Accessibility links

“Мәртебелі поэзия” кешіне қатысып жүрген ақындардың ахуалдары шынымен мәртебелі ме?


Алматыда 20-ақпан күні сағат 17.00-де Қазақстан Жазушылар Одағының “Әдебиетшілер үйінде” сазды-поэтикалық кеш басталды. “Ерлік елдің мұраты” аталатын осы жыр кешінде сонау түркілер дәуірінен бастап бүгінге дейінгі ақындардың өлеңдері оқылды. Алматы қаласының төрінде осындай жыр кеші өтіп жатқанымен, кейбір сарапшылардың айтуынша, соңғы уақыттары жұртшылықтың әдебиетке, әсіресе поэзияға деген сұранысы тым төмендеп кеткен. Мұның себебі неліктен?

Кеңес Одағы кезінде ақын-жазушылардың үлкен мәртебеге ие болғандығы аян. Жарық көрген жинағы үшін қаламгер қауымға қомақты қаржы төленді. Қазақстан мемлекеті нарық экономикасына көшкеннен кейін бұл жүйенің бәрі жойылды да, ақын-жазушылардың ахуалы төмендеп кетті. Бүгінгі уақытта мемлекеттік баспалар 300 бет көлеміндегі жыр жинағын шығарып бергені үшін ақынға 50 мың теңге, яғни қазіргі бағаммен 350 доллар шамасында ғана қаламақы төлейді. Ал, 300 бет көлеміндегі өлеңді кейбір ақындар ондаған жыл бойы жазады екен. Әдебиетте өзіндік қолтаңбасымен танылып қалған жас ақындардың бірі Саят Қамшыгер ақындық жолды таңдағаны үшін қатты өкінетінін айтады.

“Егер де өмірімді қайта бастауға мүмкіндік болса, мен ақындық жолды емес, өміріме пайдасы тиетін басқа жолды таңдар едім. Өйткені, ахуал осылай жалғаса берсе, енді бірер жылдан соң ақын деген сөз, қайыршы деген сөздің синониміне айналады”, - дейді ол.

“Ерлік - елдің мұраты” атты жыр кешін ұйымдастырушылардың бірі ақын Исраил Сапарбай болса шын өнер адамы пендешілік тірлікке мойымайды, сондықтан оның шығармашылығының өмірдің ауыртпашылығы аса қатты әсер етпейді деп есептейді.

Соңғы уақыттары әдеби басылымдардың бетінде қаламгер қауымға қаламақы төлеу мәселесін дұрыстау қажеттілігі жиі айтыла бастады. Қытайдан келгеніне он жылдан асқан ақын Серік Қапшықбай жазған басылып шыққан шығармасы үшін бір-ақ рет қаламақы алыпты. Қазақстан Жазушылар Одағының екінші хатшысы Талаптан Ахметжан “Азаттық” радиосына берген сұхбатында кейбір баспалармен шартқа отырған кезде қаламгер қауымның кітабын тегін шығарғанына риза болып, қаламақы мәселесіне аса көңіл бөлмейтіндігін әңгімелеп берді.

Алматыдағы “Жазушы” баспасының директоры Есенғали Раушанов, ақын-жазушыларға қаламақы төлеу мәселесі үкімет тарапынан қарастырылмағандықтан сөз қылды. Ал, “Ерлік – елдің мұраты” атты жыр кешіне келген ақындардың бірі Иран-Ғайып бүгінгі қоғамның бет-бейнесін Ғабит Мүсіреповке арнаған жыр жолдары арқылы жеткізді.
XS
SM
MD
LG