Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.03.2006 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда мемлекеттік органдарда істейтін шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлықтың беттері ашылып жатқандығы туралы мақалалар тізбегі жарық көріпті.

Әділет министрлігі жүйесінде жоғары деңгейде тұтқындау шаралары жүрілетін күн жақын қалды, себебі анау мынау емес Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті осы министрліктің тамырына дейін жайылған талай былық-шылықтың бетін ашып отыр деп жазады «Айқын» басылымы жұма күнгі санында. Мақала ауторы Айхан Шәріптің жазуынша, ҰҚК-нің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Хамзат Ибраев осыдан бірер күн бұрын Әділет министрлгініде жұмыс істейтін көптеген ірі лауазымды қызметкерлерге қатысты іс қозғалғаны туралы қалың жұртшылыққа хабарлапты. «Мысалы, КУИС-тің, яғни, қылмыстық түзеу жүйесі комитетінің жекелеген лауазымды тұлғалары пайда табу жолында ештеңеден тайынбайтын болған» деп жазады газет тілшісі. Оның айтуынша, КУИС қызметкерлері жекелеген қылмыскерлерге арақ-шарап, ұялы телефондар, жезөкшелер жеткізіп беру секілді бизнесті жолға қойып алыпты. Мақала ауторының жазуына қарағанда КУИС жүйесінде жүздеген миллионмен есептелетін экономикалық қылмыстар әшкереленіп отыр. «Мәселен, КУИС басшылығы Қазақстан Инжиниринг ұлттық компаниясымен 146 млн 867 мың теңге және «Тандем Астана» ЖШС-мен 217 млн 582 мың теңгеге күзеттік видеотехникаларды жеткізу мен орнатуға келісімге отырған. Алайда әу бастан ешқандай техника әкелу көзделмегені белгілі болып отыр. Өйткені, тауарды тапсыру, қабылдап алу - барлығы өтірік көз бояушылықпен жасалғаны анықталып, бюджеттен қыруар қаржыны қарпып қалмақ болғандарға қайта құсуға тура келді. Әділет министрі Зағипа Балиева осыған байланысты КУИС-тің төрағасын екі орынбасарымен бірге жұмыстан қуды, ал Әділет министрлігінің 26 басқарма бастығының үстінен бүгінгі күні 29 түрлі қылмыстық іс қозғалып отыр» дейді «Айқын» басылымы.

Осы тақырыпты қозғаған «Жас Қазақ» басылымы өткен жылы қазақ-өзбек шекарасын делимитациялау барысында кейбір пысықай шенеуніктердің миллиондаған қаржыны жымқырғаны туралы жазады. Газет тілшісі Төлен Тілеубай «Қазынадан қақпақ кетсе шенеуніктен ұят кетеді» деген мақаласында Өзбекстан мен Қазақстан шекарасына жақын жердегі азаматтардың үйлері бұзғанда өтемақы төлеу кезінде қаржылық қылмыстардың орын алғанын, Оңтүстік Қазақстан облысындағы бір ғана Сарыағаш ауданы бойынша бөлінген 170 млн-нан астам ақша қажетті жерге жұмсалмай, қара басының құлқынын күйттегендер қалтасына түскенін жазады. Шекараны делимитациялауға байланысты үйлері бұзылатын азаматтардың тізімі жасалғанда өтемақы алатындар қатарында шекарадан алыс тұратын адамдардың да аттары жазылыпты. Олар негізінен өзбек азаматтары болып шыққан. Ал ақшаны ұятсыз шенеуніктер қалтаға басқан деп жазады «Жас Қазақ» басылымы.

Ал «Эпоха» басылымы әділет министрлігінің тіркеу комитетіне қарасты жылжымайтын мүлік орталықтарындағы сыбайлас жемқорлықтың етек алғандығын соған байланысты соңғы кезде үш лауазымды қызметкердің жауапқа тартылғандығын жазады.

«Дала мен Қала» басылымы қазақстандық кеденшілер арасындағы пара алу, пара беру, сыбайлас жемқорлық мәселесіне тоқталыпты. Газеттің жазуынша, ҰҚК-нің қызметкерлері аршып, анық еткен Қорғас оқиғасы қазір қоғамда кәдімгідей пікір талас тудыруда. Бұл кеден бекетіндегі апталық көлеңкелі табыс 3-4 миллионды құраған. Қорғас кеден бекеті басшысы бастаған қылмыстық топ құрықталған кезде ірі көлемдегі қымбат бұйымдар табылған. Тек шетелдік автокөлік саны 9, және дайын күйінде 4 млн 200 мың теңге, 522 мың доллар тәркіленген. Газеттің жазуынша алайда кеденшілер осы оқиғадан соң өре түрегелгенін, олар кедендік бекеттен кедергісіз өту үшін әр машинаға 4 мың доллар пара алу дегеннің негізсіз екендігін айтыпты. Қалайда бүгінгі күні осы оқиғаға қатысы бар 16 адамға қарсы қылмыстық іс қозғалыпты.

«Егемен Қазақстан» басылымы жұмалық санында Астана қаласының бүгінгі таңда Қазақстандағы ең қымбат қалаға айналғаны туралы жазыпты. Газет тілшісінің жазуынша соңғы екі жылда қалада коммуналдық қызмет бағалары, қоғамдық көлікте жүру бағалары, азық-түлік бағалары біраз қымбаттаған. Көптеген астаналықтар бүгінгі күні керек-жарақтарын Қарағанды және Алматыдан тасуды әдетке айналдырған. Астана тек қымбат қала ғана емес, сонымен бірге тұрмыс үшін қолайсыз қала болып тұр. Климаттың аса қатаңдығына байланысты Астана тұрғындары автокөліктерін қоятын жылы орын таба алмағандықтан, қазіргі 40 градус аязда машиналарын ашық аспан астында қалдыруға мәжбүр деп жазады «Егемен Қазақстан» тілшісі Сейфолла Шайынғазы.
XS
SM
MD
LG