Accessibility links

Ресейде шетелдіктерге қарсы нәсілшілдік сипаттағы қылмыстар күшейіп тұр


Ресейдің Миграция бойынша федералдық қызметі мәліметтеріне қарағанда, жылына бұл елге 20 миллионнан астам мигранттар келеді екен. Кейбірі жұмыс іздеп, ал біразы жоғарғы оқу орындарына білім іздеп келеді. Алайда, Совет үкіметі құлағалы бергі аралықта Ресейде нәсілшілдік күшейіп, қара нәсілді азаматтар үшін өмір сүру қиындай түскен. Санкт-Петербург қаласында осы жылдың өзінде 2 адам қаза болып, 14-і жараланған. Өткен аптада Сенегалдан келген студент нәсілшілдік шабуылдың құрбанына айналды.

Санкт-Петербург көшелеріне сәуірдің 11-і күні Ресей және осында оқып жатқан шетелдік студенттер шерулетіп шықты. Олар осы қалада қара нәсілді шетелдіктерге қарсы жасалып жатқан шабуылдарды айыптаған болатын. Олар әсіресе Сенегалдан келген 28 жасар Ламзар Самбаның сәуірдің 7-сі күні оққа ұшқандығына наразы. Прокурорлардың айтуынша шабуылшылар свастика белгісі бар мылтықты пайдаланған. Ол қару оқиға болған жерден табылған екен.

Самба Санкт-Петергург қаласындағы Африкалықтар ұйымының мүшесі және осы қауымдастық арасында беделді тұлға болған. Бес жылдық оқуын тәмамдауына 2-ақ ай қалған ол, туған жеріне қайтуды ойлап жүрген екен. Бұл оқиғаға байланысты Санкт-Петербург қаласының тұрғындары да наразылықтарын білдіруде. Себебі, осы оқиғалардың кесірінен олардың қалалары Ресейдегі ең бір нәсілшілдік өршіп тұрған мекеннің бірі ретінде аталып отыр. Мұндай қылмыс түрімен күресуде ресми биліктің дәрменсіздік танытып отырғанына қаланың байырғы тұрғындары ашулы.

Ресей президенті Владимир Путин осы нәсілшілдік шабуылдарды айыптады. Ал, Ресей Сыртқы істер министрлігі болса, Самбаның отбасы мүшелеріне көңіл айту жариялады. Хұқық қорғаушы ұйымдар бұл әрекеттерді сөз жүзіндегі ғана, көрнеу қадамдар, деп бағалап, өзге ұлт өкілдеріне төзбеушілік пен ұлтшылдық сезімдерді өз мүддесіне пайдаланып отыр, деп ел үкіметін айыптаған еді. Өткен жылдарда Ресей прокурорлары ең қатыгез деген нәсілшілдік шабуылдың өзін бұзақылық әрекет деп бағалап, қылмыскерлерге жеңіл жаза қолданатын.

Мысалы, 9 жасар Тәжік қызын өлтірген ресейлік жасөспірімді прокурорлар “бұзақылық жасады” деп, 5 жарым жыл абақтыда отыруға үкім шығарған еді. Бұл жағдай халық арасында қарсылық шараларының бас көтеруіне жеткізген болатын. Содан бергі апталарда орыс прокурорлары мұндай қылмыстарды нәсілшілдік әрекеттер, деп қатаң айыптауға мәжбүр болып отыр. Хұқық қорғаушылар болса, “мүмкін Ресей билігі елде күшейіп бара жатқан әсіре ұлтшылдармен күресуді бастайтын болар”, деп үміттенуде.

Қаза болған жігіттің, өз атын атамауды жөн санаған, бір досы Азаттық радиосына былай деді: “Санкт-Петербургте өзге ұлттарды жек көру сезімінің үнемі болғандығын біздің бәріміз де білеміз. Бұл проблеманың өрши түскенін де көріп отырмыз. Алғашында олар жай ғана жұдырықтап қоятын. Одан кейін олар пышақ жұмсап өлтіре бастады. Енді міне мылтықпен атып өлтіріп отыр. Енді бір-екі жылдың ішінде граната немесе бомба қолданатын болар, деп біз қауіптенеміз”.

Африкалық студенттерге Ресейдің де, Африканың да ресми өкілдері көшеге жалғыз шықпауға кеңес беруде. Олар сол кеңесті ұстануға тырысады. Алайда бұл қаладағы Африкалықтар қауымдастығын қазіргі кезде үрей билеген. Студенттердің біразының оқуларын тастап, елдеріне қайтқысы бар.
XS
SM
MD
LG