Accessibility links

Кәсіпкерлер «Заңсыз жолмен табылған табысты заңдастыруға және террорлық іс-әрекетті қаржыландыруға қарсылық туралы» заң жобасына қарсылық білдіруде


Қазақстан кәсіпкерлері форумының қатарындағы бірқатар бизнес өкілдері бүгінде ҚР парламенті мәжілісі депутаттарының назарына ұсынылатын «Заңсыз жолмен табылған табысты заңдастыруға және террорлық іс-әрекетті қаржыландыруға қарсылық туралы» заң жобасы елдегі кәсіпкерлердің құқын шектейтіндігін айтып отыр.

«Заңсыз жолмен табылған табысты заңдастыруға және террорлық іс-әрекетті қаржыландыруға қарсылық туралы» заң жобасы ҚР парламенті мәжілісінің депутаттарының талқысына ұсынылғанға дейін Қазақстан қоғамында кеңінен електен өтуі қажет дейді Қазақстан кәсіпкерлері форумы Алматы қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдана Нүрпейісова. Оның пікірінше, елдегі әсіресе шағын және орта бизнестің өркендеуіне өзінше кедергі жасайтын бұл заң жобасымен кәсіпкерлердің көпшілігі таныс емес. Алайда елдегі заңсыз жолмен табылған табысты заңдастыруға және террорлық іс-әрекетті қаржыландыруға қарсылық мәселесін желеу етіліп, қарапайым кәсіпкерлердің мүддесі ескерілмей, олардың біршама құқы шектелгелі отыр дейді Гүлдана Нүрпейісова.

Алайда ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Тәңірберген Бердіоңғаров аталған заң жобасы ұлттық қауіпсіздік мәселесімен қатар кәсіпкерлердің де қауіпсіздігін қарастырғандығын айтады.

Дегенменде «Медина» кешенінің бас директоры Марат Томпиев аталған заңды тұтастай алғанда қажеттілігі шамалы, қайта кәсіпкерлерге кедергілері көп болмақ дейді. Дейтұрғанменде экономика саласының сарапшысы Жанымгүл Далабаева кәсіпкерлердің бұл ретте тек өз мүдделері тұрғысынан ойлап отырғаны өкінішті дейді.

Ал «Экокурьер» ЖШС-нің директоры Жанна Айжолова заңсыз жолмен табылған табыстардың ендігі Қазақстанда заңдастырылып кеткені күмансыз. Бұдан кейін де жалғаса беретіндігіне аталған заң жобасы қабылданған күннің өзінде тосқауыл бола алмайтындығын айтады.

Сонымен, Қазақстан кәсіпкерлері форумының қатарындағы бірқатар бизнес өкілдері бұл аталған заң жобасын депутаттарды қабылдауға асықпауға шақырып отыр.
XS
SM
MD
LG