Accessibility links

Ауғанстан: Лондон конференциясының күн тәртібіне реформалардың келесі сатысы қойылды


Алдағы аптада 70 елден келген делегаттар Ауғанстанның келешегіне арналған 2 күндік конференцияға жиналады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оның күн тәртібіне қойылған ең басты мәселе - “Ауғанстан пактісі” деген атауымен белгілі құжат болмақшы. Бұл – Ауғанстан үкіметінің халықаралық қауымдастықпен болашақтағы ынтымақтастығын дамытуға арналған жаңа 5 жылдық жоспар болып табылады. Болашақ дамуының басым бағыттарын – “Дамудың ұлттық стратегиясын” ауған үкіметі де жариялауға тиіс. Келесі сейсенбі-сәрсенбі күндері британ премьері Тони Блэрдің, БҰҰ-ының Бас хатшысы Кофи Аннанның және Ауғанстан президенті Хамид Қарзайдың төрағалық етуімен “Лондон конференциясы” жұмыс істейді. “Бонн процесі” бойынша саяси реформалардың аяқталуынан кейінгі Ауғанстанға “Лондон конференциясы” қандай көмек ұсынатынын біздің тілшіміз саралап көрген болатын.

БҰҰ-ының Бас хатшысының Ауғанстандағы арнаулы өкілі Жан Арно ауған үкіметі мен халықаралық қауымдастықтың бірлесіп дайындаған “Afghanistan Compact” немесе “Ауғанстан пактісі” жоспарын “тамаша құжат” деп сипаттайды. Оның айтуынша, бұл құжат – Ауғанстанға арналған халықаралық көмектің сол қалпында қалуын ғана емес, алдағы 5 жылда ұлғая түсуіне кепілдік берудің жоба-жоспары болып табылады. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында БҰҰ-ының Ауғанстандағы Көмек миссиясының өкілі Адриан Эдвардс 2001-інші жылдың желтоқсанындағы “Бонн келісімінде” көрініс тапқан шарттардан өзге ауған реформаларын жүзеге асыру басты мақсат болып отырғанын атап көрсетті.

“Лондон конференциясының” өзі – біздің Ауғанстанмен бірге аяқ басатын келесі шешуші қадамның жоспары. 2001-інші жылы біз “Бонн процесі” деген атауымен белгілі болған Бонндағы кездесуден бастағанбыз. Онда бұрынғы басқарудың орнына қайта құру процесінде сайлау және т.б. нәрселерді жүзеге асыру көзделді. Таяуда “Бонн процесі” аяқталды, өйткені оның шешуші қадам ретінде парламентке ие болдық. Міне сол себепті де ілгеріге қадам жасау мен алдағы 5 жылда халықаралық көмектің болуына кепілдік беру үшін шынында да “Лондон” қажет болды”, - деді А.ЭДВАРДС.

А.Эдвардстың атап көрсетуінше, ауған үкіметінің әлдеқайда тәуелсіз болып, даму үрдісін өзінің қолына алуы үшін “Ауғанстан пактісі” жоспары “Бонн процесінен” кейінгі келесі қадам болып табылады. Алайда, деп ескертеді А.Эдвардс, “Бонн процесінен” кейінгі келесі қадам – алдағы жылдарда іске асырылатын реформалар үшін Кабулдың өзіне көбірек жауапкершілік алуын талап етеді.

“Келесі саты туралы түрлі сипаттама естиміз. Кейбіреулерден екінші “Бонн процесі” дегенді естісек, өзгелердің “Лондон процесі” дегенін құлақ шалады. Менің ойымша, Ауғанстанның тікелей өзі, оның жаңа үкіметінің шын мәнісінде жетекші рөл атқаратын қайта құрудың келесі сатысы болғаны ақиқатқа жақындау сияқты. Өткен 4 жыл ішінде осы үкіметті қолдау мақсатында халықаралық қауымдастық орасан зор күш-жігерін жұмсады. Ал алдағы бірнеше жылда бұл – шынайы “Ауған процесіне” айналады ғой деп үміттенеміз”, - деді А.ЭДВАРДС.

Ауғанстан бойынша сарапшы әрі Нью-Йорк университетінің халықаралық ынтымақтастық мәселесі бойынша зерттеу Орталығының директоры Барнетт Рубиннің пікірінше, “Afghanistan Compact” – “Ауғанстан пактісі” жоспары – “Бонн процесінен” айтарлықтай ерекшеленеді.

