Accessibility links

Бас прокуратура жанынан қаржыны бақылайтын жаңа орган құру кімге керек?


Қазақстан Бас прокуратурасы жанынан қаржыны бақылайтын жаңа орган құрылуы мүмкін. Бұл туралы наурыздың 16-күні Астанада бас прокуратураның аппарат жетекшісі Серік Темірболатов хабарлады. Оның айтуынша, заңсыз ақша заңдастырылып, лаңкесшілерге берілуі мүмкін. Ал, кәсіпкерлер мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері бұл пікірмен келіспейтіндіктерін жеткізді.

Бас прокуратураның тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлауынша, Қазақстан экономикасының 20-30 пайызы көлеңкеде жүр. Осы жағдайды өзгерту үшін, валюта айырбастау пункттері, казинолар және екінші деңгейдегі банктерден өткен қаражат тексеріледі. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, негізгі мақсат - лаңкестікті қаржыландыруға қарсы тиімді құқықтық механизм жасау. Бас прокуратураның аппарат жетекшісі Серік Темірболатовтың айтуынша, егер жаңа орган құруға Қазақстан парламенті қарсылық білдірмесе, белгілі бір көлемнен асқан қаражат тексерілетін болады:

- Бір мекеме немесе бір адам басқа адамға банк арқылы ақша жіберетін болса, оның шегі заң бойынша 30 мың долларға сәйкес. Ал, мүлік бойынша 100 мың доллардан асады.

Парламенттегі қорғаныс комитетінің төрағасы Серік Әбдірахмановтың айтуынша қазіргі тексеру органдарының өзі заңсыз ақша айналымын қарамай келеді:

- Прокуратура құрамындағы орган мұқият қарайды деген сенімде емеспін. Қосымша құзырет қосымша лауазым иелерінің табысына айналып кететін сияқты. Көптеген байлығымыз оффшор компанияларына кетіп жатыр. Қай мемлекетті алсаңыз да – Ресейде де, Қытайда да біздің жібергеніміз есеп бойынша өте төмен, ал, сол елдердің мәліметтерін алатын болсаңыз, 2-3 есе бізден барған тауарлардың деңгейі мол. Бұл не деген сөз - салықтан ашық түрде жасыру деген сөз. Осыған неге құқық органдары қарамайды?!..

Жаңа орган енгізу ұсынысы «Заңсыз ақшаны заңдастырумен күрес және лаңкестікті қаржыландыру туралы» заң жобасында қарастырылған. Осы заң жобасын дайындаған прокуратура өкілдерінің айтуынша, көптеген халықаралық конвенцияларға сәйкес болу үшін Қазақстан бұл заңды қабылдауы шарт. Ал, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюро маманы Питер Биннингтің айтуынша бұл заң шетелдік инвесторлар үшін маңызды, олар Қазақстан заңдары халықаралық талаптарға сәйкес болатындығына көз жеткізуі керек, дейді ол.

Ал, Алматының кәсіпкерлер қауымдастығының директоры Гүлдана Нұрпейісова бұл заң жобасы кәсіпкерлерге кесірін тигізеді деп санайды:

- Қазір елімізде шағын және орта бизнесті тексеретін 57 орган бар. Сол тізімге 58-інші қаржылық барлау қосылғалы отыр. Кәсіп енді әрең көтеріліп келе жатыр ғой. Ақшаларын көлеңкеден шығарып келе жатыр. Егер, мына заңды тез қабылдап жіберсе, кәсіпкерлер өз табыстарын қайтадан көлеңкеге кіргізуге мәжбүр болады деп ойлаймын.

Мемлекеттік емес ұйым төрағасы заңгер Марат Башимовтың айтуынша, мұндай органдар дамыған мемлекеттердің көбінде бар. 1990 жылы Еуропа кеңесі тіпті Еуропадан тыс елдерде осындай орган құру керек деген, дейді заңгер. Ал, Парламенттегі қорғаныс комитетінің төрағасы Серік Әбдірахмановтың айтуынша, прокуратураның құзырын кеңейтудің орнына өзгерткен абзал:

- Біздің прокуратураның қазіргі алып отырған орны баяғы Ресей патшалығынан бізге көшкен. Былай айтқанда, патшаның көзі болып. Өркениетті елдерден үлгі алып, прокуратура деген тек қылмысты істерге араласып, мемлекет атынан айыпталушы болып шығу керек. Былай айтқанда, құқық қорғау ұйымының біріне айналуы керек. Бұл - Батыстың тәсілі.

Бас прокуратураның баспасөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша, прокуратураның басқа тексерушілерге қарағанда құзыры көп. Прокуратура негізгі бақылау органы болып есептеледі. Кез келген банктен, органнан анықтама алатын құқы бар. Ол полицияда, ұлттық қауіпсіздік органдарында және қаржы полициясында жоқ, ол тек бізде ғана бар, дейді ол. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының маманы Ұлы Британияның бұрынғы прокуроры Питер Биннингтің айтуынша жобаланып отырған жүйе бойынша бас прокуратураға бизнес ұйымдарының ақпаратын бермеу өте маңызды.

Бас прокуратураның аппарат жетекшісі Серік Темірболатовтың айтуынша жаңа орган басқалары сескенетіндей тексеру жүргізбейді:

- Қаржы мониторингі органы тексеруші болмайды. Ол ақпаратты жинайды, зерттейді, сосын қажетті кезде құқық органдарына жібереді тексеруге.

Экономист Уалихан Қайсардың айтуынша, прокуратура қосымша құрылым жасамай, қаржы полициясымен салық комитетін тексеруі керек, әсіресе жемқорлыққа қатысты қарым-қатынастарды, дейді ол. Егер, экономиканың 30 пайызы көлеңкеде болса, әрине, олардың дұрыс жұмыс істемегені. Ол - қаржы полициясымен салық комитетінің жұмысына берілетін баға, дейді экономист Уалихан Қайсар. Алматының кәсіпкерлер қауымдастығының директоры Гүлдана Нұрпейісованың айтуынша заң жобасы әділетсіз жасалған:

- Жалғыз кәсіпкерлерге қарсы жасалған, соларды ғана тексереді. Ал мемлекеттік қызметкерлер бұл заңда жоқ, оларды тексермейді.

Қазақстанның кәсіпкерлер форумының төрағасы Раимбек Батталовтың айтуынша жаңа заң жобасы бойынша Қазақстан банктері ақша тексереміз деп есеп-шоттарды 5 күнге дейін жабуға құқылы болады. Бұл уақыт тым ұзақ, соның кесірінен кәсіпкерлер орасан шығын шегеді, ал, дамыған елдерде орта есеппен есеп шоттар 12 сағатта тексеріліп бітеді, дейді ол. Бірақ, бұл мәселеде соңғы нүктені парламент депутаттары қоюға тиіс.
XS
SM
MD
LG