Accessibility links

Баспасөзге шолу. 03.16.2006 жыл


Бейсенбі күні жарық көрген бірқатар тәуелсіз басылымдарда белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің озбырлықпен өлтірілгендігіне қырық күн толатындығына орай мақалалар топтамасы ұйымдастырылыпты. Мәжіліс депутаты Амалбек Тшанның сәрсенбіде күн тәртібін бекітіп алар тұста заң орындары жетекшілерін отырысқа шақырып, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің қазасына байланысты қылмыстық істі тергеу жұмыстары барысынан ақпар алу жөніндегі ұсыныс жасағандығы да кейбір басылымдардың басты назар аударған тақырыптарының біріне айналыпты.

Бейсенбі күні жарық көрген бірқатар тәуелсіз басылымдарда белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің озбырлықпен өлтірілгендігіне қырық күн толуына орай 18 наурызда Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы гүлзарда сағат 11 мен 12-нің арасында рұқсат етілген митингінің өтетіндігі хабарланыпты. “Жас Алаш” және “Айқын” басылымдары мәжіліс депутаты Амалбек Тшанның сәрсенбіде күн тәртібін бекітіп алар тұста құқық қорғау орындары жетекшілерін отырысқа шақырып Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі серігінің қазасына байланысты қылмыстық істі тергеу жұмыстары барысынан ақпар алу жөніндегі ұсыныс жасағандығына айрықша назар аударыпты.

“Айқын” газетінің хабарлауынша мәжіліс депутаты Амалбек Тшанның бұл ұсынысы Парламент отырысында үлкен дау-дамай туғызған. Амалбек Тшан мырзаны Амангелді Айталы, Тоқтар Әубәкіров, Нұрбах Рүстемов сынды әріптестері қолдағанымен, наразылық танытқандардың үні басым шыққан.

“Жас Алаш” газетінде жарық көрген Руслан Ерболұлының мақаласында пікірталас шегіне жетіп, дауысқа түскенде 25 депутат мәжіліс депутаты Амалбек Тшанның ұсынысын қолдап, 35-інің қарсы шыққандығы сөз болыпты. Газет тілшісіне берген қысқаша сұхбатында мәжіліс депутаты Амалбек Тшан оның айтқан ұсынысына негізінен “Отан” мен “Азаматтық” партияның депутаттарының қарсы болғандығын айтыпты. “Олардың осы әрекеті маған тіптен түсініксіз. Кімнен қорқып отыр. Біреуді қаралау біздің мақсатымыз емес. Бізге қажеті – уақтылы ақпарат алу. Ақпаратты бүркеген сайын, жасырған сайын қоғамның қызуы арта береді” депті, мәжіліс депутаты Амалбек Тшан “Жас Алаш” газетіне берген қысқаша сұхбатында.

“Свобода слова” газетінде жарық көрген мақаласында Гүлжан Ерғалиева президенттің қызы Дариға Назарбаеваның “Караван” апталығында жарық көрген “Дежа Вю” атты мақаласында Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дутбаевтың Мемлекет басшысымен болған әңгімеде белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмешісін озбырлықпен өлтірген қылмыстың артында президент отбасының мүшелері Рахат Әлиев, Тимур Құлыбаев немесе Қайрат Сатыпалды тұр деп айтқандарын не себептен сынға алғандығына айрықша көңіл бөліпті. Осы оқиғаға байланысты жасаған сараптамасында Гүлжан Ерғалиева қалай болған күнде де бұл қылмыстың артында президент отбасының мүшелері тұрғандығына толық көзі жетпесе және оны айғақтайтын дәлелдері болмаса Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің басшысы қызметін атқарған лауазымды шенеуніктің мұндай батыл қадам жасауға дәті шыдамас еді деген ойын білдіріпті. Өз мақаласында Гүлжан Ерғалиева көптеген бейресми ақпарат көздерінен алынған деректерде Нартай Дүтбаев Нұрсұлтан Назарбаевпен болған әңгімесінде оған бұл қылмысқа президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтың қатысы болуы мүмкін екендігін айтқандығы туралы мәліметтің бар екендігіне тоқталып, Мемлекет басшысының қызы Дариға Назарбаеваның бұл тізімнің қатарына Тимур Құлыбаев пен Қайрат Сатыбалдының есімдерін неге қосқандығына қайран қалыпты.

“Правда Казахстана” газетінің соңғы санында кейбір бейресми ақпарат көздерінде отставкаға кеткен Нартай Дүтбаевтың Лондонда жүргендігі туралы деректің пайда болғандығы айтылыпты. Газет тілшісі, Лондонда Нартай Дүтбаев экс-премьер Әкежан Қажыгелдинмен кездесіп, белгісіз жағдайда қаза тапқан саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты құпия мәліметтерді оның қолына табыс еткен деген ақпараттың тарап отырғанын келтірген.

“Время” газетінің бейсенбі күнгі санында Алтынбек Сәрсенбайұлының артында қалған жесірі Салтанатпен жүргізілген көлемді сұхбат жарияланыпты.

“Айна плюс” газетінің соңғы санында Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің өліміне байланысты “МК в Казахстане” газетінде жарық көрген мақаладан үзінді жарияланыпты.
XS
SM
MD
LG