Accessibility links

Таразда “Әділетті Қазақстан” қозғалысының белсендісі Әлібек Жұмабаевтың үстінен қозғалған іс бойынша сот жалғасып жатыр


Өткен жылдың 28 қараша күні тұтқынға алынып, содан бері қамауда жатқан Тараз қаласындағы Жармахан Тұяқбайдың сайлау науқанына қатысқан белсенді Әлібек Жұмабаевқа қатысты сот процесінің басталғанына бірнеше күн болды. 10 сәуір күні Әлібек Жұмабаевтың жақтастары, атап айтқанда “Әділетті Қазақстан” қозғалысының өкілдері сот жұмысына разы еместіктерін білдіріп, мұның артында биліктің саяси қитұрқы әрекеті жатқандығын айтып, мәлімдеме жасады. Егер сот Әлібек Жұмабаевты айыпты деп тапса, ол 4 жылдан 10 жылға шейін бас бостандығынан айырулы ықтимал екен.

“Әділетті Қазақстан” қозғалысының баспасөз қызметі таратқан мәліметке жүгінсек, Әлібек Жұмабаевқа сайлау барысында Тараз қаласындағы елді-мекендерде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше бильбордын ішіне бояу салынған жұмыртқылармен, атқылап, “жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды” деген айыптаулар тағылып отыр. Тергеу орындарының Әлібек Жұмабаевқа қарсы мұндай айып тағуына, Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне Рахметов деген біреудің айыбын мойындап келуі мұрындық болыпты. Ол өз көрсетуінде Литвинов деген танысымен бірге арнайы Шымкент қаласына барып, Нұрсұлтан Назарбаевтың бильбордын өртеп кеткендін айтқан. Бұлай жасауларының себебін олар тергеушілерге Әлібек Жұмабаевтан осындай әрекеттері үшін ақша алғысы келгендерімен түсіндіреді.

Алайда дүйсенбі күні сот процесінің қалай жүріп жатқандығының мән-жайысымен таныстырған Әлібек Жұмабаевтың жақтастары, барлық айыптаулардың қолдан жасалғандығын айтты. “Әділетті Қазақстан” қозғаласының саяси кеңесінің мүшесі Әміржан Қосанов өз сөзінде Әлібек Жұмабаев Қазақстандағы саяси қудалаудың айқын көрінісіне айналды деген ойын білдірді. Осы сот процесінің қалай өтіп жатқандығын бақылап отырған Әлібек Жұмабевтың қоғамдық қорғаушысы Петр Своиктің айтуынша, сотта оған қарсы түсініктеме берген жастардың сөздірінен басқа айыпталушының кінасын дәлелдейтін дәйектер мен деректер жоқ.

“Әділетті Қазақстан” қозғалысының өкілі Маржан Аспандиярова болса бұл істің артында саяси тапсырыс жатқандығы туралы өз ойын білдіріп, дәл қазіргі уақытта Әлібек Жұмабаевтың туған-туысқандарына қысым көрсетіліп жатқандығын хабарлады. Сондай-ақ ол Әлібек Жұмабаевты ақтап алу үшін, оның бір топ қорғаушыларының 10 сәуір күні Таразға сапар шеккелі отырғандығын айтты.

“Әділетті Қазақстан” қозғалысының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта Әлібек Жұмабаевтың тұтқынға алынуына ұлттық қауіпсіздік комиетінің қатысы бар екендігі хабарланыпты. Біз осының мән-жайысын білу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Ислам Бекішовке хабарласқанымызда, ол өздерінің бұл іске ешқандай да қатысының жоқ екендігін айтты.

Біз осы мәселеге байланысты түсініктеме алу үшін тағы да бірнеше құзырлы мекемелермен байланысқанымызбен, мардымды жауап ала алмадық. Ал, адвокат Серікқали Мусин болса Әлібек Жұмабаевқа қатысты тағылып отырған айыптаулардың негізі жоқ деп есептейді. Оның себебін адвокат Серікқали Мусин бір адамның жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруының мүмкін еместігімен түсіндірді.
XS
SM
MD
LG