бәрі соңғы уақытта компанияға айналып бара жатқан сияқты.

Бұған дейін комитет басшылығы топ мүшелері дінге шексіз берілген адамдарға құран сүрелерін бұрмалап лаңкестікке уағыздаған деп хабарлаған. Рухани басшылардың барлығы бірдей дінге сенушілерге әрдайым оның нақты негізін жеткізіп айта бермейді, дейді комитет басшылығы. Осы олқылықтарды пайдаланған лаңкесшілер оларды экстремистік мақсатта падаланады, дейді Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қозы-Көрпеш Қарбозов:

- Дінге берілуде мемлекет тарапынан ешқандай қарсылық жоқ. Ал, енді сол дінді уағыздайтын адамдар бағыттарын дұрыс түсіндірмейді.

Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының өкілі Әдбімүтәліп Дәуренбековтің пікірінше, іслам дініндегі барлық мәліметті толық білу қиын. Бірақ, Қазақстанда іслам дінінен хабардар болам деген адамға шектеу жоқ, бұл саладағы әдебиетте бастан асады, дейді ол:

- Біз қазір насихатты үйіп-төгіп тастағанымызбен беріп жатқан насихатымызды толық қабылдай алмайды.

Қазақстандық саясаткерлердің бірі Дос Көшімнің пікірінше, Қазақстан дінді мемлекет қадағалап отыруға тырысады. Билік мүфтиді сайлайды. Ал халық осындай діннен безіп, түрлі секталар іздей бастайды, дейді саясаттанушы:

- Егер діннің, әсіресе мұсылман дінінің тек қана таралуына көмектесіп қана қойса біздің діни орталығымыз не болмаса біздің бас мүфтиіміз, онда мұндай жағдайдың біразы болмас та еді. Сондықтан түрлі секталарға кірудің өзін мемлекеттің өзі жасап отыр деп ойлаймын.

Шығыстанушы Бекқожа Жылқыбекұлы бұл пікірге қосылып отыр:

- Іслам дінін дұрыс уағыздамағандықтан оны түсінбегендер басқа дінге қашатындығы сөзсіз.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті лаңкестікке уағыздайтын әдебиет, бейне және аудиотаспалар, жалған төлқұжаттар, жарылғыш заттардың тетіктері мен оқ-дәрі тәркіледік деген. Оның ішінде Усама Бен Ладеннің лаңкестікке уағыздайтын мәліметтері бар, деп хабарланған. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қозы-Көрпеш Қарбозовтың айтуынша, топ мүшелері кезінде шағын діни топтарда болған:

- Ұйым барлық мүшелері дінге шектен тыс берілген және радикалды көзқарастарды баулитын жасырын не болмаса жартылай жасырын худжырларда оқып жүргенде, лаңкесшілердің назарына іліккен.

Қазақстанның мұсылмандар діни басқармасының уағыз насихат бөлімінің меңгерушісі Әдбімүтәліп Дәуренбековтің пікірінше, лаңкестікті болдырмаудың бір амалы бар:

- Қазақстанда мұндай нәрсені болдырмас үшін, шеттен келген ағымдарды тоқтату керек.

Шығыстанушы Бекқожа Жылқыбекұлы бұл пікірге қосылып отыр:

- Белгілі мақсатпен келген ағымдар бар. Олардың мақсаты мемлекеттегі жалпы идеологияның осалдығын пайдаланып, мемлекетте өз үстемдігін құру. Мұндай ұымдарды лаңкесшілер қатарына жатқызып жатқандығы оң, бірақ, классикалық дінмен өзіміздің ұлттық дінмен шатастырып қайшылықты қоздыру бұл қате.

Сотталған адамдарға сілтеме жасаған комитет қызметкерлерінің айтуынша, лаңкестік әрекетке қатысу әрекеттері мұсылмандарға қысымшылық жасап отырған, Өзбекстан билігіне және олардың ойынша, Америка Құрама Штаттары, Ұлы Британия және Израиль сияқты іслам жауларымен күресу керек деген ұғымда жасалған.
XS
SM
MD
LG