Accessibility links

Алматы қаласында үлкен көлемде есірткі ұсталды


Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Алматыда қазақстандық бір азаматтың автокөлігінен 92 килограм апиынның табылғандығы туралы ақпарат таратты. 29-наурызда бұл мәселе бойынша “Азаттық” радиосына түсініктеме берген Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ресми өкілі қазіргі уақытта осы іске байланысты тергеу жұмыстарының жүріп жатқандығын хабарлады.

Автокөлігінен 92 килограмм апиын табылған, халықаралық есірткі тасымалына қатысы болуы мүмкін деп күдіктелген азамат Қазақстан мен Қырғызстан заң орындарының бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде қолға түсіпті. Бұл туралы сәрсенбі күні “Азаттық” радиосына түсініктеме берген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің баспасөз қызметінің хатшысы Болатбек Төлетаев осы іс бойынша жүргізілген тергеу жұмыстарының алғашқы нәтижесінің белгілі болғандығынан хабардар етті.

Оның айтуынша, тіпті соңғы жылдары Қазақстанға есірткі заттары Еуропа елдерінен де ағылып келе бастаған. Қазақстанда есірткі заттарының таратылуы негізінен жастардың арасында қатты белең алып отырған көрінеді. Осы тақырып туралы мақала жазып, дабыл қағып жүрген журналистердің деректеріне сүйенсек, есірткі заттары көбінесе түнгі ойын-сауық мекемелері арқылы сатылады. Журналист Жұмабай Құлиевтың айтуынша, дәл қазіргі уақытта Алматы қаласы есірткі бизнесі гүлденіп тұрған қалалардың біріне айналған. Біз осы мәселеге байланысты түсініктеме алу үшін Алматы қалалық әкімшілігіне де хабарласқан едік.

Алайда, бұл құзырлы мекеменің қызметкерлері қазіргі уақытта Алматыда қанша түнгі ойын-сауық мекемелерінің жұмыс жасайтындығы туралы ақпарат беруден бас тартты. Ал, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі Мұхтар Анарбековтың айтуынша, таяуда есірткі бизнесіне тосқауыл қою мақсатында жүргізілген “Студент” операциясының барысында Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің арасында бұл келеңсіз құбылыстың белең алып бара жатқандығы байқалған.

Алматы қалалық наркологиялық орталығының дәрігері Сапар Рахманшиев “Азаттық” радиосына берген сұхбатында жыл өткен сайын қалада есірткі бизнесіне әуестенушілер санының көбейіп бара жатқанын, оның себебі - есірткі сатудың көп пайда әкелетін бизнес түріне айналып отырғанымен деп түсіндірді.

Мамандардың айтуынша, ғасыр індетіне айналған СПИД пен ВИЧ-инфекциясын жұқтыратындардың басым көпшілігін нашақорлар құрайды екен. Біз әңгімеге тартқан ВИЧ-инфекциясын ине арқылы жұқтырған Мәдина есімді әйел кезінде есірткіге әуес болғаны үшін қазір қатты өкінеді екен. “Азаттық” радиосына берген сұхбатында Мәдина нашақорлық жолға түсудің үлкен қасірет екендігін айтып, өсіп келе жатқан жастарға оған әуес болмауға кеңес берді.
XS
SM
MD
LG