Accessibility links

Сарапшылар ТМД елдерінде баспасөз бостандығына тұсау салынды деп санайды


Совет Одағының бұрынғы барлық республикасында баспасөз бостандығына деген қысым күшейіп келеді. Баспасөз құралдарының алдынан, мысалға, Әзірбайжандағы тәуелсіз ақпарат құралдарының алдынан көлденең шығып жатқан проблемалардың көбі Ресейдегі тәуелсіз басылымдар мен телеарналар душар болып жатқан проблемаларымен бірдей. Сәрсенбі күні Ресей мен Орта Азия және Кавказ елдеріндегі сөз бостандығы ахуалының нашарлауы мәселесін осы саланың белгілі 3 сарапшысы “Азаттық” Радиосының Вашингтондағы кеңсесінде болып өткен қоғамдық брифингте өзара талқылады.

Кристофер Уолкер (Christopher Walker) – бүкіл әлемдегі сөз бостандығын және жалпы еркіндік ахуалын зерттейтін, штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан үкіметтік емес “Бостандық үйі” ұйымының зерттеулер директоры болып табылады. “Азаттық” Радиосының Вашингтондағы кеңсесінде өткен қоғамдық брифингте ол басты назарды Әзірбайжандағы жағдайға аударды. Уолкердің айтуынша, Каспий жағалауында орналасқан осы елдің баспасөз құралдары алдында тұрған ең үлкен проблема – ол ақпарат алу болып отыр. Бұл пікірмен өзге сарапшылар да келіседі және ақпарат алу проблемасы Совет Одағының бұрынғы барлық республикасындағы баспасөзге тән зор проблема болып табылады.

“Тенденция” ақпарат агенттігі, “Зеркела” және тағы басқа газет Әзірбайжанда болып жатқан оқиғаларды жан-жақты сипаттап көрсетуге тырысады, бірақ ресми баспасөз-маслихаттарына жіберілмейді немесе елдегі саяси режимге қарайтын газеттердің қолы жететін ақпаратты ала алмайды”, - деді К.УОЛКЕР.

Алайда ақпарат алу мүмкіндігінің жоқтығы немесе ақпараттың жетіспеуі – проблемалардың басы ғана. Анығына келгенде, деп мәлімдейді Кристофер Уолкер, мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарына әлдеқайда кең бақылау орнатқан.

“Азаттық” Радиосының аймақтық сарапшысы Дэниел Киммэйдждің (Daniel Kimmage) пікірінше, Орта Азия елдеріндегі баспасөз құралдарының алдында да дәл осындай бөгеттер тұр. Бірақ, деп ескертеді Киммэйдж, осы аймақтағы 5 елдің әрқайсысындағы баспасөзді қоршаған орта бір-біріне тіпті ұқсамайды, бір-бірінен ерекшеледі.

“Қазақстан мен Түркіменстандағы ақпарат құралдарын қоршаған орталардың арасында орасан зор айырмашылығы бар. Олар – “еркін емес” деген категорияның басы мен аяғы болып табылады”, - дейді Д.КИММЭЙДЖ.

Дегенмен де, Дэниел Киммэйдждің атап көрсетуінше, тәуелсіз газеттер Қазақстанның негізгі қалаларынан табылып жатса, елдің өзге өңірлерінде жұртшылық ақпараттан айтарлықтай мұқтаждық көреді. Көрші Қырғызстандағы ақпарат құралдарының тағдыры өткен жылғы саяси төңкерістің кебін киді. Д.Киммэйдждің пікіріне сәйкес, бұқара халықтың 2005-інші жылдың наурыз айындағы төңкерісі нәтижесінде президент А.Ақаевтың режимі құлағаннан кейін баспасөз құралдары аз уақыт үлкен еркіндікке ие болды, бірақ еркіндік заманы ұзаққа бармады.

“Біз саяси және экономикалық реформалардың тоқырап тұрып қалғанын көрдік және бастапқы кездегі бұқаралық ақпарат құралдарын қоршаған еркіндік нығая қоймады. Міне соның салдарынан біз теледидардың қызметіне мемлекеттің килігуін қайта жалғастырғанын көрдік дер едім мен. Теледидарға қашанда болса байлық пен билік иелері үстемдік етеді, сол себепті де бұқара халық солардың беретін ақпаратын алады”, - деді Д.КИММЭЙДЖ.

