Accessibility links

Т.Блэр ғаламдық ауа райын тұрақтандыруға шақырады


Сәрсенбі күні Жаңа Зеландияда сөйлеген сөзінде британ премьер-министрі Тони Блэр: “2006-ншы жыл – жер бетіндегі ауаның температурасын тұрақтандыруға бағытталған халықаралық қоғамның ортақ келісімге келетін жылы болуға тиіс”, деп мәлімдеді. Оның қарсаңында ғана дүние жүзінің ғалымдары ғаламдық ауа райының жылынуы жалғаса беретін болса, теңіз суы деңгейінің көтерілуі сынды табиғи апаттың шығатынын ескертіп, әлденеше рет өз алаңдаушылықтарын білдірді.

Соңғы бірнеше аптаның ішінде ғалымдар жер бетіндегі ауа райының жылынуына алаңдаумен болды. Олардың соңғы зерттеулеріне қарағанда, ғаламдық ауа райының жылынуына себеп болып отырған көмір қышқыл және метан газдарының атмосферадағы үлесі теңесіп, өткен мыңжылдықтағы деңгейінен жоғары көтерілді. Шотландияның Экологиялық ғылыми-зерттеу Институтының ауа райының өзгеруін зерттейтін ғалымы Джон Коулл осылай деп атап көрсетеді.

“Атмосферадағы көмір қышқыл газдың қазіргі деңгейі енді шамамен 650 мың жылғы деңгейінен жоғары”, - дейді ғалым.

Осы күні Гренландия аралының мұз қатпары осыдан 10 жыл бұрынғысынан 2 есе жылдамдықпен еріп жатыр. Кейбір ғалымдар Антарктиданың мұз қабығының еріген суына қосылып 100 жылдың ішінде теңіз суының деңгейін бірнеше метрге көтеруі мүмкін деп ескертеді. Егер теңіз деңгейі бірнеше метрге көтерілетін болса, онда аралды мемлекеттер су астында қалып, бүкіл әлемдегі мұхит пен теңіз жағалаулары мүлде өзгереді, жағалай орналасқан қалаларға үлкен қатер төнеді. Қысқасын айтқанда, егер халықаралық қоғам ғаламдық ауа райының жылынуына ден қоймаса, онда адамзат баласы климаттың өзгеруі қандай апатқа соқтыра алатынын көп ұзамай-ақ сезіне бастайды. Ғалымдар осылай деп ескертіп отыр.

Сәрсенбі күні Жаңа Зеландияда сөйлеген сөзінде Британ премьер-министрі Т.Блэр ғалымдардың ескертуін қабылдайтынын айтты. Осы сөзінде ол болашақта болуы мүмкін осындай зор апаттарды ауыздықтауға бүкіл әлемнің күш-жігерін жұмылдыруға деген ниетін білдірді. Бірақ Т.Блэр ауа райының құбылуына байланысты қазіргі “Киото хаттамасынан” басқа ұзақ мерзімге негізделген прагматикалық шешімдерді қабылдау қажеттігін атап көрсетті.

2012-нші жылға қарай күшін жоятын “Киото хаттамасына” сәйкес, өнеркәсібі дамыған 50-ден аса мемлекет ауаға шашылатын көмір қышқыл газдың көлемін 5 пайыз қысқартуға міндеттенді. Атмосфераға жайылатын зиянды газдың ¼-ін шығаратын Америка Құрама Штаттары экономикалық “себептерді” желеу етіп “Киото хаттамасына” қол қоймады. Жедел дамып келе жатқан 2 ірі ел – Қытай мен Үндістан да “Хаттамаға” қосылмады. Сәрсенбі күні британ премьері Т.Блэр “Киото хаттамасынан” туындайтын өз міндеттемелерін Ұлы Британияның орындауға дайын екенін мәлімдеді. Алайда, деп ескертті британ лидері, әлемнің ең ірі елдерінің қатысуынсыз ауа райына байланысты кез-келген келісімнің ешқандай мағынасы болмайды.

“Біз “Киото хаттамасы” бойынша өз міндетімізді орындаймыз, біз “Киото хаттамасы” бойынша өз міндетімізді іс жүзінде 2 есе артық орындаймыз. Бірақ, климаттаың өзгеруіне қатысты бір анық шындық бар. Американың және экономикалары өркендеп келе жатқан Қытай мен Үндістанның қатысуынсыз, оның ешқандай шешімі болмайды”, - деді Т.БЛЭР.

Сонымен қатар Т.Блэр жаңа келісімді Американы және экономика жағынан Батысты қуып жетуге тырысқан дамушы елдерді қамти отырып жоспарлау керектігін атап көрсетті. Ғалым Дж.Коулл британ лидерінің бұл сөзін қолдады. Бірақ оны жүзеге асырудың қиын болатынын ескертеді. Шотланд ғалымы “Киото хаттамасының” тіпті болар-болмас мақсаттарына іске аспай қалатын қатер төнгеніне назар аударады.

“Киото хаттамасының” кейбір мақсатын орындауға тырысқан бірқатар дамыған елге осы ұмтылысы талай заңнамалық проблема туғызды. Саяси қайраткерлер үшін ең үлкен проблема туғызып отырған – егер Сіз қазіргі экономикалық дамудың қарқыны мен халықтың тұрмыс-тіршілігін осы ұмтылысқа бағындырып көрсеңіз, мүмкін еместі жүзеге асыруға тырысып бағу болып шығады. Мұның басым көпшілігі энергетика және көлік саясатымен байланысты екені анық. Осылайша, деп ойлаймын мен, бұл - саяси деңгейдегі үкімет өкілдері үшін жүзеге асыруға өте қиын іс”, - дейді Дж.КОУЛЛ.

Әйтсе де ағылшын премьер-министрі Т.Блэр әлемнің жетекші 8 елі немесе “Үлкен сегіздік” басшыларының маусым айында С.-Петерборда өтетін бас қосуына ғаламдық экология проблемасын талқылауды бастауға өте қолайлы бола ма деп үміт артатынын айтты. Бұл бас қосуға “Үлкен сегіздікке” кірмейтін Қытай мен Үндістан сынды елдердің басшылары да барады.
XS
SM
MD
LG