«...Бұның астарында бүкіл қоғам мен билікке деген қыр көрсету жатыр деп есептеймін. Қылмыскерлер адамдар арасында үрей мен өзара сенімсіздік ұялатқысы келіп отыр. Кімде-кімнің көңіліне біздің қоғамдағы бейбітшілік, тұрақтылық пен тәртіп өте ұнамайды. Мен тәртіп сақшыларына шұғыл тапсырма беріп, тергеу-тексеру барысын жіті қадағалап отырмын. Алғашқы нәтижелер де бар. Бұл қылмыстың артында кім тұрғаны мен кім тапсырыс беріп, кім орындағанына қарамай, олардың бәрі сотқа тартылып, қатаң жазасын алады. Қазақстан мемлекетінің басшысы ретінде осы қылмыстың ашылуына мүдделі басқа да мемлекеттермен ынтымыақтасуға Қазақстан дайын екенін мәлімдеймін», – деді президент Н.Назарбаев.
Президент мәлімдемесінен бұл өлім қандай да жеке тұлғалар емес, белгісіз күштердің ұйымдастыру әрекетінен болған оқиға деген ой тууы мүмкін. Біз ондай күштер бар болуы мүмкін бе және олар кімдер болуы ықтимал деген сауалды оппозиция өкілі Болат Әбіловке қойған едік.
«...Мен Қазақстан сияқты авторитарлық мемлекетте үшінші күш өздігінен өмір сүре алады дегенге сенбеймін. Физикалық тұрғыдан өмір сүре алмайды, себебі, біздегі билік бәрін жаппай бақылауға алған. Жаппай бақылаудамыз!» - дейді оппозиция қайраткері.
А.Сәрсенбайұлының қазасы – елдегі үшінші күштің іс-әрекеті болуы мүмкін деген болжамға қазақстандық саясаттанушы Ерлан Қарин да күмән келтіреді.
«Менің жеке пікірімше – үшінші күш жоқ. Үшінші күш туралы тұжырым – ойдан шығарылған тұжырым. Үшінші күш туралы айтып жүрген сарапшылар биліктің жауапкершілігі туралы айтуға қорыққандай болып көрінетін сияқты. Егер бұрындары осындай оқиғалардан соң билікті тікелей кінәлай алмай, амалы жоқтықтан үшінші күш туралы айтып жүрген болсақ, қазір Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімінен кейін бір нәрсе анық - ешқандай да үшінші күш жоқ, бұл - билік, не биліктегі белгілі бір топтардың саналы түрде, тұрақты түрде өздерінің саяси қарсыластарына жүргізіп отырған әрекетінің бір көрінісі деп айтуға болады», - дейді сарапшы Е.Қарин.
Сәрсенбі күні парламент мәжілісінің бірқатар депутаттары «Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Нартай Дүтбаевты қызметінен босату керек, «Арыстан» арнайы әскери бөлімшесін тарату қажет» деген мәлімдемелер жасады. Ал ақпараттық агенттіктер ҰҚК төрағасы отставкаға кетуге сұранып өтініш жазғаны және оны президент қабылдағаны туралы ақпарат таратты. Алайда, сарапшылардың бір бөлігі «қоғамдағы осы дағдарыс бұл шаралармен шешіле қоймайды» деген пікір айтып отыр.
«Бұл жерде мәселе тек қана ҰҚК-нің немесе басқа да арнайы құрылымдардың жауапкершілігінде емес, жалпы биліктің жауапкершілігінде. Себебі, саяси қайраткерлердің қастандықпен өлтірілуі – бұл көлеңкелі саясаттың жалғасы, бұл көлеңкелі саясаттың көрінісі, тетігі. Қоғамда көлеңкелі саясатқа қаншалықты негіз бар болса, соншалықты осындай әрекеттерге жол ашылып отырады», - дейді қазақстандық сарапшы Ерлан Қарин.
Сондай-ақ, сәрсенбі күні Қазақстан ҰҚК-нің баспасөз қызметі осы комитетке қарасты «Арыстан» арнайы әскери бөлімше қызметкерлері оппозиция қайраткері Алтынбек Сарсенбайұлын «өлтірген деп емес, тек ұрлап әкетуге қатысы бар деп күдіктеліп отырғаны» туралы мәлімдеме таратты.
Қазақстан ҰҚК-нің қарамағындағы «Арыстан» бөлімшесі лаңкестікке қарсы күресу үшін жасақталған құрылым. Бұл бөлімше кезінде - 1974 жылы Кеңестер Одағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) 7-ші басқармасында құрылған «А» тобының қазақстандық бөлімшесі болып 1990 жылы құрылған болатын.