Сонымен бірге, деп атап көрсетті Д.Киммэйдж, Тәжікстан баспасөзінің төңірегіндегі ахуал жайында ақпарат жетпей жатса, түркімен баспасөзі жайында олай айтуға келмейді.

“Осылайша біздің көріп отырғанымыз – шынында да Түркіменстанның баспасөз құралдары президент Сапармұрад Ниязовтың айнасы болып отыр. Міне, осылайша жергілікті баспасөздің істеп отырғаны, әлбетте, Түркіменстанның “Алтын ғасырындағы” ғажайып тіршілікті насихаттайды және баспасөз - саяси режимнің ішінде “үлкен лидердің” соңғы мәлімдемелеріне сәйкес болған оқиғалар, сондай-ақ – ақиқат жолынан тайғандар туралы азын-аулақ, тіпті шектеулі ғана хабар береді”, - деп атап көрсетеді Д.КИММЭЙДЖ.

Ал Өзбекстандағы баспасөз жайында не айтуға болады? Дэниел Киммэйдж өзбек елін Түркіменстанмен салыстырып қарастырады.

“Түркіменстан мен Өзбекстанның айырмашылығы, айталық, жеке басқа табынушылық құбылыстың әлдеқайда аздығында және өзбек баспасөзі ішкі кейбір кемшілікті аздап көрсетеді. Мысалға, Сіз өзбек газетін ашып қарайтын болсаңыз, жергілікті сыбайластық жемқорлықтың талай оқиғасын табасыз, Сіз экономикалық ауыртпалықтар туралы кейбір нәрсені көре аласыз. Бірақ мұның бәрі “Ұлы Өзбекстан” туралы үгіт-насихатпен ұштасып жатады. Өйткені, ресми үндеуге сәйкес – елдің “ұлы болашағы” бар”, - дйді Д.КИММЭЙДЖ.

Сөзінің қорытындысында Дэниел Киммэйдж Орта Азия елдері баспасөз құралдарын, негізінен, ақиқат та маңызды жаңалықтар мен ақпарат беру арқылы азаматтық қоғам құруға емес, керісінше, саяси бұрмалаушылықтар үшін пайдаланып отырғанын айтады. Оған қоса, Орта Азияға әлі айтарлықтай ықпалы бар Ресейдің ақпарат құралдары балама ақпарат таратады.

Алайда, Ресейдің өз ішіндегі істерге келгенде Ресей баспасөзінің өзіндік проблемалары жетіп артылады. Вашингтондағы Америка университетінің профессоры әрі Ресей саясаты туралы еңбектің авторы Роберт Орттунгтың (Robert Orttung) пікірінше, Совет Одағының бұрынғы басқа республикаларындағыдай, теледидарды мемлекеттік бақылауға алу – Ресей баспасөзінің де ең үлкен проблемасы болып табылады.

“Егер біз негізгі 3 желісін айтсақ – ол 1-інша арна немесе ОРТ, Ресей теледидары немесе РТР және НТВ – осылар Ресейдегі баспасөздің ең маңызды активтері және сол себепті де, әрине, олар мемлекеттік бақылаудың бірінші нысанасы... Орыстардың 79 пайызы өздерінің ең бастапқы ақпар-хабарын осы баспасөз құралдарынан алады. Демек, егер Сіз осыларға бақылау орнатсаңыз, бұқара халықтың саяси және экономикалық реформалар туралы не ойлайтынына жөн сілтей аласыз”, - дейді Р.ОРТТУНГ.

Әйтсе де, Роберт Орттунгтің айтуынша, Ресейде барлығы да осындай жағдайда емес. Мемлекеттің бұқаралық ақпарат құралдарына деген ықпалы мен бақылауының күшейе түсуіне қарамастан, Интернет желісі жедел дамып келе жатыр және Он-лайн үлгісіндегі тәуелсіз жаңалықтар жүйесі көбейіп барады. Алайда, деп ескертеді Роберт Орттунг, Ресейдегі 2007 және 2008-інші жылы өтетін сайлаудың жақындауына байланысты жергілікті жерлерде Интернетке шығудың тетіктерін орталыққа бағындыруға күш жұмсалып жатқаны байқалады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG