Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.31.2006 жыл


Қаңтардың 31-күні жарық көрген санында қазақстандық мерзімді басылымдар Оңтүстік Қазақстан облысындағы кейбір ауыл әкімдері 170 миллион теңгеден астам ақшаны дұрыс жұмсамағаны туралы жазған. Мұндай қадамға ауыл әкімдері жоғарыда отырған шенеуніктердің қолдауы арқылы барған деген күдік бар. Осыны анықтау үшін қаржы полициясының мамандары арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқаны айтылған. Әкімдердің есеп бере бастағаны туралы “Жас Алаш” газетіндегі мақалада бұл жолы әкімдер есеп бергенде оларды арнайы нұсқаушылар бақылап отырғаны туралы жазылыпты.

Қаржы полициясының мамандары қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау кезінде миллиондаған ақша жеген шенеуніктердің есімін анықтамақшы деп жазады “Экспресс К” газеті сейсенбі күнгі санында. Алдымен қаржы полициясының мамандары Оңтүстік Қазақстан облысындағы екі ауыл әкімдерінің шағын уақытта қалай байып кеткенін зерттейді. Қазақстанның экономикалық қылмыс және сыбайласқан жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік төрағасы Сарыбай Қалмырзаевтың мәліметі бойынша, Өзбекстан шекарасы маңында орналасқан қазақстандықтардың үйін құлатқанда оларға берілуі тиіс жәрдемақы төңірігінде түрлі айла-тәсіл іске асып, ақша дұрыс жұмсалмаған. Енді қаржы полициясының мамандары әкімдердің артында кім тұрғанын анықтағысы келеді. Әзірге мамандардың айтуынша, әкімдер жоғары лауазымды шенеуніктердің қолдауымен өз жоспарын іске асырған. Осының арқасында Сарбай Қалмырзаевтың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысындағы тек Сарыағаш ауданында 170 миллион теңгеден астам ақша тиісті жерге жұмсалмағаны анықталған.

“Жас Алаш” газетінде жарық көрген “Әкімдер есеп бере бастады” деген мақалада өткен аптада Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қала жұртшылығымен кездесіп, есеп бергені туралы, бірақ бұл жолы әкімнің есебін президент әкімшілігінен жіберілген нұсқаушылар тыңдап отырғаны туралы жазылыпты. «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаеваның өткен аптада ғана айтқан әкімдерді бақылауға қатысты әңгімесін еске алсақ, Дариға ханым “қазан-ошақтың басында” жүріп, біраз жайттан алдын ала хабардар болып алған сияқты» деп жазады “Жас Алаш” газеті сейсенбі күнгі санында. Сонмен қатар “Жас Алаш” газеті өзінің соңғы санында Қасымжомарт Тоқаев республиканың шет елдегі 11 елшіге сөгіс жариялағанын жазған. Қазақстанның елшілерін “Айқын” басылымы да назардан тыс қалдырмаған. Бізге жеткен мәлімет бойынша, Қазақстанның Иран, Оңтүстік Корея, Египет, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, Өзбекстан, Малайзиядағы елшілері Қасымжомарт Тоқаевтың қырына іліккен деп жазады “Айқын” басылымы қаңтардың 31-күнгі санында. Сөгіс бұл тізіммен бітпек емес. Алдын ала жеткен кейбір мәліметтерге қарағанда, Қазақстанның Иран, Оңтүстік Корея, Египет және басқа елдегі кейбір елшілері кері шақырылып алынбақ. «Ал әзірге бір елші ғана жылы орнын ауыстырды. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Қырымбек Көшербаевтың Маңқыстау облысына әкім болып келуіне байланысты Президенттің хаттама қызметінің басшысы Жансейіт Түймебаев Ресейге ауысты. Қазақстанның басты стратегиялық одақтасы – Ресейде елші болу оңай емес, қыруар жұмыс пен күрделі көп жақты жоспарды жүзеге асыруға тура келеді. Түймебаев оны қалай істейді, оны уақыт көрсетер. Алайда еске алатын бір нәрсе, Президент отандық дипломаттарға сын айту арқылы оларға Қазақстанның халықаралық қауымдастықтың алдында беделін одан ары көтеру туралы мәселе қойды деп түсіну керек. Отандық дипломаттар – Қазақстанның шет елдегі бірден-бір өкілі, демек, халықаралық қоғамдастықтағы Қазақ елінің мәртебесі мен абыройы осы елшілердің еңбегі арқылы көрінетінін де жасырмауымыз керек» делінген “Айқын” басылымында.

“Ертіс тағдыры - ел тағдыры” деген мәселені сейсенбі күні санында “Егемен Қазақстан” газеті көтеріпті. Онда өзен тағдырына алаңдаған “Ұлы Ертіс” қоғамдық бірлестігі қауымдастығының президенті Жанайдар Рамазановтың сұхбаты берілген. Көп жылдан бері су мәселесімен шұғылданып келе жатқан маман Жанайдар Рамазанов егер Қазақстанға көршілес Ресей мен Қытай елдері Ертіс суын дұрыс пайдаланбаса, онда 3 мемлекетке ортақ Ертіс өзенінің суы азайып қалады деп дабыл қағып отыр. Маманның айтуынша, бүгінгі таңда қарт Ертістің экологиялық мәселелеріне ең алдымен Ресей мен Қазақстан ғалымдары алаңдаулы, олар осы мақсатта түрлі кездесулер мен конференциялар өткізеді, бірақ мұндай шараларға түрлі себептермен Қытай мамандары қатыспайды. Соңғы рет Омбыда кездесу болғанда Қытай жағы өздерінің Ресеймен шекаралас еместігін алға тартып, кездесуге келмей қойған. Сол себептен ғалымдардың ойынша болашақта мұндай үш жақты кездесулерді Қазақстанда өткізу керек деген тұжырым жасаған. Ертіс мәселесімен қатар “Егемен Қазақстан” газеті республика президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Астанабасжоспар” мекемесінде болғаны туралы жазған. Президенттің жабық есік жағдайында Қазақстанның бас министрі Даниал Ахметов пен Астана әкімі Өмірзақ Шүкеев және бір топ сәулетшілермен кездесу өткізгені туралы “Казахстансая правда” газеті де жазыпты. Онда президент 8 жобаны тамашалағаны айтылған.
XS
SM
MD
LG