Қазақстандағы есірткі тақырыбына зерттеу мақалалар жазып жүрген журналистердің бірі Жұмабай Құлиев, бұл індеттің Қазақстанда қатты белең алуына үлкен қалаларда түнгі ойын-сауық мекемелерінің қаптап кетуі де өз ықпалын тигіз отыр дейді.
- 12 миллион тұрғыны бар Мәскеуде 38 казино болса, 1,5 миллион халық тұратын Алматыда 50 казино бар. Ол жерлерде түрлі ұятты нәрселермен қоса, есірткі де бар, - дейді, ол.
Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі Мұхтар Анарбеков «Азаттық» радиосына берген сұхбатында тексеру барысында мұндай деректердің анықталғандығын растады. Алматы қаласындағы наркология орталығының қызметкері Индира Кеңесбекова «Азаттық» тілшісіне берген түсініктемесінде, қазіргі уақытта республикаға, әсіресе героиннің көп келетіндігін және оның бағасының жыл өткен сайын арзандап бара жатқандығын назар аударды. Ал, заңсыз есірткі саудасымен айналысқаны үшін жауапқа тартылып, жазасын өтеп шыққан Қайрат есімді азамат «көп жағдайда заң орындары қызметкерлерінің өздері осы індеттің жайылуына жағдай жасайды» дейді. «Азаттық» тілшісімен болған әңгімеде Қайрат заң қызметкерлерінің түнгі ойын-сауық мекемелеріне есірткі заттарын әдейі әкеліп, оны сатып алған нашақорларды тұзаққа түсіріп, олардан ақша алғаны туралы өзі куә болған жайттарды айтып берді.