Accessibility links

«Болашақ» стипендиясынан үміткерлерге қойылатын талаптар күшейді


Қазақстан президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын алатын үміткерлерге қойылатын талаптар күшейіп отыр. Бұл туралы Астанада көкектің 11-күні министрлік отырысында білім министрінің орынбасары Азамат Әбдімамунов хабарлады. Бірақ, осы шаралармен келіспейтіндердің айтуынша, мемлекет «Болашақ» шәкірттерін қағаз жүзінде көбейткенімен іс жүзінде азайтып отыр.

Биылғы жылы «Болашақ» стипендиясы 3 мыңнан астам адамға берілмек. Оның өзге шәкіртақыдан ерекшелігі - ол толығымен республикалық бюджеттен төленеді. Бұл қаражатқа шетелге шығарда визаға қажет төлемдер, телефон байланыстары, тамақтану, әдебиет, медициналық сақтандыру және оқу орнына жету жолына кететін шығын кіреді. Дегенмен мемлекет шәкіртке жұмсап отырған қаржыға шетелге жібергелі отырған баланың ата-анасынан кепілдікке пәтер не үй алады, дейді білім министрінің орынбасары Азамат Әбдімамунов:

- «Болашақ» бойынша олар кепілдікке өз ата-аналарының пәтерлерін береді. Сондықтан да әр шәкірт 18 жасқа толуы шарт. Себебі, олар келісімге қол қоя алатын кәмелетке толған азамат болуы керек. Біздің шетелдік серіктеріміз осындай талап қояды. Екіншіден, жаңа мамандықтардың көбісі өзгерді: бұл халықаралық сауда, технологиялық менеджмент, туризм, қонақ үй, халықаралық коммерция, арбитраж, интеллектуалдық меншік, ұшқыштар, фармакология, нанотехнологиямен механотроника.

Алайда, «Болашақ» талаптарын қаталдатудың орнына жұмсарту керек дейтіндер бар. Алматыдағы «Қазақ ұлттық университетінің» ұстазы Нұрсұлу Шаймерденованың айтуынша, қазіргі талаптар көбіне ауыл тұрғындары емес қала тұрғындарына арналған. Елді мекендерде тұратын жастар ағылшынша жақсы білмегенімен оны тез үйренетін қабілеті бар, белгілі қайраткерлердің көбі ауылдан шыққандар, дейді ол.

«Болашаққа» қатысты сын мұнымен бітпейді. Бұған дейін «Болашақ» стипендиясы берілген балалардың ішінде басшылардың және қалталы азаматтардың балалары көп болған деген шағымдар түскен. Осыған орай білім министрлігі бірнеше шара қолдандық, соңғы кезде сарапшылар комиссиясының құрамы кеңейген, дейді. Білім министрінің орынбасары Азамат Әбдімамуновтың айтуынша нарық заманыда «Болашақтан» үміттенетін адамдардың ниетін өзгерткен, дейді:

- Қазір экономикалық жағдай сондай. Қалталы азаматтар балаларын өз ақшаларына жіберіп жатыр. Себебі олар үйлерін кепілдікке қалдыруға ниеті жоқ. Сондықтан шәкірттердің көбісі орта кластан шыққандар: мұғалімдер, бюджеттік саладағылар, әскерилер, полицейлер, мемлекеттік қызметкерлердің балалары. Себебі олардың деңгейі орташа болсада олардың балаларын шет елге жіберуге мүмкіндіктері жоқ.

Ал, Алматыдағы «Қазақ ұлттық университетінің» ұстазы Нұрсұлу Шаймерденованың айтуынша қалталы отбастарынан шыққан балалардың дайындығының жоғары болатындығы орынды. Өйткені олар ауыл тұрғындарына қарағанда ағылшын тілін біледі. Себебі оларда шет елге шығуға, мұғалім жалдауға мүмкіншілігі көп болған, дейді ол.

Ресми мәлімет бойынша, «Болашақ» стипендиясының көлемі шет елдегі оқу орны берген мәліметтер негізінде және сол елдегі Қазақстан елшілігі ұсынған ақпараттың көмегімен есептеледі. Стипендия 4 жылға ескерілген. Оны алу үшін үміткердің жасы 35-тен аспауы шарт. Оның сыртында магистр болғысы келетін үміткерден Қазақстанның жоғарғы оқу орнын бітірген деген диплом талап етіледі және бір жыл жұмыс істеді деген еңбек өтілімі жайлы құжат қажет. Ал, бакалаврларға мұндай талап қойылмайды. Олар Қазақстанда оқымай-ақ бірден шет елге аттануына құқылы. Ал, «Болашақ» стипендиясымен баласын шет елге жібергісі келіп отырған ана Қамар Айтжанованың айтуынша ол баласын үйден алыс жіберуді қаламайды, бірақ, осы қадамға баруға мәжбүрмін, дейді ол:

- Қазақстандағы университеттердің мамандары жоқ емес бар. Бірақ, олардың еңбекақысы кішкентай болғандықтан олар бірнеше жерде жұмыс істейді. Өздерінің білімдерін жоғарлатпайды. Сосын Оңтүстіктегідей университеттер пара алатын, сол Солтүстіккеде келді. Сосын материалды техникалық базасы төмен, университетерде бізде интернет, компьютер деген бар болсада жоқтың қасы. Сосын ағылшын тілі нашар. Ал, шет елде балалар ағылшын тілінде еркін сөйлей алады, өйткені онда орта бар.

«Болашақ» стипендиясын алғысы келетін үміткерлер шет тілдердің бірінде еркін сөйлеуі, компьютермен еркін жұмыс істеуі және ғылыми жұмыстарға қатысуы талап етіледі. Инженер және техникалық мамандықтар бойынша өткізілетін байқаудан жеңіп шыққан үміткерлерге «Болашақ» стипендиясы арқасында бір семестр ішінде шет тілін меңгеру құқы беріледі. Бірақ, егерде үміткер белгіленген уақыт ішінде шет тілін меңгеріп үлгірмесе ол «Болашақ» стипендиясымен оқуын жалғастыра алмайды және өзіне жұмсалған қаржыны қайтарып беруге тиіс болады. «Болашақ» стипендиясының талаптары бойынша шет елдердегі таңдаулы оқу орнын бітіріп шыққан түлектер Қазақстанға оралғансоң, еңбекақы аздығына қарамастан, мемлекеттік мекемеде немесе қазақстандық компаниялардың бірінде кем дегенде 5 жыл жұмыс істеуі шарт.
XS
SM
MD
LG