Accessibility links

Нью-Йорк қаласына қалың қар жауды


Жексенбі күнгі қалың түскен қардан кейін Нью-Йорк қаласында дүйсенбіде күн жарқырап тұрды. Ауа райы болжамдарына қарағанда, алдағы күндері күн жылына түспекші. Жексенбі күнгі қарлы боран, қардың қалың түсуі бойынша, 1947-ші жылғы рекордтық көрсеткішті де басып озды десе болғандай. Сондай-ақ, ауа райының қолайсыздығы Құрама Штаттардың шығыс аймағында бірнеше мыңдаған жолаушыларды әуе жайларда қаңтарып қойған болатын.

Нью-Йорктегі Санитарлық тазалық жөніндегі департамент қардың қалың түсу мүмкіндігіне барынша әзір еді. Сондықтан болар, қаланың әр түкпірлерінде жол тазалайтын, қар күрейтін түрлі техникалар мен басқа да жабдықтар үні түні бойы естіліп тұрды. Соның арқасында, дүйсенбінің таңына қарай қаланың Манхеттн ауданындағы басты көшелер қардан толық аршылған болатын.

Көптеген нью-йорктіктер жексенбідегі демалыстарын үйлерінде өткізді. Түстен кейін қардың жаууы саябырсып, аспан ашыла бастаған сәтте қала тұрғындарының кейбірі балаларын алып, парктерде қыдырды. Онда олар небір қызықты аққала жасаған екен. Азаттық радиосының тілшісі Манхеттенде бірнеше адаммен сөйлескен еді. Олардың бәрі де АҚШ-та туылмағанымен, осында тұратын және жұмыс істейтін азаматтар болып шықты. Солардың бірі Рави деген азамат Мемлекеттік Жоғарғы сотта аудармашы болып қызмет атқарады екен. Үндістанның Гималай таулы аймағында туылған бұл азамат бала кезінде бұрқасын қардың неше атасын кездестірген. Дей тұрғанмен кешегі күн қызық өтті, дейді Рави.

“Таңертеңгілік мен терезе көзінде түрлі айшықтар жасап, жауып жатқан қарды тамашалаумен болдым. Бұл деген ғажайып, тамаша көрініс еді. Менің қалың қарда киетін аяқ киімім жоқ екен. Тым көп орын алатындықтан мен ондай аяқкиімді сатып та алмаппын. Кешкілік барға бардым. Осы маңайда тұратын көршілердің көпшілігі осында жиналған екен. Бұл бір өзінше қызық сәт, көңілді кеш болды. Біз столдар үсті мен бастырма астына аққала жасадық. Оның көздері мен аузының орынына сіріңкелер жабыстырдық. Аққала киімінің түймесі орынына тиындарды орнаттық”, - деді Рави мырза.

Густав деген азамат Исландиядан екен. Ол Нью-Йоркке өзінің қыз жолдасымен бірге келген. Азаттық тілшісіне Густавтың айтуынша, егер қар тым қалың жаумаса Исландияда жағдай керісінше ауырлап кетеді екен. “Өзімді үйдегідей сезініп отырмын. Мен мұнда үйдегіден өзгешелеу ауа райы жағдайын іздеп келген едім. Алайда елімдегідей көрініс алдымнан шықты. Иә, бұл- қалың қар. Алайда мұны мен қарлы боран дей алмас едім. Біздегі тұратын қарлы борандар- өте күшті”,- деді Густав мырза.

Құрама Штаттарының солтүстік-шығысындағы өзге штаттарда әлі қалың қар жатыр. Ауа райының осындай қолайсыздығына байланысты бірнеше жүздеген бастауыш мектептер уақытша жабылған. Мессачусец, Мериланд және Коннектикют аймақтарында жағдайды қалыпқа келтіру үшін Төтенше жағдайлар жөніндегі жасақтар аянбай тер төгуде. Дей тұрғанмен, ЖиЕфКей, Ла-Гардия және Ньюарк әуе жайлары қайта ашылып, күнделікті жағдайда жұмыс істеуде.
XS
SM
MD
LG