Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.06.2006 жыл


Сенбілік баспа беттері мамыр басындағы қос мереке – Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күніне баса мән береді. Одан бөлек, «асыраушысы шетелден табылған Қазақстан азаматтарының тағдыры», «жас таланттар сарайы төңірегіндегі дау-дамай» тақырыптары да журналистердің назарына ілігіпті.

Сенбілік газеттердің көпшілігі екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті мадақтайтын ұранды сөздермен ашылды. «Соғыс басталар алдында Кеңес Одағы бойынша қазақ халқының саны 3 миллион 250 мыңға жетіп еді» деп басталады тарихшы Тілеу Көлбаевтың «Жас Алаш» газетіне басылған ғылыми мақаласы. Ғалымның келтірген деректеріне қарағанда, соғыс қазақ жерде өтпесе де қазақтардың 12 пайызы - 350 мың азамат сол кезде құрбан болған. «Қазақ халқының соғыстағы шығыны осыншама көп болуының өзіндік себептері де жоқ емес. Біріншіден, Қазақстанда құрылған дивизиялар (мысалы, Панфилов дивизиясы) бірден майданның от-жалынына араласты. Мәскеу үшін арпалыста, Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі шайқаста, Ленинград қоршауында, Берлинді алуда қазақтардың ересен ерлік жасағанын бүкіл әлем біледі. Екіншіден, қазақ солдаттары соғысқа жеткілікті дайындықсыз барып, алғашқы жылдары көп қырылып кетті. Ал, қазақ халқынан талантты, іскер қолбасшылардың шығуы кездейсоқ құбылыс емес. Соғыстан бұрын-ақ қазақтың әскери дәстүрі, тәжірибесі қалыптасқан» деп жазады автор. «Қазақтардың соғыста көрсеткен ерліктері өз дәрежесінде бағаланды ма?» деген сұраққа ғалым «жеткілікті бағаланған жоқ» деп жауап береді. «И.В.Панфилов тірі кезінде Бауыржан Момышұлын Ленин орденімен марапаттауды ұсынған. Ал генерал Серебряков Баукеңе Кеңес Одағының батыры атағын беруді 5 машинкалық бет өтініш етіп толтырып, Жоғары Кеңеске жіберген-ді. Өкінішке қарай, бұл екі награда Баукеңе бұйырмады. Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтар да атақсыз қалып қойды. Олардың бейбіт өмір орнатуға сіңірген еңбегі мен ерлігі тарихтың биік тұғырынан орын алады. Жас ұрпақа бұл үлгі-өнеге, өсиет болғай» деп қорытындылайды мақала авторы Тілеу Көлбаев.

Қазақстанда 7 мамыр – Отан қорғаушы күні. «Бүгінгі таңда Қазақстан Қарулы Күштер солдаттары мен сержанттары штаттық санының 65 пайызы келісім-шарт қызметіндегі әскерилермен жасақталған» деген мәліметті Қорғаныс министрі, армия генералы Мұхтар Алтынбаев «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақаласында келтіреді. «Бірақ бұл бүкіл армия келісім-шартқа негізделеді деген сөз емес. Шамамен 10-15 пайызы бұрынғыдай мерзімді қызмет өткеретін болады. Әскер қатарына шақырылудың азайтылуы оларды сапалы іріктеуге мүмкіндік береді» деп жазады министр Мұхтар Алтынбаев.

Жеңістің 61 жылдығы қарсаңында Парламент Мәжілісі «Ардагерлер туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған құжат осыдан 3 жыл бұрын дайындалып, төменгі палатаның қарауына жіберілген еді, деп жазады «www.zona.kz» электронды басылымы. Қазақстанда «енді ғана өндіріске жіберілген бұл құжат ТМД елдерінің көпшілігінде бұрыннан бар. Дәл қазір Ұлы Отан соғысына қатысқандардың ең жасы сексенде» делінген бұл мақалада.

Аталған заңға қатысты өз пікірін ортаға салған тарихшы Ағзам Әубәкірұлының мақаласы «Жас Алаш» газетінде басылды. Автордың пікірінше, Қазақстандағы тыл еңбеккерлерінің жеңісті тездетуге қосқан ілесі өлшеусіз. «Жауға атылған әр он оқтың тоғызы Қазақстанда, негізінен бозым ұл-қыздардың қолымен жасалды. Ендеше оларды неге ардагерлер қатарына қоспасқа? Қосу керек. Сол әділетті болар еді» деп түйіндейді автор.

Тағы бір заңға қатысты мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. «Шетелдік азаматтар Қазақстаннан 5590 баланы асырап алған. Соңғы жылдары бұл мәселе өзекті тақырыптың біріне айналды. Осыған орай жуырда Үкіметтен Парламентке «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға және оны ратификациялау туралы» жаңа заң жобасы келіп түсті» делінген мақалада. Автор Айбатыр Сейтақтың келтірген мәліметі бойынша, АҚШ азаматтары Қазақстаннан 4813 бала асырап алған болса, Бельгияға 163, Ирландияға 98, Испанияға 74, Германияға 44 бала кеткен. Парламент қарауына өткен Конвенция асырап алынатын баланың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, балаларды ұрлауды, сатуды немесе оларды саудаға салуды болдырмау жағын қарастырады» деп жазады журналист Айбатыр Сейтақ.

Алматыдағы жас таланттар сарайы төңірегінде өрбіген дау-дамайға қатысты сұхбат «Казахстанская правда» газетінде жарық көрді. Ғимараттың жаңа құрылыс пайдасына сатылып кеткендігіне наразы болған жұртшылық талантты жастардың өз өнерін қайда барып шыңдайтындығына алаңдайды. Ғимараттың жаңа меншік иесі – «Альпари» компаниясының жоба жетекшісі Сергей Хван: «Бұл сарай не тарихи, не мәдени, не сәулет ескерткішке жатпайды. «Альпари» компаниясы бұл сарайды сатып алғанда, ғимарат өзінің атына сай қызметін атқаратын дәрежеде емес болатын» дейді. «Заң тұрғысынан келгенде, ғимарат толығымен «Альпари» компаниясының меншігіне өткен. Бұл жерге халықаралық талаптарға сай қонақ үй тұрғызылатын болады» делінген «Казахстанская правда» газетіне басылған сұхбатта.

AzattyqTV

Қырғызстан

Әзиздің арманы

XS
SM
MD
LG