Accessibility links

АҚШ-тың федералды тергеу бюросының қызметкерлері қазақстандық оппозиция өкілі Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуіне қатысты істі тергеуге қайта келуі ықтимал


Қазақстанда өткен айда жанындағы екі серігімен бірге атып өлтірілген оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты істі тергеуге АҚШ-тың федералды тергеу бюросының қызметкерлері осы елге қайта келуі мүмкін. Бұл туралы наурыздың 7-күні Астанада баспасөз өкілдеріне АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Ордвей хабарлады. Оның айтуынша, бұл қаза елдің саяси қаупсіздігіне елеулі әсер етпейді. Бірақ, жергілікті тұрғындардың бір бөлігі бұл пікірмен келіспей отыр.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Ордвейдің айтуынша, қазақстандық тергеушілердің жұмысына күмән келтіретін негіз жоқ. Екі жақтың тергеушілері арасындағы қатынас күн сайын жүргізілді, Қазақстан жағынан барлығы ашық болды, дейді елші. «Лос-Анжелес Таймс» басылымы тілшісінің А.Сәрсенбайұлының өліміне Қазақстан президентінің күйеу баласы Рахат Әлиевтің қатысы болуы мүмкін бе деген сұрағына, елші күдікті болып отырған адамдардан басқа тұлғалар осы іске қатысты деген ақпаратты білмеймін деп жауап берді.

Тәуелсіз сарапшы Руслан Әшірбеков қалай болған күннің өзінде осы қылмыс ашық түрде тергелетіндігіне күмән келтіріп отыр:

- Саяси тұрақтылықтың бәрінің күлі көкке ұшқан сияқты. Тергеу барысында, ақпараттық майданда, істің анық-қанығын білуде білініп жатыр. Сәрсенбайұлының өлімін тергеуге қатысты оның бұрынғы қарсыластарын да тергеуге шақыру талап етілген болатын. Оның ішінде президенттің күйеу баласы және қызы бар. Бірақ, олардың шақырылмай, керісінше, оппозицияға қысым көрсетілуі, бұл қазірдің өзінде өлім себебі ашық, шынайы ашылады деген сенім тудырмайды.

Елші Джон Ордвей заң органдарының адамдарды қорғаудың орнына қылмысқа қатысуы өкінішті дейді. Бірақ, ол осы қазадан кейін, Қазақстандағы саяси тұрақтылыққа қауіп жоқ деп санайды. Алайда, алаңдаушылық бар екенін де мойындайды.

Кейбір сарапшылар осы қазадан кейін АҚШ Қазақстанға қатысты саясатын өзгертеді деген пікірде. Елшінің айтуынша, әзірге АҚШ Қазақстанға сапар шеккен азаматтарға қауіпсіздікке ерекше назар аудару керектігін ескертпейді. Бірақ, Қазақстандағы демократияны дамыту жұмыстары жалғасатын болады, деді елші. Бұған дейін хабарланғандай, АҚШ конгресінің салалық комитет бөлімі Орталық Азиядағы 5 мемлекетте демократияны дамыту жөніндегі заң жобасын мақұлдады. Орталық Азиядағы демократия және адам құқығы жөніндегі акт деп аталатын құжатқа сәйкес, 2006 жылы және одан кейінгі жылдарға аймақтағы демократияны дамыту жұмыстарына 188 миллион доллар бөлінуге тиіс. Нақтырақ айтқанда, АҚШ президентіне үкіметтік емес ұйымдарды құруға және мемлекеттерге бағынбайтын баспаларда басылатын тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыруға рұқсат етіледі.

Тәуелсіз сарапшы Руслан Әшірбеков, Қазақстанға АҚШ-тың осы аймаққа деген көңілін әлсіретпегені тиімді деп санайды:

- Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан демократиялық жолдан тайып, авторитарлық жүйені күшейте беретін болса, онда Батыс, соның ішінде АҚШ Қазақстанда қазіргідей демократиялы оппозиция емес, исламдық оппозицияға тап болады. Ал ол кезде АҚШ-тың сөз бостандығын қорғау, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау деген принциптері бос сөз болып қалады.

Алайда АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Ордвейдің айтуынша бұл құжат әлі толық қолдау тапқан жоқ, сондықтан ондағы қаржы бөліну үшін әлі көптеген рәсімдер болады деді ол. Бірақ, демократияны дамыту жұмысы оған қарамастан тоқтамайды дейді елші.

Елші Джон Ордвейдің айтуынша, соңғы 15 жылда АҚШ Қазақстанға осы саладағы жұмыстарға 500 миллион доллар жұмсаған.

AzattyqTV

Жаһан жаңалықтары

Жээнбеков кім?

XS
SM
MD
LG