Accessibility links

ЕҚЫҰ басшысы Алматыда Қазақстандық қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті


Егер Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) алдындағы міндеттерін бұлжытпай орындайтын болса, Қазақстанның аталған ұйымның төрағалығына ұмтылысын қазақстандық саяси партия басшылары мен бейүкіметтік ұйымдар бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. Бұл жайлы олар 27-наурызда Алматыда ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы Карл Де Гюхтпен кездесу барысында мәлімдеді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы, Бельгия Корольдігінің Сыртқы істер министрі Карл Де Гюхт мырза наурыздың 27-күні Астанада Қазақстан президенті Н.Назарбаевпен кездесуінен соң Алматыға ұшып келіп, осындағы бейүкіметтік ұйымдар өкілдері және саяси партия басшыларымен кездесті. Жоғары лауазымды қонақ осы елдегі саяси реформалар барысы және Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалыққа ұмтылысы туралы қоғамдық ұйымдардың пікірімен танысты. Жоспар бойынша ол наурыздың 28 күні Орта Азияға арналған сапарын Қырғызстанға сапарымен жалғастырмақ.

Карл Де Гюхт Астанадан Алматыға дүйсенбі күні түстен кейін, сағат бестен өте ұшып келді. Алдымен ол бейүкіметтік ұйым өкілдерімен кездесіп, одан соң саяси партия басшыларын қабылдады. Ондағы болған әңгіме жайлы, осы кездесуден кейін «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбай былай деді:

«Әр партияның біздің елдегі демократиялық процестердің барысы жайында, осы мәселе бойынша мемлекеттік комиссия атқарған жұмысқа біздің бағамызды, одан кейін Қазақстанның ЕҚЫҰ-на 2009 жылы төраға болуына біздің көзқарасымызды сұрады, біз өз пікірімізді білдірдік: егер Қазақстан осы ұйым алдында мойнына алған барлық міндеттерін орындап, ЕҚЫҰ-на төраға болса - мақтан тұтар едік дегенді жеткіздік».

Еуропалық мәртебелі қонақ қоғамдық ұйым өкілдерінен, Қазақстанда президент Назарбаевтың басқаруымен өткен аптада ғана алғашқы отырысын өткізген, елді демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссияға қатысты пікірлерін де сұрапты. Ж.Тұяқбай мырза оппозиция өкілдері мемлекеттік комиссияның ол отырысына неліктен бармағанын айтып беріпті:

«Комиссия – бұл, әрине, ұлттық келісім емес, орысша айтқанда «национальный диалог» дейді ғой - ондай емес. Әйткенмен, сонда да, егер билік бүгінгі елдегі демократиялық процестерді жандандырамын деп жатса, біз оған қарсылық емес, қайта құптарлығымызды білдіреміз. Бірақ, бізде осы уақытқа дейін қаншама комиссия құрылды – «тұрақты жұмыс кеңесі» деген болды, «демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссия» деп құрды, ал енді «мемлекеттік комиссия» деп жатыр. Бірақ, солардың өзі қаншалықты сол демократиялық процесс жасауға ынталы? Жоқ болмаса, бұл тек жұртты алдау ма? Тек биліктің жай ғана құр сөз, бос уәде емес, нақты іс-әрекеттермен елде шын мәніндегі демократиялық өзгерістерді жүргізуге ниеті барына көзіміз жеткеннен кейін ғана, біз соның жұмысына қатысуымыз мүмкін дедік. Ал, әзірше, біздің оған көзіміз жетіп отырған жоқ».

Пікір алмасу барысында елдегі адам құқығы туралы бейүкіметтік ұйым атынан сөйлеген Алматыдағы Хельсинки комитетінің өкілі Нинель Фокина ханым «барлық бағытта да кері кету байқалып» отырғанын айтыпты.

«Қазір Қазақстанда адам құқықтары мәселесі өте шиеленісті жағдайда. Біз барлық жағынан да кері кетіп, Кеңестер одағы дәуіріндегідей жағдайға оралдық. Қабылданған жаңа заңдардың репрессиялық бағыт алуы, қорқытып-үркіту, ішкі саяси тіршілікке арнаулы қызмет орындарының араласуы - бүкіл ТМД аумағына тән көрініске айналып отыр. Дегенмен, әрине, еліміздің азаматтары ретінде, біз Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болуын мақтан тұтқан болар едік, өкінішке орай, ол - мүмкін емес, себебі, ұйым алдындағы өз міндеттін орындамау арқылы ұйымды сыйламайтынын көрсетіп отырған ел, ондай ұйымға төраға болатын болса, ұйымның принципінің өзі бұзылған болар еді», - деді Нинель Фокина.

Қазақстандық адам құқықтарын қорғаушылар, ЕҚЫҰ-на төрағалық мәселесіне тек қана геосаяси тұрғысынан, не болмаса экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан ғана қарамай, адам құқытары мен бостандықтарының жағдайын да басты назарда ұстау керек деп санайды.

«Ол - әркез, адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы стандарттарға жүгінетін нақты, көзге көрінерлік қадамдар болуы керек. Яғни, саяси диалог саласында, сөз бостандығы саласында, бейбіт жиын, шеру өткізу саласында, еркін бірлестік құру саласында, ішкі саяси ахуалға прокуратура мен арнаулы қызмет ықпалын азайту саласында ЕҚЫҰ стандарттарына сәйкес байқалатын, нақты қадамдар жасайтын ел ғана аталған ұйым төрағалығына лайық болуы керек», -дейді Алматыда орналасқан Адам құқытарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис мырза.

Алматыдағы кездесулерден соң, Карл Де Гюхт мырза, наурыздың 27-күні кешкі сағат сегіз кезінде, тілшілер алдына шығып өткізген қысқаша брифингте бұл сапардан түйгендері жайлы айтып берді.

«Мен ЕҚЫҰ-на мүше елдердің бәрі де, егер олар ұйым стандарттарын орындаған жағдайда, осы ұйым төрағасы бола алатындығын маңызды деп атаған болар едім. Осы тұрғыдан қарағанда алдағы бірнеше ай бойында Қазақстан саяси реформаларды жетілдіру мен ЕҚЫҰ стандарттарын орындау бағытына күш жұмсайды деп сенемін. Бұл қадамдар тек мәлімдемелермен шектелмей, нақты нәтижелер беретіндей болғаны маңызды», - деді ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы.

Сондай-ақ, Де Гюхт мырза, Қазақстандағы саяси ахуал жайлы ресми көзқарас пен оппозиция өкілдерінің көзқарасы екітүрлі екенінен де хабардарлығын жеткізді.

«Әрине, білемін, бірақ бұл - саясат. Бұл барлық елдерде де және менің өз елімде де көрініс беретін жағдай дер едім. Парламентте көпшілік бір түрлі пікір ұстанса, оппозиция басқаша пікір ұстанады. Бірақ маңыздысы - ашық та еркін сайлау арқылы өз көзқарасыңызды білдіре алатын мүмкіндік болуы керектігі. Және бұл кез-келген елде орын алатын саясат», - деді Де Гюхт мырза.

Сонымен, Орта Азияға ресми сапарын Қазақстаннан бастаған Бельгияның сыртқы істер министрі, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Карл Де Гюхт мырза 28-наурызда Қырғызстанға аттанады.
XS
SM
MD
LG