“Бұл – тек саяси келісім емес. Бұл сайлау өткізуді және үкіметті жасақтауды жобаламайды. Олар “Бонн келісімінде” болатын. “Ауғанстан пактісі” – шынында да мемлекетті қалыптастырудың барлық талап-шартын қарастырады. Ол – қауіпсіздік мәселесі; ол – үздік басқару жүйесі туралы, құқықтық нормалар мен адам құқын қорғау туралы айтады. Және де ол – экономикалық және әлеуметтік даму туралы айтады. Және ол осылардың барлығы да бір-бірімен тығыз байланысты екенін, бірінсіз бірінің алға жылжымайтынын негіздеп мойындайды”, - дейді Б.РУБИН.

А.Эдвардстың айтуынша, есірткі өндірісінің “лордтарымен”, яғни қожайындарымен күрес – “Ауғанстан пактісі” жоспарының өзге элементермен тығыз байланысты құрамдас бөлігі болып табылады.

Шетелдік көмектің бей-берекетсіз бүкіл Ауғанстанға таралуына қатаң бақылау орнату – ресми Кабулдың қойған талап-шартының бірі болды. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Ауғанстанның сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла ауған үкіметі бұдан былай халықаралық көмектің ұлттық бюджет арқылы бағытталуын көздейді деп мәлімдеді.

“Біздің халықаралық қауымдастыққа айтар нақты ұсынысымыз: шетелдік көмекті бөлу ісінде ауған үкіметінің рөлі күрт артуы керек. Бастапқыда, “Бонн процесі” бойынша, барлық көмек халықаралық ұйымдар арқылы бөлінді. Бұл енді өзгерді. Дегенмен де, “Лондон конференциясының” барысында Ауғанстанның қол жеткізген оң жетістіктеріне көз жеткізген халықаралық қауымдастықтан біз жаңа міндеттемелер ала аламыз ғой деп үміттенемін. Біз, сондай-ақ, шетелдік көмекке қатысты үкіметтің атқаратын рөлі де өзгереді-ау деп үміттенеміз”, - дді ауған сыртқы істер министрі А.АБДУЛЛА.

“Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Ауғанстанның қаржы министрі Әнуар Уль-Хақ Аһади: “Ауғанстан бюджетін әлдеқайда ашық еткен таяудағы реформаларға қарамастан, өздерінің қаржылай көмегі Ауғанстанның мемлекеттік бюджетіне келіп түспей жатып-ақ кейбір донор ел ресми Кабулдан әлі күнге дейін бухгалтерлік есеп-қисаптың үздік стандарттарын талап етіп келеді”, деп мәлімдеді.

“Ауғанстан үкіметі барлық шетелдік көмек халыққа үкімет мекемелері арқылы бағытталуы керек деп есептейді. Біз бұл проблеманы “Лондон конференциясында” көтермекшіміз. Біз халықаралық қауымдастықтың осы проблема бойынша уәжі даусыз емес деп ойлаймыз. Алайда, осыған байланысты кейбір донор елде заң жүзінен проблемасы бар. Мысалға, АҚШ – ең басты донор ел. Бірақ та олардың заңнамаларына сәйкес, өз көмегінің басым бөлігін АҚШ ауған үкіметі арқылы бағыттай алмайды”, - дейді министр Ә.АҺАДИ.

Ақыр соңында ресми Кабул аталған проблема бойынша осы аптада Батыс елдерінің Ауғанстанға арналған көмегін бағыттаудың қалыптасқан жүйесі - Х.Қарзай бастаған биліктің іс-қабылетін төмендетіп, даму келешегіне бөгет болады деп мәлімдеген Дүниежүзілік банк жағынан қолдау тапты. Дүниежүзілік банк экономистерінің айтуынша, донор елдер, олардың ішінде АҚШ пен Ұлы Битания да бар, жиі-жиі еш қадағалаусыз, “бей-берекет жобалармен” әуре болады және онысы кейде ауған әкімшілігін білмеуінен болса керек.

Дүниежүзілік банк болашақта барлық көмек Ауғанстан үкіметінің агенттіктері арқылы бағатталуын ұсынады. Ауғанстанның экономика министрі Әмин Фарһангтің айтуынша, осындай өзгеріс Ауғанстан үкіметіне келешек дамуының жобасы мен басым бағыттарын жоспарлаған “Дамудың ұлттық стратегиясын” жүзеге асыруына жақсы әсер етер еді. “лондон конференциясында” осы стратегия да талқыланады. Ал “Ауғанстан пактісі” – Ауғанстанның ұлттық полициясын нығайтуды және болашақта ерекше назар аудартатын сот билігі жүйесін қайта қалыптастыруды қарастырады.
XS
SM
MD
LG